- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Халықаралық жарыстарда спортшыларды қолдаудың медициналық-биологиялық аспектілері»
«Халықаралық жарыстарда спортшыларды қолдаудың медициналық-биологиялық аспектілері»
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Халықаралық жарыстарды ұйымдастыру кезінде спортшыларды қолдаудың медициналық-биологиялық аспектілері» тақырыбында халықаралық конференция басталды.
Алғашқы болып ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Мырзабайұлы сөз сөйлеп, аталмыш шараның ҚазҰУ-да ұйымдастырылу маңыздылығын атап өтті.
ҚазҰУ проректоры өз сөзінде «Қазақ ұлттық университеті мұндай ауқымды халықаралық деңгейдегі шараны өткізіп жатқанына қуаныштымын. Кеше ғана ҚазҰУ-да Универсиада алауы жағылғанын білесіздер. Университет спорт саласында елімізде ғана емес, әлемдік аренада көш бастап келеді»,-деді.
Сондай-ақ, Мұхамбетқали Мырзабайұлы спортшыларды медициналық-биологиялық қолдаудың қажеттілігіне тоқталып, қазіргі кездегі рөлін алға тартты.
«Біздің университетте былтыр ғана медициналық факультет ашылған болатын. Осы тұрғыда біз медицина саласында мамандар дайындап жатырмыз. Бүгінде конференцияға спорттық медицина бойынша әлемдік жетекші ғалымдар мен мамандар, Универсиада-2017 ойындарына келген спортшылар қатысуда. Олар шеберлік сағат аясында теориялық және практикалық білімдерімен бөліседі» деді ол.
Келесі сөз кезегін FISU халықаралық спорт федерациясының медициналық комитеті төрағасы Дусан Хамар алып, ғылыми конференция турасында танымдық ой-пікірін білдірді.
Шараға Қазақ тағамтану Академиясының президенті Төрегелді Шармановт қатысып, пленарлық отырыс барысында баяндама жасады. Т.Шарманов спортшылар тамақтануындағы инновациялар, оның ішінде, бие сүтінің спортшыларға берер пайдасы жөнінде мардымды ақпараттар легін келтірді. Табиғи антибиотиктің спортшыларға күш-қуат беретін ерекше қасиетіне жекелей тоқталды. Сонымен қатар, қазіргі таңда Тағамтану академиясында бие сүтінен шоколад, балмұздақ әзірленіп жатқандығын тілге тиек етті. Атап өту керек, бұл өнімдердің құрамында басқа тәттілер тәрізді денсаулыққа зиянды заттар қосылмаған.
Онымен қоса, ҚР Денсаулық сақтау Министрлігі, Денсаулық Басқармасы, ҚР Олимпиада Ұлттық комитетінің өкілдері конференцияға белсенді ат салысты. ҚР Олимпиада Ұлттық комитетінің атқарушы директоры Серік Қасқабасов жалпы іс-шараның өзектілігіне тоқтала кетті. «Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада – 2017» медициналық қамтамасыз ету және допинг бақылау Департаментінің жетекшісі Рушангуль Аханова «Алматы қаласында 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада- 2017 өткізу кезіндегі медициналық қамтамасыз ету және допинг бақылау тақырыбында баяндама жасап, аталмыш тақырып төңірегінде ақпарат берді. Р. Аханова жарыстарда спортшыларды медициналық қолдау аспектілерін көрсетіп, Универсиада -2017 ойындарында қолдау көрсету шаралары барынша жүзеге асып жатқанын негізге келтірді. Ол «Универсиада қарсаңында медициналық қамтамасыз ету бойынша барлық мамандар семинар-тренингтер өтіп, медициналық көмек көрсетуден емтихан жүргізілді. Жарыс аясында жарақат алғандардың ем-домы үшін қала емханаларымен байланыс орнатылған, сондай-ақ, Алматы қаласының әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасына 40 жаңа көлік беріп отыр»,-деді.
Шара барысында спортшылардың шамадан тыс жаттығу жайы қозғалды. Оның салдары, қайта қалпына келу, сауықтыру шаралары жөнінде FISU халықаралық спорт федерациясының медициналық комитеті төрағасы Дусан Хамар баяндама жасады.Тақырып төңірегінде шетелдік доктор біршама мағлұмат бере кетті. Спорт комитеті тәжірибесімен бөліскен Д. Хамар баяндама өзіндік аспектілермен өзгешеленді.
Баспасөз қызметі