Айналасы нұрланған ректор
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының қызметіне баға беру оңай емес. Өйткені, сонау 1934 жылдан бастап, қазақ жоғарғы білімінің ту ұстаушысы және көш бастаушысы болып есептелетін бұл университетттің жұмыс жасау бағыты сан-салалы, сондықтан да аса күрделі. Ал оның құлағында отырған ректор осының бәріне бағыт беріп, жетекшілік жасауы үшін осы қиын да қызықты университеттік өмірдің қазанында ұжыммен бірге біте қайнап, қатар қарыштай адымдап, зиялы қауым ортасында биік деңгейден көрініп, университеттік ахуалға өзін басшы ретінде ғана емес, білікті ғалым, білім беру ісінің көрнекті қайраткері ретінде де мойындатуы керек. Осы талап тұрғысынан қарағанда аталмыш университетке ректор болып тағайындалғандардың қай-қайсысы да, ең алдымен, мемлекеттік жүйедегі ең жоғарғы чиновниктік талғам сүзгісінен өткен, ел басшыларының, ал тәуелсіздік тұсында Елбасымыздың игі батасын алып, аманатын арқалаған тұлғалы да жоталы азаматтар болып табылады. Сондықтан да болар, кезінде Ұлттық университетіміздің туын ұстаған ректорлардың әрқайсысының өзіндік қолтаңбасы, соны да сындарлы іздері ҚазҰУ тарихында сайрап жатыр. Олардың елеулі де сан қырлы қызметі университеттің жылнама тарихында сондықтан да қайта-қайта үздіксіз жаңартылып жазылып, тағылымды естеліктер түрінде айтылып келе жатыр және бұл үдеріс әрине, алда да өзінің қисынды жалғасын таба беретін болады.
Ал енді осы, университет ректорларының сабақтастық тарихына мән беріп, оның бүгінгі тыныс-тіршілігін әңгімелер болсақ, университетіміздің бүгінгі ректоры академик Ғалымқайыр Мұтанұлы туралы арнайы әңгіме айтуға тура келетіні де айдан анық.Өйткені бұл тұлға бұрынғылардың аманатын арқалаушы, армандарын жүзеге асырушы ғана емес, бұрынғы ректорлардың ауқымды бастамаларын жалғастырушы ғана емес, ол тәуелсіздіктің ширек ғасыры туғызған бүкіл болмысы соған байланысты түбірінен өзгерген, енді бұрынғыдай одақтық немесе республикалық деңгейде ғана танылып қоймай, әлемдік білім мен ғылым мұхитының ауқымды айдынына қазақстандық университеттерді жалтақтамай, батыл бастап шыққан, ұлттың мақтанышы мен абыройына айналған жетекші университеттің басқарушы тұтқасын ұстап тұр. Иә, заман өзгерген. Соған сәйкес университеттік білім сапасы да күшейіп, оның шығар биігі де асқақтай түскен, мүлде жаңа тарихи кезең бұл. Университетке Елбасымыздың жарлығымен ректор болып тағайындалған Ғалымқайыр Мұтанұлы міне, бәрінен бұрын осыны жақсы түсінді. Абыройды биік ұстаған, сенім арқалаған азамат өзінің иығына қандай ауыр да маңызды жүктің артылғанын, айқын аңғарды. Сондықтан да ол білегін сыбанып басшылық жұмысқа кіріскен сәттен бастап-ақ университет ұжымы да өзінің қызметін замануи талаптарға, тәуелсіз елдің тәуелсіз университеті деңгейіне сәйкес мүлде қайта құруларға нақты бағдарлай бастады.
Ректорды алғаш университет кадрларын және оқытушы-профессор мамандарын жаңа міндеттерге жүйелілікпен жұмылдыра білу тәрізді аса маңызды міндет күтіп тұрды. Бұл үшін бәрінен бұрын ұсақ кафедралар ұжымдарын бір кафедраға біріктіріп, ұжымдық маңызды ғылыми еңбектер жасай және жаза алатын топтасқан ірі ғылыми-ұстаздық қауымдастықтар жасау керек еді. Осылайша енді, сан сапаға бағындырылды. Бұрын 100-ден асатын кафедра ғылыми бағыттары бойынша топтастырылып, енді 63 кафедра ғана қалдырылды. Мұның өзі кейбір, кафедра меңгерушісі деген қызметті үлкен мәртебе санайтын, жекелеген кісілерге ұнай қойған жоқ. Ректор жаңа кафедра меңгерушілеріне ресми түрде қосақтап, орынбасарлар тіркеп, олардың өз міндеттерін басшы ретінде бұрынғыдай жүрдім-бардым емес, күні бойы тапжылмай орындауларын талап етті. Жасыратыны жоқ, мұндай тәртіп көп адамдарға ұнамады. Министрлікке, сотқа шағынатындар, жаңа ректордың жаңа талаптарын сынап ақпарат құралдарында жазатындар да шықты. Алайда көп кешікпей-ақ кафедра меңгерушісі болу дегеніміз, мәртебелілер еншісі емес, ол, ешқандай атақ лауазымға қарамай, ұжымның отымен кіріп, күлімен шығуды қажет ететін атқарушы және ұйымдастырушы нақты да күнделікті жұмыс екендігі мәлім бола бастады. Бұған жасы асқан бірақ «тақтан» ажырағысы келмейтін мәртебелі академиктер мен қайраты қайтқан профессорлар жарамайтын еді. Енді бұрынғыдай кафедраға жұмыста анда-санда бой көрсетіп немесе үйде жатып басшылық жасау мүмкін болмай қалды.
Жаңа жағдайдағы кейбір ерекшеліктерді айтар болсақ, біріншіден, кафедра меңгерушісі болатын кісі әрбір дүйсенбіде ректордың басшылығымен өтетін кеңеске тікелей өзі қатысып, нақты тапсырмалар алуы тиіс болса, екіншіден, ол, әрбір сейсенбіде кафедра ұжымын түгел жинап, ректорат белгілеген осы міндеттерді қалай орындау туралы ақылдасуы тиіс болды. О баста мұндай тәртіп, көп кафедра меңгершілеріне ұнай қойған жоқ. Мұның өзін жиналысбастылық ретінде қабылдағандар да кездесті. Бұрын кафедра жұмысын тек орынбасарларына жүктеп, өздері қолдарын қалталарына салып бос жүретін және өле-өлгенше осы қызметтен айырылмауға тырысатын кафедра меңгерушілері (әдетте бұлар зейнеткерлік жастағы белгілі ғалымдар болатын) енді бұл қызметтен өз еріктерімен қашқақтай бастады. Мұның өзі бұл жауапты қызметке талантты жастарды көптеп тартуға жол ашты. Алайда апта сайын ұжым басшыларымен кездесіп, оларға нақты да тиімді тапсырмалар беру ректордың өзіне де оңай тие қойған жоқ және оның тарапынан белсенді ұйымдастырушылықты, қажыр-қайратты, үлкен күш-жігерді, ең бастысы жаңашылдықты қажет етті. Дегенмен ректордың өзінің осындай жеке белсенділігі кафедралардағы жұмыс деңгейін жаңа белестерге көтеруге тікелей мұрындық болды десек артық айтпас едік. Сонымен қатар мұндайда университет басшылығына келген жаңа ректордың кейбір басшылар әдетке айналдырған салған бетте өзінің командасын құруға кірісетін, сөйтіп бұрынғы кадрларды өзіне сенімді, ең бастысы берілген адамдармен белсенді түрде ауыстыратын жағымсыз әдетінен аулақ болғанын да атап көрсеткен жөн. Соның нақты көрінісі Ғалымқайыр Мұтанұлының күні бүгінге дейін өзінен бұрынғы ректор тағайындап кеткен факультеттерді басқаратын декандар корпусын ауыстырмай, олармен түсінісе қызмет атқарып келе жатуы дер едік. Кадр мәселесіндегі осындай әділетті ұстаным, сабақтастық принципін ұстану ұжымдағы әлеуметтік-психологиялық ахуалды жақсартуға қызмет жасап, ал мұның өзі шын мәнінде университеттің халықаралық Болон үдерістеріне сәйкес білім берудің модулдық принципін берік басшылыққа алып, пәнаралық және проблемалық бағдарда оқытуға біліктілікпен қарауға жаңа мүмкіндіктер ашты.
Университет енді жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және дүниежүзіндегі жетекші жоғары оқу орындарының бағдарламаларымен қатарласа алатын экспериментальдық білім бағдарламаларын оқу үдерісіне енгізуге толық бет бұра бастады. Бұл бағыттағы ректордың белсенді іс-әрекеті көп кешікпей-ақ өзінің жемісін берді. Университеттің қайтадан сапалы жасалған білім бағдарламалары әлемге әйгілі AСQUIN және ASIІN тәрізді агенттіктердің халықаралық аккредитациясынан абыроймен өте алды. Осындай жоғары көрсеткіш өзінен-өзі келген жоқ. Ректор кафедра меңгерушілері және декандар арқылы әрбір профессор-оқытушының ғылыми-зерттеу жұмысындағы белсенділігін көтеруге баса мән берді, және оларды өздерінің еңбектерін «отбасы, ошақ қасында» қалдырмай, жоғары беделді халықаралық басылымдарда жариялауға бағыттады. Егер осы уақытқа дейін университет ғалым-оқытушыларының басым көпшілігінің ағылшын тілін меңгермегендігін және сондықтан да олардың өз еңбектерін осы халықаралық тілде жариялауға құлықты бола қоймағандарын ескерер болсақ, ректордың ұжым алдына мұндай талап қоюы алғашқы жылдары алынбас қамалға нәтижесіз шабуыл жасаудай әсер қалдырды. Алайда бұлай ойлайтындар да көп кешікпей қателескендерін түсіне бастады. ҚазҰУ ұжымы өзінің ғылыми потенциалының жоғары екендігін, өзінің жаңа ректорының қолдауымен көп кешікпей-ақ тағы да дәлелдеді. Егер Ғалымқайыр Мұтанұлы университет басшылығына келерден бұрынғы 2008–2010 жылдар ішінде, яғни үш жылда халықаралық, мәртебелі жоғары рейтингті Thomson Reuters журналдарда ҚазҰУ ғалымдарының 175 мақаласы жарық көрген болса, ал ол ректор болып тағайындалған алғашқы екі жылда ғана, яғни 2011–2012 жылдары мұндай журналдарда жарияланған еңбектер саны күрт артып, 307-ге көтерілді. Бұл жаңа жетістіктің бастауы ғана еді. Олардың сандарының кейінгі жылдары да өсе түсуі осының айқын дәлелі. Бүгінде қазіргі әлемнің көрсетілген мәртебелі журналдарында жарық көріп жатқан қазақстандық ғалымдардың мақалаларының әрбір төртіншісінің авторларының ҚазҰУ-дың ғалымдары болып табылатыны да мән-жайды анықтай түседі.
Мұнымен қатар университеттің бірқатар ғалымдарының дүниежүзінің топ-университеттерінің индекстеріне сәйкес келетін Хирша индексін алғандарын да айта кеткен жөн. Енді университет ұжымы ағылшын тілін меңгерумен шындап айналыса бастады. Өйткені университетте студенттерге үш тілде (қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде) білім беру нақты жолға қойылды. Ректордың ұйымдастыруымен қолға алынған мұндай маңызды жұмыстар оқытушы-профессорлар ұжымының ағылшын тілін меңгеруге жаппай ден қоюына алып келді. Өмір талабын түсінген олар, енді ағылшын тілін үйрететін үйірмелерді жағалап, осы тілді пысықтап меңгеруге ұмтылуда. Осыған байланысты бүгінгі күні университеттің оқытушылар құрамында ағылшын тілін меңгерушілер саны жыл сайын өсе түсуде. Адамдар тіл үйрену арқылы рухани және кәсіби тұрғыдан жаңа серпілістерге қол жеткізуге болатынын түсінгендей болды. Мұның өзі ағылшын тілінде жазылатын ғылыми мақалаларды жариялайтын ғылыми басылымдар сандарын көбейте түсуді, университеттің өзінде жарық көретін ғылыми басылымдарда халықаралық тілдегі зерттеулерді сандық және сапалық тұрғыдан арттыра түсуді қажет етуде. Осыған байланысты университет басшылығы ректордың тікелей басшылығымен университетте жарық көріп келе жатқан ғылыми «Хабаршы» журналдарына жаңа талаптар қойып, оларды таяу мерзімде әлемдік рейтинг деңгейіндегі басылымдар қатарына көтеру жолдарын да ойластыруда. Отандық ғылымды халықаралық деңгейге көтеруде, әлемдік кеңістікті кәсіби тұрғыдан кеңейте түсуде мұның әрине маңызы өте зор.
Қазіргі кезеңде ҚазҰУ-дың ғылыми-технологиялық және инновациалық потенциал тұрғысынан Қазақстан университеттері арасында жетекші деңгейге көтерілгенін Еуросоюздыңең жоғары рангадағы эксперттері де мойындап отыр. Бүгінде университеттің «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың инновациялық кластері» атты жобасы инновацияны дамытуға байланысты сандаған млрд теңгемен қаржыландырылатын маңызды Мемлекеттік бағдарламаға кіріп отыр. Ғалымқайыр Мұтанұлының басшы ретіндегі қызметінде ғылымды ұйымдастырушылық жұмысы ерекше орын алады. Ректордың осы саладағы белсенділігі университеттегі ғылыми-зерттеу жұмысына бөлінетін ақшаның қарыштап артуынан да байқалады. Нақты мысалға жүгінер болсақ, оның ректорлық қызметінің алғашқы 2011–2014 жылдары аралығында осы бағыттағы ғылыми-зерттеулерге бөлінетін қаржы 3119,9 теңгеге өсіп, көбейді. Сонымен қатар ректордың үздіксіз іссапарларға тынбай шапқылап, шетелдік университеттермен халықаралық байланысты нығайту жолындағы қызметі де өзінің жағымды нәтижесін беріп отыр. Нәтижесінде, ҚазҰУ-дағы ғылыми жобаларды қаржыландыруға атсалысушы халықаралық қорлар мен ұйымдардың сандары және олардың осы бағытқа бөлетін қаражаттарының көлемі де жылдан-жылға арта түсуде.
Ректор ғылымның болашағы жастар екендігін де әрқашан жадында ұстайды. Бұл біз әңгімелеп отырған ғылыми-зерттеу саласында айқын байқалады. Университетте ғылымды гранттық қаржыландыруға бөлінетін қаражаттың 10 пайызы міндетті түрде студенттердің ғылыми жұмысын ынталандыруға жұмсалады. Осының арқасында студенттердің ғылыми үйірмелерінің, студенттік инкубаторлардың қызметтері жандана түсуде. Ректордың үздіксіз қолдауының арқасында университет студенттері ерекше жобалармен айналысуға да ден қоя бастады. Осының нақты көрінісі ҚазҰУ студентерінің Токио университеті студенттерімен бірігіп, алғашқы қазақстандық наноспутникті жасауға кірісуі, «ЭКСПО-2017» көрмесінде көрсетілетін жобаларды қолға алулары дер едік.
Сонымен қатар университетте студенттер өмірін сапалық жаңа деңгейге көтеретін инновациялық әлеуметтік жобалар («Айналаңды нұрландыр», «100 кітап» жобалары және т.б.) белсенді түрде жүзеге асырылуда. Ғалымқайыр Мұтанұлының ректорлық қызмет кезеңінде университет қалашығы адам танымастай өзгерістерге ұшырап, оның аймағы дүниежүзілік маңызы бар кампусқа айналды. Онда әсіресе, еңселі салынған университет кітапханасы, Жас ғалымдарға арналған үй, Медико-биологиялық кластер мен мұндалап, ерекше көзге түседі. Өзінің «Керемет» деген атына әбден лайық студенттерге қызмет көрсету орталығы да университет қалашығын еңселендіре түсті. ҚазҰУ бүгінде осында орналасқан медициналық-диагностикалық орталығымен де мақтана алады. Оны салуды және іске қосуды Оңтүстік Кореяның «Кангам Северанс» клиникасы қаржыландырды. ҚазҰУ-дың халықаралық қауымдастық тарапынан қолдауға ие болғаны оны бітірушілер дипломдарының кейбір мамандықтар бойынша дүниежүзінің бірқатар жетекші университеттерінің дипломдары деңгейінде мойындалуы да айқын көрсетіп отыр. Бір сөзбен айтқанда ректордың осындай іргелі бағыттардағы еңбегі де бүгінде өзінің өнімді жемісін беруде. Ғалымқайыр Мұтанұлы университетке басшы болып келген бес жыл ішінде ҚазҰУ әйгілі QS WorId University Rankings халықаралық рейтингісінде 326 сатыға жоғары жылжып, 300 топ-университет құрамына кіріп, 275 орынды иемденді. Егер мұндай жетістікке бүкіл ТМД аймағынан ҚазҰУ-дан басқа екі ғана университеттің – М.В. Ломоносов атындағы ММУ және Санкт-Петербург университеттері ғана ілінгенін айтар болсақ, бұл жетістіктің айшықтылығы, аса құндылығы айқындала түседі.Бүгінде университетті жаңа асқаралы міндеттерді жүзеге асыру күтіп тұр. Елбасымыздың Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына кіргізу туралы ұстанымы университет ұжымын да жігерлендіре түсуі тиіс. Осы орайда ректор да толғана келе ҚазҰУ-ды озат 200 топ-университеттер қатарына кіргізуді көздеген игілікті шараларды жүзеге асыруды қолға алуда. Бұл әрине, еңсесі биік, бірақ орындалуы әбден мүмкін абыройлы міндет. Мұндағы басты кепіл: ректордың өз ұжымына деген, ұжымның ректорына деген айнымас сенімі болса керек.
