ШЫҒАР ШЫҢЫ БАР АЗАМАТ
Еліміздегі білім және ғылым саласының өркендеуіне үлес қосып келе жатқан азаматтардың бірі Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановтың есімі республика жұртшылығына жақсы таныс.
Кандидаттық та, докторлық та диссертациясын Мәскеуде қорғаған қазақ сирек. Ғалымқайыр сол сиректерден. Әсіресе оның облыстық деңгейде қалып қойған Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалып, аталған оқу орнын республикадағы маңдайалды мекемеге айналдыруы талай адамды тамсандырды. 2002 жылы Ғалымқайыр інімнің Петропавлдан Астанаға Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалғаны есімде. Мен ол кезде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры едім. Сол кездегі Білім және ғылым министрі, шәкіртім Қырымбек Көшербаевпен бірге ағалы-інідей болып абыройлы қызмет атқардық. Содан бері Ғалымқайырдың әрбір қадамын сырттай бақылап, сүйсініп отырамын. Шығыстағы университеттің де шырайын кіргізіп, шамшырағын жарқыратқаны елдің аузында жүр. Соңғы жеті жылдың бедерінде Ғалымқайыр қазақтың білімі мен ғылымының қарашаңырағы, бәріміздің де алтын бесік, ақ ордамыз КазГУ-ды жақсы басқарып келеді. Университеттің соңғы жылдары беделі де, даңқы да асуда. Ғалымқайыр бүгінде еліміздегі білім мен ғылым саласының жетекші басшыларының бірі.
Өзім де бірнеше оқу орнында ректор болып қызмет жасаған адаммын. Кей оқу орны басшыларының ректор деген құрметті атқа сәйкес келмей тұратыны бар. Біздің қоғам қай кезде де қайраткер ректорларға зәру болып келеді. Менің Ғалымқайыр інім осы соңғылардың сапынан.
Ғалымқайыр інімнің қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін басқарып отыруы жүрегіме ерекше жылылық ұялатады. Менің студент шағымда қазақтың маңдайына біткен жалғыз университет осы КазГУ еді. Университет туралы елдің, ұлттың, жалпы халықтың түсінігінде керемет бір ұлылық, ғажап бір бекзаттық болатын. Жаратқанның күнінен кейінгі бір жарық осы түсініктен, осы университет туралы ұғымнан таралатын.
Біздің КазГУ-ды бітіргелі не заман. Енді қарасам, университетте сол кездің өзінде күн көзіндей жарық бар екен, сол кездің өзінде телегей-теңіз білім бар екен. 1960 жылы оқуды бітірген соң, мен университеттің филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасында ассистент болып еңбек жолымды бастап, 1964–1967 жылдары осы кафедраның аспирантурасында оқыдым. Университет қабырғасында үздіксіз он жеті жыл қызмет істедім: ассистент, аға оқытушы, доцент, соңғы төрт жыл филология факультетінің деканы болдым. Оқытушы-педагог, әдебиетші ғалым ретінде осы жылдары қалыптастым.
Жастық, жігіттік дәуренім осы университеттің аудиториясында қалды. Университеттен бақыт таптым, университеттің берген білімі, тәрбиесі, білгендерім мен көргендерім, көңіліме тоқығандарым бүкіл кейінгі өмірімнің игілігіне негіз болды.
Унверситеттен алған қазына-байлығым сол қызметте де көкірегімде жанған шырақ секілді ел игілігі үшін аянбай еңбек етуге құлшындырып отырды. Өмірлік жолымда ұлттық университеттің, ондағы ғұлама ұстаздардың, ардақты ағаларымның берген тәлімі әр кез өзіммен бірге жүрді, әлі де бірге. Қазақ ұлттық университетінің мен үшін аса ыстық, ардақты болуының бір сыры осындай.
Әлі есімде. Оқуды бітіретін жыл. Драматургия мәселелері бойынша дипломдық жұмысымды жазып аяқтап қалғанмын. Сол тұста Қазақстан Жазушылар одағының қазақ драматургиясы туралы пленумы болды. Көкейімде пісіп-жетілген мәселелер де бар. Әсіресе, Ғабит Мүсіреповтің бір автормен бірге сахнаға шығарған «Сен қайтер едің» дейтін драмалық шығармасына көңілім толмайтын. Ғабеңнің атын сол шығармаға мен тіпті қимайтынмын. Пленумда сөз алып, осы бағыттағы ойларымды бетің бар, жүзің бар демей, айтып салдым. Пленумнан кейін Мұхаң мені шақырып алды. Жазушылар одағының бірінші хатшысының кабинеті. Жай-жағдайымды сұрап алып, университетте ұстаздық қызметте қалуым қажеттігі туралы ұсынысын айтты: «Мәскенге де айтамын, Дарқанбаевқа да айтамын», – деп бар мәселені өзі шешіп қойды. Мәскен – Мәскура Ғайсақызы Сармурзина, кафедра меңгерушісі. Темірбай Байбосынұлы Дарқанбаев – университеттің ректоры. Асыл Мұхаңның арқасында мен сөйтіп университетте оқытушы болып қалдым.
Университеттің М. Әуезов, Н. Сауранбаев, І. Кеңесбаев, Е. Ысмайылов, М. Қаратаев, М. Балақаев, Б. Кенжебаев, Т. Нұртазин, М. Ғабдуллин, З. Қабдолов лекция оқыған аудиториясында кейінірек мен де лекция оқыдым. Әр сабағымның мазмұны мен мағынасын осы ұстаздарымның дәрістерімен салыстырып, таразыладым. Өзім де соларға ұқсап бағуға тырыстым. Шыны сол, менің әдебиетші болып жүруімнің, ғылымға қол созуымның өзі сол ағаларымның арқасы деп ойлаймын.
Шынын айту керек, университеттен алған үлгі мен өнеге, білім мен білік күні бүгін де ел игілігіне жарауда. Тұтас елді біріктіретін ұлттық сананы қалыптастыру үшін, ұлт тарихындағы ұлы мәдени мұраларымыздың рухын ұрпақ санасында тірілтуіміз керек. Мен осы ойды айтудан жалыққан емеспін, әлім келгенше іс жүзіне асырудан шаршаған емеспін. Бұл жеке адамдардың ғана ісі сияқты болып қалмай, елдегі барлық университеттердің білім, тәрбие беру қызметінің алтын арқауындай болуы қажет. Әсіресе, ежелгі әдебиет туралы ғылыми ойлар мен қағидалардың отаны Қазақ ұлттық университетінен күтеріміз көп.
Туған университетімнен тыс жерлерде еңбек етіп жүргеніме қырық жылдан астам уақыт болыпты. Сонша жылдар өтсе де, Қазақ ұлттық университеті дегенде, көңілім толқиды. Өмірімнің ең бір қимас шақтары өткен қасиетті аудиторияларды еске аламын, аяулы ұстаздарымды көз алдыма елестетемін. Университет туралы жақсы сөз естісем, көңілім өседі, нұрым тасиды.
КазГУ-ды Одақтағы ең озық оқу орнының қатарына шығарған Өмірбек Арысланұлы ағамыз да қазақ жоғары мектебінің бағына біткен асыл азамат еді. Университет қалашығы құрылысының бірінші кезегін абыроймен аяқтады. Өмекең ректор болған жылдары (1970–1986) университет өз қызметінің барлық салалары бойынша қарыштап дамыды. Кейінгі ректорлары да оның өсуіне, өркендеуіне зор еңбек сіңірді.
Бүгінде туған университетімнің көп жетістіктерін біле бермеймін. Жақында көрдім: әлемнің таңдаулы бес жүз университетінің рейтингі жарияланыпты. Кімдер барын білмек оймен қарап шықтым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сол таңдаулы бес жүздің бел ортасынан орын алыпты. Бұл аз көрсеткіш емес. Мұның бәрі университеттің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлының интеллектуалдық әлеуетінің, оқытушы-профессорлары мен ғылыми қызметкерлерінің білімі мен біліктілігінің, кәсіби компетенциясының нәтижесі екені анық. Мен мұны университеттің өзі үшін де, басқа жоғары оқу орындары үшін де баға жетпес құнды, айрықша байлығы деп білемін.
1995 жылы Иранда Елші қызметінде жүргенімде сол елдегі ұлттық Мәжіліс кітапханасынан, Тегеран университетінің кітапханасынан әл-Фарабидың 13 қолжазбасын тауып, елге алып келіп, өзімнің алтын бесігім КазГУ-дың кітапханасына тапсырған едім. Бұл жайында «Егемен Қазақстанның» арнайы жазғаны да жадымда.
Кей кездері қызметтің шіркіннің өзінің адамды тосырқап тұратыны болады. Ал Ғалымқайыр ініме ректор деген ат әбден жарасады. Мен өзім де қарапайым оқытушыдан декан, ректор, министр дәрежесіне дейінгі қызмет баспалдақтарынан өттім. «Қара қылды қақ жарып отырсаң да, кетеді біреу мақтап, біреу даттап» деп данышпан Төле би айтқандай, жалпы халықпен жұмыс жасау, оның көкейіндегісін айтқызбай табу қай кезде де оңай болған емес. Артында қалдырған ізі, алдында шығар шыңы бар Ғалымқайыр інім де кешегі Өмірбек Арысланұлы салып берген сара жолмен КазГУ-ды бұдан да биік асқарларға жетелей береді деген үміттемін.
«Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» деп данышпан Абай айтқандай, Ғалымқайыр інім де бүгінде алпыстың асқарына шығып қалған екен. Қазақты «Алпыс – тал түс» дейтін де сөз бар. Сондықтан әлі де алар асуларың мен бағындырар белестерің көп болсын, шырағым Ғалымқайыр, ел-жұртың, әулетің, жақын-жуығың аман болсын. Жағың түспей жамандық көрме. Абырой жолдас болсын!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор