Қазақстан – Жапония: халықаралық ғылыми диалог
Қазақстан – Жапония: халықаралық ғылыми диалог
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жапонияға мемлекеттік іссапары екі елдің жан-жақты қарым-қатынасының бұрынғыдан да жандана түсуіне зор үлес қосты. Екі ел басшылары «Азияның өркендеуі дәуіріндегі ерекше стратегиялық әріптестік туралы» бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Күншығыс елі университеттерімен ғылыми, мәдени, білім саласындағы жүйелі байланыстары өз жалғасын тауып, нақты іс-шаралар негізінде көрініп келеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қиыр Шығыс кафедрасы 2017 жылдың 18-19 ақпанында Тошиба Халықаралық қорының (Жапония) демеушілігімен «Орталық Азиядағы жапонтану: бүгіні мен болашақтағы даму бағыттары» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.Конференция екі ел арасындағы ғылыми зерттеулер мен білім беру саласында түрлі шаралар өткізу, жас ғалымдардың жапон мәдениетіне, әдебиетіне, тіліне, тарихына, экономикасына қызығушылығын арттыруды жүзеге асыруға бағытталған.
Конференция бағдарламасында «Қазіргі жапонтану зерттеулерінің әдіснамалық аспектілері» және «Қазақстандағы жапонтанудың академиялық зерттеу нәтижелері» бағыттары бойынша секциялар жұмыс атқарды. Конференция жұмысы «Жапония мен жапон тілі» тақырыбы аясында жасалған еңбектердің, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің тілі, әдебиеті, мәдениетін зерттеуші жапон ғалымдарының ғылыми еңбектерінің нәтижелерімен танысуға арналды. Сондай-ақ, шарада жапон мәдениеті, әдебиеті, тілі, тарихы, экономикасы және т.б. салалар бойынша білім беру ісі мен ғылыми зерттеулерді дамыту, жетілдіру туралы ұсыныстар мен пікірлер айтылып, қатысушылар өз ойларын ортаға салды.
Конференцияға Қазақстандағы Жапония елшісінің кеңесшісі Иидзима Ясумаса, Хоккайдо университетінің славян зерттеу орталығының профессоры, «Алаш» тарихын зерттеуші ғалым Уяма Томохико, Цукуба университетінің профессоры Оно Масаки, Цукуба университетінің профессоры Руз Ванбэлен, Халықаралық Жапон Қорының «Қырғыз-жапон адам ресурстарын дамыту» орталығының сарапшысы Мунаката Минами, Жүсіп Баласағұни атындағы Қырғыз ұлттық университетінің оқытушысы Воробьева Г., Ташкент мемлекеттік шығыстану институтының оқытушысы Курбанова Г., Өзбекстан ұлттық әлем тілдері университетінің оқытушысы Турапова Н., Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушылары – Қуанышбек Ж. және Утеулиева Г., ҚР БҒМ ҒК Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Шаймарданова Н., Цукуба университетінің магистранттары мен докторантары, Қиыр Шығыс кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен жас ғалымдары қатысты.
Қиыр Шығыс кафедрасы