Қайраткер, бес аспабы заманға сай
Қайраткер, бес аспабы заманға сай
Қазақстанның білім мен ғылымындағы осы бір көрнекті тұлғаны, кеңістіктегі жарық жұлдыздардың бірі емес, бірегейі Ғалымқайыр Мұтанұлын біздер өте жақсы білеміз. Бүгін ол алпыстың асқарына шығып отырса, саналы өмірінің қырық жылға жуығы тек жоғары білім мектебінде өтіп жатыр. Осы мектепке біз де қызметімізді арнадық. Ғалымқайыр інімізбен әріптес болдық. Оның істеген ісін, алған тамаша асуларын көріп, оны дарын иесі екенін жақсы біліп жүрміз.
Ең алдымен, Ғалымқайыр терең білім иесі. Баянды білім алуға үлкен табандылық көрсеткен азамат. Оның айғағы – Мәскеу мен Алматыдағы беделді жоғары оқу орындарында үздік оқып, мамандық алуы. Оның айғағы – өз мамандығының қыры мен сырына терең үңіле біліп, ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежесіне көтеріле білуі.
Осының арқасында ол жоғары мектептерде майталман ұстаз, шебер ұйымдастырушы, білікті басшы бола білді. Оның Рудныйдағы политехникалық институтында, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ұстаздық, басшылық қызметтерінде жоғары айтылған іскерлік пен біліктіліктің айқын іздері бар.
Еліміздегі көшбасшы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры ретінде оның біліктілігі, қайраткерлік қабілеті осы университетті бүкіл әлемдегі мыңдаған университеттердің алдыңғы тобына, дәлірек айтсақ алғашқы 250 жоғары мектептің қатарына көтере білді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстаздары, ғалымдары және ректорының бұл еңбектері біздерді жаһандық бәсекеде өз жоғары орнымызды алуға бет алғанымызды айқын көрсетіп отыр. Қуанарлық жағдай. Бұрынғы 15 советтер республикасының ішінде осындай толағай табысқа Мәскеудегі М. Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жетуі білім кеңістігіндегі тарихи оқиға, біздегі басқа жоғары оқу орындарына керек озық үлгі дей аламыз.
Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, оның ректоры Ғалымқайыр Мұтанов бүкіл әлемдік білім кеңістігінде жақсы танылып, осы саладағы ауқымы кең халықаралық шараларды өткізуге мұрындық болып отырғанын көреміз.
Ғалымқайыр Мұтанов жаңашыл, жаңаша дамуға, инновацияның тиімділігін тануға ерекше қырағылық көрсете білетін азамат. Өте тиімді жаңашыл тәсілдерін Солтүстік Қазақстан университетінде енгізе біліп, оны Елбасы көріп қолдады. Шығыс Қазақстан университетінде оның ғалымдары мен ректоры жасап ұйымдастырған технологиялық көрме екі президентті – В.В. Путин мен Н.Ә. Назарбаевты басқа іс-жоспарын шегеріп, тек қана осы көрмемен танысуға ынталандырып еді.
Осы жаңашылдығы оны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі жоғарыда айтылған жетістіктерінің негізі болды.
Жаны жайдары, қарапайым, зор парасат иесі осы ініміз бүгін 60-қа шығып отыр. «Алпыс – талтүс» деген аталарымыз. Алдағы ұзақ өмір бұрынғыдан да мазмұнды болып, қайраткерлік қабілеті шындала берсін.
Кенжеғали Сағадиев,
академик
3 ақпан 2017 ж.