ТАНЫМЫ ТЕРЕҢ, АЙНАЛАСЫ НҰРЛЫ ҒАЛЫМ
ТАНЫМЫ ТЕРЕҢ, АЙНАЛАСЫ НҰРЛЫ ҒАЛЫМ
Өмірдің сан қырлы белестерінде тағдырдың сынақтарынан сүрінбей өтіп, бойға жиған тәжірибесі мен зердесіне тоқыған ақыл-пайымын саналы ұрпақ қалыптастыру мен ел ертеңі үшін аянбайтын тұлғалар ғана хылықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, абырой биігіне көтерілетіні сөзсіз. Дана халқымызда «білімдіге дүние жарық» деген аталы сөз бар. Сондықтан да, қай заманда болмасын білімі мен біліктілігін ағартушылық бағытқа арнап, елге қызмет етуді басты міндет-парызы санаған, айналасын нұрландырып, өзінен бұрын өзгенің қамын ойлаған жан мұратына бірінші жетіп, алғыс пен ілтипатқа бірінші бөленіп, үнемі Алланың назарында жүретіні ақиқат.
Осындай ерекше жаратылған, еліне адал, отбасы, жақындарына қамқор, қызметіне мығым, достыққа берік, азаматтық келбеті айқын менің әріптес-досым, болмысы бекзат, танымы терең, зерделі ғалымның бірі – есімі елге белгілі білім және ғылым қайраткері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы. «Жаста оқыған оқуың – тасқа жазғанмен бірдей» демекші, жастайынан оқу-білімге ерекше ықыласпен ден қойып, ғылымға бар зейінін арнаған Ғалекең бүгінгі күні атақ-даңқы төрткүл дүниеге мәлім әл-Фараби бабамыздың ардақты есімін иеленген қара шаңырақ оқу орнын үлкен жауапкершілікпен басқарып, заманға сай бағытта дамытып келеді.
Қазақтың ұлан-ғайыр даласындағы табиғаты көркем, шұрайлы Шығыс Қазақстан өңіріндегі Жарма өлкесінің бір пұшпағындағы берекесі ұйыған Белтерек деп аталатын алақандай ғана ауылдан қанат қаққан Ғалым бүгінгі күні әлемнің ғылыми кеңістігінде өзіндік орны бар үлкен бір ордалы университетті басқарып, еліміздің жоғары мектебінде танымы мол ғалым ретінде өз есімін әйгілеп, ағартушылық жолда ұлтқа қызмет етудің бір үлгісін көрсетуде.
Бұрынғы өткен Еспенбет, Боранбай, Ақтайлақ би-шешендердің туған өлкесі – шежіреге толы Жарма жерінен Алты Алашқа есімдері әйгілі қаншама арыстай тұлғалар түлеп ұшқан! Бергі тарихқа зер салсақ, бұл өлкеден атақты жазушы, белгілі қоғам қайраткері Әди Шәріпов, Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Тұрсынхан Әбдірахманова, қазақ әйелдері арасындағы тұңғыш биология ғылымдарының докторы, академик Нәйла Базанова сынды танымал тұлғалар шыққан. Жақсылар мен жайсаңдардың ізбасары – Ғалекеңді текті жерден тамыр тартып туған ел перзенті ретінде оның сондай таза жүректі, кеңпейілді, өжет те қайсар, білімі мен парасаты үйлескен шынайы дос-бауыр ретінде де қадыр-қасиеті мен абырой-беделін өте жоғары бағалаймын. Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны болады. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Ғалекең – ең алдымен кісілік келбеті жарқын, көңілі ашық, пейілі дариядай, өзіне жүктелген қандай жауапкершілігі зор міндеттерді мүлтіксіз іске асыратын елінің атқамінер ер азаматы!
Қашанда жаңалыққа жаны құмар, жаңа заманға сай жаңаша ойлай білетін Ғалым өз бойындағы тұлғалық болмысы мен еңбекқорлық, зеректік қасиеттердің арқасында көптеген айтулы ғылыми жобаларды іске асырып, отандық білім жүйесінің заманауи тұрғыда әлемдік стандарттарға сай жетілдірілуіне зор мүмкіндіктер жасап келеді. Оның отандық ғылым-білім саласын дамытып, өркендету жолында атқарып жүрген еңбектері мен бастамашыл жобалары интеллектуалды ұрпақтың қалыптасуына даңғыл жол ашуда.
Әрдайым ойлы көзінен шуақ төгіліп, жарқын жүзіне күлкі үйіріліп тұратын Ғалекеңді мен сонау тоқсаныншы жылдардың басында, ол Мәскеу мемлекеттік Кен университетінің докторантурасын аяқтап, докторлық диссертациясын қорғап келгеннен соң Рудный индустриалды институтында профессор және кафедра меңгерушісі болып, кейін еліміздің солтүстігіндегі Петропавл Жоғары техникалық колледжінің директоры қызметін атқарып жүрген кезінен етене жақын тани бастадым. Уақыт өте келе екеуміздің ғылымдағы әріптестігіміз, өмірлік шынайы айнымас достық, бауырластыққа ұласты. Содан бергі уақытта ол қандай жоғары лауазымды қызметтер атқармасын, қандай басшы болып, түрлі атақ-марапаттарға қол жеткізсе де сол баяғы қарапайым да бекзат қалпын жоғалтқан жоқ. Адами, достық қарым-қатынастарды көңіл пернесі мен жүрек қылы арқылы сезіне білетін Ғалымқайырдай ақеділ азаматты мансап та, атақ-даңқ та өзгерткен жоқ. Есесіне ол өмір жолының әр баспалдағы сайын парасат биігіне көтеріліп, ұлтына шексіз берілген азамат ретінде, ғылым мен шығармашылық бағытты қатар ала жүріп, «Айналаңды нұрландыр!» деген өз ұстанымынан бір елі айныған емес. Өз басым, Ғалекеңдей абзал азаматпен дос болғаныма әрдайым шын қуанып жүремін. Достық – адамдардың бір-бірін жаны қалап, шын жақын көріп, қалтқысыз сеніп, тілектес, мұраттас болуы. Достық – адамның, өмірдің өзіндей сан бояқты, көп қырлы, қасиетті, сондықтан бірер сөзбен оның анықтамасын беру мүмкін емес.
Ғалекең Солтүстік Қазақстан мемлекеттік уиверситетінде ректор қызметін атқарып жүргенде аймақтық жоғары оқу орнын республикамыздағы алдыңғы санаттағы университеттер қатарына қосып, нәтижелі жұмыстар атқарды. Жаңа бағытпен дамуға бет алған университетке Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы келіп, Ғалымқайыр Мұтанұлының іскерлік қасиеттерін аңғарып, қызметіне жоғары бағасын берді.
Алматыға келген сайын Ғалекең қала іргесіндегі Қарағайлы (Чапаев) ауылындағы Исабай әкеміздің қарашаңырағына соқпай кетпейтін. Ата-анамыз Ғалымқайыр баламыз келе жатыр деп, дастарқанға жылы-жұмсақтарын салып, ауладағы ошаққа ет асып, тосып отыратын. Әкеміз Ғалекеңді баласындай көріп, батасын беріп, емен-жарқын әңгімелесіп, әзілдесіп отыратын. Екеуіміз Алатаудың баурайын аралап, тау өзенін жағалап, алға қойған мақсаттарымызбен бөлісіп, сырласатынбыз. Ғалекеңнің – ғалымдықпен қатар әдебиетті жақсы білетін, өлеңге құштар, табиғатты ерекше жақсы көретін, өте әсершіл жан екенін сонда байқағанмын.
Ғалымқайыр Мұтанұлы еліміздің Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары лауазымды қызметін атқарып жүрген кезінде оның жоғары оқу орындарына деген қамқорлығы ерекше болатын. Қандай білім ордасы болмасын, Ғалекеңнің ректорларға деген көзқарасы түзу, ықылас-пейілі жоғары тұрды. Айтарлықтай жетістіктерге жеткен жоғары оқу орны қызметін өзге университеттерге үлгі етіп, еліміздің жоғары мектебінің заман талабына сай өркендеуіне мол үлес қосты. Министрлікте өтетін ресми жиындардан бөлек, ол ректорлардың басын қосып, өзара тәжірибе алмасып, еркін пікір бөлісуге айрықша септігін тигізетін түрлі рухани басқосулар, волейбол, теннис, бильярд жарыстарын ұйымдастырып, әріптестерінің адами қарым-қатынасын жақсартуға барынша ықпал ете білді.