Осындайда мынаны да ескермеуге болмас: ұжымды алға сүйреуде бірінші басшының ұйымдастырушылық жұмысының маңызы аса зор екендігін айтып отырсақ та, оның ұжым ортасындағы беделінің, жеке басының үлгісінің де мұндайда шешуші рөл атқаратынын ұмытуға болмас. Осы тұрғыдан алғанда Ғалымқайыр Мұтанұлы ұжымда қарапайымдылығымен, сабырлылығымен және байсалдылығымен әрқашан ерекшеленеді. Мұны оның жауапты қызметінен қалт етіп босағанда жазып тастайтын өлең жолдарынан да аңғарамыз: «Адамзатты жаратқан махаббатпен». Біліп оны, шығармай әр кез естен, Жолыңды ғұмырлық жүріп өтсең, жақсы іс, таза көңіл, ақ ниетпен!». Міне, бұл Ғалымқайырдың өзіндік берік ұстанымы осы. Қызмет бабын пайдаланып біреуге дауыс көтеріп, әкімшілік қоқан-лоққы және қысым жасау – Ғалымқайыр Мұтанұлының табиғатына жат. Әрине, үлкен жұмыстармен айналысатын құрамы күрделі ұжымда қайшылықты да кереғар ахуалдың жиі қалыптасатыны, адамдар арасында маңызды мәселелер төңірегінде әртүрлі сипаттағы текетірестердің орын алатыны белгілі. Тіптен өзінің жеке мүддесін алғашқы орынға қоятын кейбір санасы шектеулі азаматтар оның үстінен негізсіз шағымдар ұйымдастырып, жоғары мемлекеттік немесе құқықтық мекемелердің есігін қағып жатады. Алайда «аққа құдай жақ» дегендей, ректор мұндай арандатулардан әрқашан да бойын аулақ салып, өзінің қолы да, ары да таза басшы екендігін айналасындағыларға әрқашан дәлелдеуде. Бүгінде Елбасымыз өзі бастап, мемлекетті тонаушыларға, ұры да, жемқор басшыларға қарсы жорық жариялап отырған заманда басшының мұндай сапалық қасиеттері аса маңызды екендігін тағы да айта түсуге тура келеді
Тағы бір айтарымыз, ҚазҰУ тәрізді ұлт мақтанышына айналған университетті басқаратын азамат ұлттық құндылықтарға суарылған, қазақ тілінің қайнарынан нәр алған, тіптен қазақы қоғамда, ортада тәрбиеленіп, бабалар рухымен қанаттанған тұлға болуы тиіс. Өйткені бұл университет о бастан-ақ өзінің қабырғасында қазақ қоғамының рухани биігіне көтерілген, ұлт мақтанышына айналған қайраткерлерді топтастырған, ұлттық білімнің ғана емес, ұлттық өркениеттің де ордасы. Алайда қазіргі мынадай алмағайып жаһандану заманында ҚазҰУ ректоры өз ұлтының адал перзенті болып қоймай, сонымен қатар замануи ғылыми технологияның да сұңғыла білгірі болуы тиіс. Міне, осы талаптар деңгейінен қарағанда Ғалымқайыр Мұтанұлы бүгінгі қазақ қоғамын қанағаттандырып отыр дей аламыз. Оның азамат ретінде қалыптасуына данагөй Абай туып өскен топырақта тәрбиеленуі көп ықпал жасағандай болып көрінеді маған. Әрбір қазақ ақын десекте, оның поэзияға бүйрегінің бұруы да осының ықпалы-ау деп ойлайсың. Осындайда, қазақ әдебиетінде өзіндік із қалдырған белгілі жазушымыз Роллан Сейсенбаевтың айтқаны да еріксіз ойландырады. Ол былай деп жазады: «Ғалымның өлеңдерінің ақыл көзі Абайдан бастау алған. Сонымен бірге математикалық дәлдік, аз сөзге көп ой сыйдыру Шығыс ғұламаларының Ғалымға тапсырған аманатындай болып көрінеді». Иә, университеттегі басшылық жұмыста болсын, шынайы өмірде болсын Ғалымқайыр Мұтанұлының рухани ұмтылысы – жан-жақты дамыған, жетілген, қоғамды өзінің жетістіктерімен қуантатын «Толық адам» деңгейіне көтерілу. Мұны ол әсіресе, университетте білім алып жүрген жастардың санасына орнықтыруға барынша тырысады. «Қор қылмас үшін өзіңді, Сүру үшін толық өмірді. Кеткендей айтып Абай атам, Болуың керек «Толық адам»! – деп жазады ол. Иә, осындай биікке көтерілуді Ғалымқайыр ғана емес, біздің бәріміз армандауымыз керек. Сонда шығар биігіміз еңселі болып, адами келбетіміз көркімен көз қуантатын, ал айналамыз әрқашан да нұрлы болады.
Талас Омарбеков,
тарих ғылымдарының докторы,
Қазақстан ҰҒА-ның Құрметті мүшесі