ҚазҰУ-да Халықаралық хинди тілінің күні өтті
31 наурызда ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде Үндістан Республикасының мемлекеттік тілі – Халықаралық хинди тілінің күнін атап өтті.
Арнайы шақырылған қонақтардан Қазақстандағы Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ашок Саджанхар, Үндістан Республикасының Елшілігі жанындағы Үнді мәдени орталығының директоры Винод Кумар, Алматы қаласындағы Үндістан Республикасының Бас консулы Ракеш Кумар Верма қатысты.
Оқу жұмысы жөніндегі проректор М.К. Орынханов Ашок Саджанхар мырзаның студенттерді қолдап, екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуда қосып жатқан үлесі үшін алғысын білдіріп, «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 75 жылдық» мерейтой медалін сыйлады.
Өз кезегінде Қазақстандағы Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі А. Саджанхар екі жақты мемлекеттің білім және ғылым саласын дамытуда қосып жатқан қазақстандық әріптестердің еңбегін жоғары бағалады. Сондай-ақ, Үндістан елшілігі әрқашан да әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды қолдайтындығын және үнді бөлімінде хинди тілін жетік меңгерген білікті мамандарды дайындап жатқандығын мәлімдеді.
Үндістан дүниежүзіндегі экзотикалық, таңғажайып мемлекеттердің бірі. Халықаралық тілдер – ағылшын, қытай және испан тілдерінен кейінгі төртінші орынды хинди тілі алып отыр. Өзіміз білетіндей, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан кейін Үндістан арасындағы достық қарым-қатынастары орнап, жылдан-жылға нығайып келеді. Осыған орай биыл тұңғыш рет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде үнді бөлімі өз жұмысын бастады.
Үндістан Елшілігі, Үндістан мәдениет орталығы және шығыстану факультеті арасында достық қарым-қатынастар нығайған. Үнді бөлімінің студенттеріне профессионалды білім алудың жаңа мүмкіндіктері туды. Сондай-ақ, үнді бөлімін техниканың соңғы үлгісі бойынша аудио-, видео- және телеаппаратурамен, оқу және әдеби шығармалармен жабдықтаған болатын.
Мәдени қарым-қатынастардың халықаралық кеңесі (ICCR) және Үндістан үкіметі жыл сайын қазақстандық студенттерге Үндістанның үздік университеттерінен 20 орын бөліп отырады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ақпараттық технологиялардың қазақ-үнді орталығы іске қосылған.
Бұл – Қазақстан мен Үндістан арасындағы жемісті қарым-қатынастардың дәлелі.
Үнді бөлімінің студенттері хинди тілінде ән шырқап, өлең оқып, ұлттық би мен Қазақстан және Үндістан елдерінің көктемгі мерекелері – Наурыз бен Холиге арналған слайд-шоумен кездесуді тәмамдады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі