Журналистика және коммуникация қысқы мектебі
Алматы облысы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық саябағында Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросы қолдауымен Бүкіләлемдік радио күніне арналған «Цифрлық сауаттылықтың жаңа мүмкіндіктері дата журналистика матрицасы ретінде» IV Халықаралық журналистика және коммуникация Қысқы мектебі өтті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті БҰҰ академиялық ықпал ету бағдарламасы Тұрақты дамудың 17 мақсаты аясында Бүкәлілемдік радио күнін атап өтуді дәстүрге айналдырды. Биыл алтыншы рет ЮНЕСКО деңгейінде аталған жаһандық шарада «Радио – бұл сіз» тақырыбы күн тәртібіне қойылды.
ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Бокова ханым Бүкіәлемдік радио күніне орай: «Бүгінде біз ақпарат алмасу және оған қолжетімдік тұрғысында шынайы революцияны, сондай-ақ түбегейлі өзгерістерді бастан кешірудеміз. Радио дәл осы қарқында дамып, бүгінгідей маңызға ие болған жоқ», – деді.
Қысқы мектептің ашылу салтанатында Алматы қаласы ЮНЕСКО Кластерлік бюросы директоры м.а. Андрей Шевелев, ҚР БҰҰ Ақпараттық Бюро басшысы Властимил Самек, Алматы қаласы ЮНЕСКО Кластерлік бюросы коммуникация және ақпарат мәселелері жөніндегі маманы Сергей Карпов арнайы қатысып, сөз сөйледі.
Осы шараға шақырылған қонақтар қатарында «Байтақ болашақ» РҚБ Президенті А. Әміртаев, «Сусамыр FM» қоғамдық радиосының атқарушы директоры А. Қалқанбекова, Бішкек гуманитарлық университеті журналистика және ақпараттық жүйелер факультетінің деканы, профессор А.Асанова, Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің орыс филологиясы және журналистика кафедрасының мегерушісі М. Мұқашева спикер ретінде қатысты.
«Әл-Фараби» студенттік радиосында дайындалған «Бүкіләлемдік радио күнінің басты хабарламасы», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ТРК «Радио – бұл Сіз. БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары» видеофильмінің, сонымен қатар Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты оқушыларының «100 кітап» аудиохрестоматиясының таныстырылымдары өтті.
Шараға Қазақстан, Қырғызстан жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер, магистранттар мен PhD докторанттар, онлайн медианың редакторлары мен республикалық және аймақтық БАҚ журналистері де қатысты.
IV Қысқы мектеп күндері Data Journalism саласындағы фактография, визуализация, трансформация салаларында семинар, шеберлік-сыныптары өтті. Қысқы медиа мектеп дәріскері, грузиялық журналист Б. Алиева: «Алматыдағы халықаралық журналистика қысқы мектебіне келгеніме қуаныштымын. Бұл шара университеттің тамаша дәстүріне айналуда. Мен оқыған дәрістен соң студенттер келіп: «Сіз менің журналистикадағы нағыз ұстазым болдыңыз!» дегенде қатты қуандым», – деп жазды әлеуметтік парақшасында.
Қысқы медиа мектеп аясында белгілі журналистер М. Бұхарбаев, Е.Кәпқызы, А.Қалқанбаева, Н.Қожабекова, О.Каплина, Н.Жанай, т.б. тренер-дәріскерлер семинарлар, шеберлік-сыныптарын жүргізді. Курс соңында қатысушыларға 36 сағат көлемінде біліктілікті арттыру жөніндегі куәлік пен арнайы дипломдар табыс етілді.
Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы