Еңбек жемісі мен жеңісіне ұмтылған тұлға

26 наурыз, 2017

Еңбек жемісі мен жеңісіне ұмтылған тұлға

  Күнде жұмысқа келген сайын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қалашығы кіреберісінде жаңадан бой көтерген студенттер мен түлектердің «Мәңгілік ел» атты Салтанат қақпасына сүйсіне қараймын. Ол – Ұлт көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев ұсынған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының ҚазҰУ қалашы­ғындағы жаңа сәулет кешенінің маңызды бөлігі ретінде жүзеге асқанының көрінісі. Салтанатты қақпа – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғ. Мұтановтың бастамасымен, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Алматы қаласының 1000 жылдығына және ҚазҰУ-дың жоғары халықаралық деңгейдегі жетістіктерге қол жеткізуіне орай университет түлектерінің ерікті түрде қаржылай қолдауымен салынған болатын. Бұл біртұтас сәулет кешенінің алдыңғы бөлігі ғана, ал сәулет кешенінің құрамдас композицияларына Салтанатты қақпа, әл-Фараби ескерткіші, «Темірқазық» монументі және «Тайқазан» су бұрқағы орналасқан алаң енеді. Жалпы университеттің орталық аллеясы «ғылым жолы өткен күннен болашаққа қарай» дегендей тақырыпта жобаланған. Мұның символдық мәні бар. Себебі болашаққа жол – бұл біздің университетіміздің мақсатты да нәтижелі түрде дамып келе жатқан негізгі бағыты.

Өмірде кездейсоқтықтың аз болмайтынына тағы да көз жет­кіздім. Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов біздің университеттің басшылығына келген жылы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының басшысы болып сайландым. Зымыраған уақыт-ай десей-ші!.. Міне, содан бері 7 жылдан астам уақыттың өтіп кеткеніне де сенгің келмейді. Көптеген істер, жетістіктер, қиындықтар, шешімін тапқан және таппаған мәселелер, көңіл құлазыған сәттер мен зор жеңістер осы жылдар еншісіне тиесілі. Бүгінгі таңда әр белесте із қалдырған олардың қай-қайсысы да еске алуға тұрарлық.

Әрине, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қашанда да Қазақстандағы жоғары білім беру саласының көшбасшысы болды және бола береді де. Бірақ іскер де өр мінезді жаңа ректордың келуімен, біз халықаралық рейтингтердің тізіміне батыл ендік, біздің жетіс­тіктерімізді жақын шетелдегі көршілеріміз ғана емес, сонымен қатар бірнеше ғасырлық тарихы бар университеттер де талқылай бастады. ҚазҰУ делегациясының 500 жылдан астам тарихы бар Стамбул университетіне жасаған сапары кезінде ҚазҰУ-дың 5 жылда QS рейтингінде 700-орыннан 236-орынға көтерілгенін естігенде, аталмыш оқу ордасының ректоры өз таңданысын жасыра алмады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстан ЖОО-ның арасында Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпалдастық» бағдарламасына қабылданған жалғыз оқу орны. Танымал «Great Value Colleges» Халықаралық ұйымының зерттеу нәтижесі бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ рейтинг бойынша 31-орынды иеленіп, әлемнің 50 озық технологиялық университеттері қатарына кірген. ҚазҰУ – бұл рейтингке қатысушы ТМД, Шығыс және Орталық Еуропа елдері арасындағы жалғыз қазақстандық жоғары оқу орны. Университеттің осынау биіктікке Сингапур, Жапония секілді елдермен бүкіл Азия құрлығы атынан көтерілуі көңіл қуантары сөзсіз! Бұл жетістіктер, ең алдымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғ. Мұтановтың есімімен тығыз байланысты. Әрине, бұл жерде басшылықпен бірлесе еңбек еткен университет ұжымының белсенді қызметін де жоққа шығаруға болмайды.  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қызметкердің жұмысын әділ бағалау принципі жүзеге асырылып келеді. Рейтинг жүйесі бойынша әрбір қызметкер атқарған жұмыстарының нәтижесі негізінде марапатталады. Бұл бастаманың да авторы – біздің ректор. 

Ғалымқайыр Мұтанов университеттің құрылымдық бөлімдері қызметкерлерінің пайдалы еңбек коэффициенті негізінде еңбекақы төлеудің тиімділігін арттыру мақсатында еңбекақыны ынталандыра төлеу туралы ережені бекітті. Бірақ бұл жаңашыл бастамалар бірден қолдауға ие болған жоқ. Ескі әдіспен жұмыс істеуді, яғни нәтижеге бағытталған емес, өткен жетістіктерге көңіл бөле отырып жұмыс жасауды қолдаушылар да болды. Бірақ уақыт төреші біздің ректор таңдаған жолдың дұрыс екенін көрсетті. Сонымен бүгінгі таңда «рейтинг», «индикативті жоспар», «импакт-фактор» деген ұғымдар ҚазҰУ-дың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.

Ғ. Мұтановтың басшылыққа келуімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Al-Farabi university – smart city», «Айналаңды нұрландыр!», Студент жастардың «Мен жастарға сенемін!» патриоттық фестивалі, «100 кітап» және тағы басқа инновациялық әлеуметтік жобалары қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Университет ұжымы ашық басқару жүйесін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік серіктестік негі­зінде қоғамдық және кәсіби бірлестіктердің университеттің басқару ісіне қатысуын кеңейтуде.

Университеттер қашанда жастарға білім берумен қатар, елдің болашақ азаматтарына терең рухани және жаңа құндылықты бағдарлы тәрбие беріп келген. Бұл аса маңызды әлеуметтік міндет қазіргі таңда да сақталынып отыр. Әл-Фараби айтқандай, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.Мұтанов осы қағидатты үнемі қайталай отырып, адамзат өркениеті әр адам бойындағы ақыл-парасаттың арқасында сақталады дейді. Сондықтан ректор атап өткендей, университеттер тек қана жоғары білікті мамандар дайындайтын орталық қана емес, сонымен қатар қайырымды қоғамның болашақ тұрғындарын тәрбиелейтін орта болуы қажет. Осы мәселені шешу барысында ұлы ойшыл әл-Фара­бидің атындағы біздің университет «Al-Farabi university – smart city» ғылыми-инновациялық жобасын жасауға кірісті. Бұл жобаның негізін әл-Фарабидың қайырымды қоғам идеясы құрайды, ал оны жүзеге асырушылар мен жалғастырушылар студенттер болып саналады.

Университетте білім беру үдерісін толыққанды жаңартпалы түрде жетілдіру арқылы жүзеге асқан, әлемнің жетекші университеттерінің бағдарламаларымен сәйкес келетін бірегей білім бағдарламалары іске асырылып жатыр. Білім мен ғылымды интеграциялау аясында, әлемдік деңгейдегі Hewlett-Packard, Microsoft, Cisco, Koniсa Minolta, Fujitsu, Samsung және т.б. компаниялардың оқу-ғылыми орталықтары мен лабораториялары құрылған. Қазақстанда алғаш рет университет базасында халықаралық студенттік UNIFORM жобасын жүзеге асыру аясында Токио университетімен бірлесе отырып ғылыми-технологиялық «Аль-Фараби-1» және «Аль-Фараби-2» наноспутниктері құрастырылып жинақталды. Әрине, бұл жетістіктер әлемдік ғылыми қауымдастықтың назарынан тыс қалған жоқ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов математикалық модельдеу мен техникалық әлеуметтік-экономикалық жүйелерді басқару саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін ғылым мен технология саласындағы ISESCO сыйлығының иегері атанды. Менің ойымша, ректордың мұндай іс-әрекеті біздің студенттер үшін әрі өнеге, әрі үлгі. Өйткені, олар әкімшілік қызметте жүрсе де, ғылымнан қол үзбеген, шығармашылыққа да, студент жастармен кездесуге де уақыт табатын жан-жақты қайраткерді көреді. Ғ.М. Мұтанов он шақты халықаралық академиялардың академигі, 400-ден астам ғылыми жарияланымның авторы, соның ішінде АҚШ, Чехия, Швеция, Германия, Швейцарияда жарық көрген 20-ға жуық монография­­сы, оқу құралдары, әлеуметтік-эконо­­ми­калық, техникалық процес­тер мен жүйелерді басқару сала­сындағы оқу құралдары, әдістемелік нұсқаулар бар, 40 патент пен жаңалық­тардың авторы.

