Ғылыми ынтымақтастықтың көпірі: Қазақстан және Ресей
2016 жылдың 8 желтоқсанында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына 25 жыл толды. Ширек ғасыр шеңберінде бұл мемлекетаралық ұйым ғасырлар бойы достық, көршілік және туыстық қатынастармен байланысқан мемлекеттердің ынтымақтастық алаңына айналып отыр.
Осы мерейтойлық жылға орай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде 2016 ж. 9 желтоқсанда «Ресей мен Қазақстан арасындағы гуманитарлық ынтымақтастық» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Аталған ғылыми форумды ҚР ғылым және білім министрлігі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы, «Еуразия халықтарының достастығы» автономды коммерциялық емес ұйымы және Орынбор мемлекеттік университетінің Оңтүстік Орал тарих және этнография ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды.
Еуразиялық кеңістікте өзара байланыс жасау форматы мен ортақ стратегия жасауда ғылыми және сараптамалық қауымдастықтар маңызды рөлге ие. Конференцияға Алматы, Астана, Мәскеу, Орынбор, Ақтөбе және Парижден келген ғалымдар қатысты.
Алматыда өткен конференция Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы университеттері ғалымдарының тарих мен мәдениетті зерттеудегі өзара байланыстың маңыздылығына бағытталды. Конференция отырысында талқыланған мәселелер ТМД халықтары мәдени біртектілік пен ортақ тарихқа ие екендігін дәлелдеді. Осы бағытта XVIII ғасырдан бастау алып, XIX-XX ғғ. дамып, қазіргі күнге дейін жалғасын тауып отырған Орынбор аймағы мен Қазақстанның өзара тарихи байланыстылығы ерекше. «Еуразия халықтарының достастығы» автономды коммерциялық емес ұйымының басқарма төрағасы, Орынбор мемлекеттік университетінің Оңтүстік Орал тарих және этнография ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Веналий Амелин өз сөзінде конференция Қазақстанның бұрынғы астаналарының жетекші жоғарғы оқу орындары, сараптамалық қоғымдастықтары арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың дамуын айқын көрсетіп отырғандығын айтты.
Секция отырыстарында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың тарихы және қазіргі кездегі жағдайы сараланды. Оның дәлелі ретінде конференцияға ұсынылған баяндамаларды айтуға болады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі Сұлтанғалиева Гүлмира Салимжанқызы өз баяндамасында XIXғ. бірінші жартысында жергілікті және шекаралық басқарма қазақ шенеуніктерінің алғашқы саңлақтарын дайындаудағы Орынбор оқу орындарының рөлі жөнінде айтты. Орынбор ведомствосындағы қазақтарға арналған алғашқы оқу орны 37 қазақ азаматы оқыған Неплюев атындағы әскери училище (1844 ж. бастап кадет корпусы) болды. Одан кейінгі кезеңде Орынбор әкімшілігі үшін қазақ қызметкерлерін қазақ балаларына арналған мектептер дайындады. Осының барлығы жоғары білімді қазақ саңлақтарын дайындауға зор үлес қосты. Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Аманжолова Дина өз баяндамасында Кеңестік Қазақстанның қалыптасуындағы Орынбор рөлін ашып көрсетті. Орта Азияны ұлттық-территориалды межелеуге дейін жеткен астананың орналасуы жөніндегі пікірталастарға қарамастан, Орынборда басқарма орталықтары, өкілеттілікті жіктеу жүйесі болды, сонымен қатар, кеңестік мемлекеттіліктің құрылуына атсалысқан этносаяси элитаның белді мүшелері осында шоғарланды. Орынбор жерінде Қазақстанның болашағына қатысты көптеген шешімдер қабылданды.
Посткеңестік кеңістіктегі гуманитарлық ынтымақтастықтың маңыздылығы және Қазақстан мен Ресей ғалымдарының шығармашылық потенциалын біріктіру үрдісінің маңыздылығы жайлы Орынбор мемлекеттік университетінің мәдениеттану кафедрасының профессоры, Орынбор облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры Комлев Эдуард Юриевич баяндап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, Дүниежүзі тарихын зерттеу Республикалық ғылыми орталығының директоры Калкаман Жумагулов шетелдік, ресейлік әріптестерімен қатынасы жөнінде және өз зерттеулері жайлы тәжірибелерімен бөлісті.
Орынбор мемлекеттік аграрлық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Алимбаева Биганша XVIII– XIX ғғ. шекаралық Орынбор аймағындағы қазақ және орыс халықтарының өзара сауда қатынастарының қалыптасуы жайлы өз баяндамасында айтып өтті. Кең-байтақ Орынбор өңірін мекендеген халықтардың барлық саладағы бірлескен қызметі, баяндамашының айтуынша, өзара байланыс орнатуға зор ықпал етті.
Қазақ ұлттық білім академиясының академигі, профессор, тарих ғылымдарының докторы Мурат Абдировтың баяндамасы XVIII ғ. аяғы XIX ғ. басындағы түрлі әскери қақтығыстарға, соның ішінде 1812 ж. Отан соғысына және Шетелдік жорыққа қазақтардың орыс армиясы құрамында қатысуына арналды.
Орынбор мемлекеттік университетінің тарих және этнография ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Константин Моргунов баяндамасы соғыстан кейінгі күрделі кезеңдегі Орынбор қазақтарының этномәдени дамуына арналды.
XIX ғ. Батыс Қазақстандағы тұз өндіру кәсібінің дамуы жайлы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Куляш Джумагалиева баяндады.
Сонымен қатар конференцияда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің тарих, археология және этнология факультенінің деканы, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Хадиша Аубакирова және Түрік, осман, балқан және орталықазиялық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Гзавье Аллез өз зерттеулері жайлы және әлем елдерінің ғалымдарды арасындағы гуманитарлық және ғылыми диалогты арттыру қажеттілігі жайлы баяндап өтті.
Конференцияға қатысушылар екі ел қатынасының тарихи және қазіргі заманғы аспектілерін талдай отырып, өткен және бүгінгі күнгі оқиғаларға ортақ баға беріп, Ресей мен Қазақстанның ғылыми орталықтары арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа бағыттарын айқындады.