Университетте түрлі спорт түрлері қарқынды даму үстінде. Ғалымқайыр Мұтанұлының өзі де шаңғы, велосипед, күрес сияқ­ты спорт түрлерінің белсенді қолдаушысы. Оның Қысқы универсиада ойындарында эстафетаның факел алып жүрушісі болуы кездейсоқтық емес. Сонымен қатар ректор өлең де жазады. Терең мағынаға ие бұл өміршең өлеңдерге әндер де жазылып жатыр. Ғалым Мұтанұлы өлеңдерінде лиризм мен азаматтық, махаббат пен философия бірлік тауып, өмірдің сан алуан көрінісі бейнеленеді. Мысалы:

 

Келген соң жарық дүниеге,

Өмірдің бір болар мәні.

Дүниені бұдан да жарық етіп,

Нұрландырсаң айналаңды! –

 

деген жолдарда терең философиялық ой, азаматтық мән жатыр.

Қоғамдық ұйымды басқарушы ретінде, мен ең бірінші басшының әлеуметтік мәселелерді қалай шешіп жатқанына көңіл бөлемін. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік саясаттағы басым бағыты – адам капиталын дамыту. Кез келген университетте: Ыстықкөл жағасындағы спорт-сауықтыру лагері, 1537 орынға арналған Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, спорт кешені, Студенттерге қызмет көрсету орталығы, Медициналық орталық, ғылыми кітапхана секілді осыншама әлеуметтік нысандарды кездестірмейміз. Бұл әлеуметтік нысандардың бәрі универ­ситеттің қызметкерлері мен студенттері үшін жұмыс істейді.

«Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы – ректордың ең сүйікті жобаларының бірі, бұл ҚазҰУ кампусындағы бір бөлек қалашық. Бұрынғы кеңес мемлекеттері арасында мұндай студенттерге арналған орталық алғаш рет бізде ғана ашылып отыр. Мұндай кешендер тек Франция мен Германияның универ­ситеттерінде кездеседі. 7300 шаршы метр аумақты алып жатқан студенттерге қызмет көрсету орталығында 5 сектор бар. Олардың ішінде ең бастысы, әрине – оқу секторы. Бұл жерде оқу үдерісінің мүлтіксіз жүруіне жауап беретін және студентті бірінші курстан соңғы курсқа дейін алып баратын офис-регистраторлар орналасқан. Бухгалтерия, төлқұжат үстелі, тәжірибе мен жұмысқа орналасу бойынша кеңес алу, сондай-ақ кез келген қажетті ақпаратты студент бұл жерде өте қысқа мерзімде ала алады. Заманауи құрылғылармен жабдықталған диагностикалық медицина орталығында да кез келген студент анализ тапсырып, ЭКГ, УДЗ тексерулерінен өтіп, дәрігер кеңесін алуға болады.

Ғалымқайыр Мұтанұлы құрылысын жіті қадағалаған 500 орын­дық «Жас ғалымдар үйі» өз тұрғындарын қабылдады. Оның аумағы – 4,5 мың шаршы метр. Бұл – Қазақстандағы докторанттар мен магистранттар тұруына арналған бірінші кешен. Осы әлеуметтік маңызды нысанды салу үшін мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде инвестициялар тартылды.

Студенттер мен оқытушыларды механика-математика, физика-техника факультеттерінің жаңа оқу ғимараттары қуантып жатыр.

ҚазҰУ-дың ғылыми кітапханасы – студенттердің, магистрант­тардың, оқытушы-профессорлар құрамының, оқу – қосалқы қыз­мет­­керлерінің мәдени және рухани орталығы болып табылады. Ғылыми кітапхана қорында оқу құралдары, монографиялар, клас­сикалық, көркем әдебиет, ХVI–ХIХ ғасырдың сирек кітаптары мен қолжазбалар, 250 мың дана мерзімді басылым жинақталған. Бүгінгі таңда ҚазҰУ-дың ғылыми кітапханасы Қазақстанның ең көне кітапханасы және ҚР-дағы ЖОО-дағы ең ірі кітапханалардың бірі болып саналады. Жаңа, көркем ғимараттағы кітапхананың пайдалануға берілуі тікелей Ғалымқайыр Мұтанұлының арқасында болып отыр.

Университет қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі үлестік құрылыс негізінде шешімін тауып, «Ақкент» тұрғын үй кешенінде 118 қызметкер үй алды, онда 1 шаршы метр бағасы 350 АҚШ долларын құрады. Университеттің қолдауымен 7 адам ипотекалық несиелеуді университет қызметкері ретінде жеңілдікпен алды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу озаттарына, жетім, мүмкін­дігі шектеулі немесе ата-аналарының мүмкіндігі шектеулі студенттерге, ата-аналары ҚазҰУ қызметкерлері болып табылатын студенттерге, ҚазҰУ қызметкерлері болып табылатын магистрант­тарға оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер жасалған. Осыдан-ақ рек­тордың адамдарға, олардың қызмет ету жағдайы мен өміріне деген қамқор­лығы анық байқалады. 

Университетте жұмыс орнын қысқарту деген атымен жоқ. Керісінше үнемі жаңа жұмыс орындары пайда болуда. Мәселен химия, механика-математика, физика-техникалық факультеттердің жаңа оқу ғимараттары, СҚО, ғылыми кітапхана, диагностикалық орталық, жүзу бассейні пайдалануға беріліп, жаңадан 270 жұмыс орны пайда болды. Университеттің әлеуметтік саладағы барлық жетістіктері университет ректорының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Әрине, қасиетті жеті санымен белгіленетін шежірелі жыл­дардың әр сәтін еске алғанда, тек жеткен жетістіктер мен нәтижелі істер ойға оралады. Бірақ алдымен ойға оралар сол бір жағдайларды айтумен, академик Ғ.М. Мұтанов болмысы толық ашылмаған болар еді. Жетістіктер, нәтижелер, жеңістермен қатар осынау жылдарда сирек те болса, қиналған, кінәсіз кінәлі болған тұстар кездесіп қалып отырды. Азамат тұлғаның қиындықтарды жеңе білуге деген ұмтылысы, жігері мен табандылығы, шындықты тірек еткен күрес тәсілдері ауыртпалықты қайыспай көтеріп, қайсар мінез танытқан адамның адамдық қасиеттерін тануға мол мүмкіндіктер береді. Осындайда артта қалған көптеген тексерулер, жазылған арыз-шағымдар, тырнақ астынан кір іздеулер ойға оралады. Мұндай жағдайларда мен үнемі ескі шығыс даналығын есіме аламын: «ит үреді, керуен көшеді»...

Көшін заманауи талаптарға сай түзей алған біздің «керуен» – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – тек қана әлемдік деңгейдегі оқу орны ғана емес, ғылыми-зерттеу, оқу-тәрбие, эксперттік әлеуметтік белсенділіктің, ең керемет идеяларды жүзеге асырушы және әлемдік қауымдастықпен білім мен ғылым саласындағы теориялық және тәжірибелік жетістіктерімен бөлісуші орталық. Осындай озық оқу орнын Қазақстан атты Отанын шексіз сүйген азамат, әлемге әйгілі ғалым, академик Ғ.М. Мұтанов сынды елге сыйлы тұлға басқарып отыр. 60 жас – бұл шығармашылық және адамгершілік толысу кезі. Ғалымқайыр Мұтанұлының негізгі жетістіктері әлі алда! Сол бір жемісті де, жеңісті де жетістіктердің міндетті түрде біздің университетпен байланысты боларына деген сенімім мол.

 

                                                                                                                                                                                                               Талғат Мекебаев,

                                                                                                                                                                   әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің

                                                                                                                                                                    «Парасат» кәсіподағы төрағасы