Министрліктен кейін Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде ректор болып қызмет атқарғанда, алдыңғы жинаған мол тәжірибе мен біліктілігінің арқасында жаңашыл Ғалым «университет-технопарк» жобасын іске асырып, аталған білім ордасын үздік инновациялық университет деңгейіне көтере білді. Оның бастамашыл жобалары мен заманауи бағыттағы іс-шараларын кезінде университетке Елбасымызбен бірге арнайы ат басын бұрған, сол кездегі Ресей Президенті Дмитрий Медведев те аса жоғары бағалады. Бұл шын мәнінде де мемлекет тапсырған міндеттерді қалтқысыз орындап, өзіне жүктелген зор сенімді лайықты ақтай білген, өнеге-тәлімі мол, іскер басшы, білікті ұстаз-ғалым Ғалымқайыр Мұтанұлының табанды еңбегінің жемісті нәтижесі екені сөзсіз.
«Заманауи университеттер жоғары рухани-адамгершілік деңгейде және өнегелі инновациялық даму жолында болуы керек» деген қағиданы ұстанатын Ғалекең қашанда жастармен жақын жүріп, әр студенттің жағдайына үңіліп, оларға қамқорлық, көмегін көрсетіп жүруі арқылы – оның шынымен де қайырымды жан екенін аңғарасың. Ғылым, білім, студент жастар туралы пікірлескен сайын ол: « – Әр халықтың болашағы өскелең ұрпақпен, жастармен байланысты. Жастар ғасырлар бойы қалыптасқан жақсы ұлттық дәстүрлерді, болашаққа жетелейтін ізгі құндылықтарды жалғастырып, сонымен жаңашыл үрдіс қосып отырса, халықтың болашағы айқын да зор» деген пайымын үнемі айтып отырады. Екеуміздің әріптестік, достық қарым-қатынасымыздың айқын көрінісі ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен біздің университет арасында тығыз байланыс орнады. Екі оқу орны көптеген ғылыми, рухани шараларды бірлесіп атқарып, жас ұрпаққа білім мен ұлттық тәрбие беру бағытында қанаттасып қызмет атқарып келеді.
Ректор Ғалымқайыр Мұтанұлының тиімді басқаруының нәтижесінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бүгінгі күні дамудың жаңа сатысына көтеріліп, әлемнің жетекші жоғары оқу орындары үлгісімен инновациялық бағытта өркендеп, дүниежүзіне белгілі беделді білім ордасына айналды. Біз мұны әркезде мойындап, мақтан етеміз. Ғылым мен өндірістің, инновациялар мен тың идеялардың ошағы болып отырған бұл оқу орнында жүзеге асырылып отырған ұтымды қадамдардың нәтижесінде осындан үш жыл бұрын Қазақ ұлттық университеті «Great Value Colleges» халықаралық ұйымының зерттеу нәтижесі бойынша әлемнің 50 технологиялық тұрғыда дамыған университеті қатарына қосылды. QS рейтингі бойынша бұл оқу орны қазіргі уақытта әлемнің ең үздік 250 университеті санатына енді. Бұған қоса ҚазҰУ Түркі халықтарының халықаралық конгресі шешімімен «Түркі елдері арасындағы үздік ЖОО» атағын алды.
Студент жастардың лайықты дәрежеде озық білім алуын қамтамасыз ету мақсатында университет басшысы Ғалымқайыр Мұтанұлының ұйытқы болуымен аз ғана уақыт ішінде ҚазҰУ қалашығының ғылыми потенциалы мен оқу-өндірістік базасы, әлеуметтік инфраструктурасы жан-жақты жетілдірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Қазіргі таңда университет аясында оқу-ағартушылық, медициналық, заңгерлік, қаржылық және мәдени қызметтердің бір терезе қағидасы бойынша студент жастарға арналған ресурсты орталық саналатын «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істеуде.
Бүгінгі күні Жоғары оқу орындарының флагманы, қазақ білімінің қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көптеген игі бастамалар мен жобалардың ұйымдастырушысы болып отырғанына қоғам куә. Өткен жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына және ҚазҰУ-дың халықаралық деңгейде жеткен жетістіктерінің құрметіне орай университет алдында «Салтанатты қақпа» бой көтерді. Жастарға сапалы білім берумен қатар қазіргі студенттің болашақ бәсекеге қабілетті маман, қарымы күшті, жан-жақты, ұлтжанды саналы азамат ретінде қалыптасуы үшін университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың тікелей бастамасымен түрлі жобалар іске қосылуда. «ҚазҰУ студенттері оқуға тиіс 100 кітап», «Айналаңды нұрландыр!», «Салауатты өмір салты», «Жасыл қалашық», «Әдемі дене мәдениеті» сияқты жобалар студент-жастардың айналадағы қоршаған ортаға бейжай қарамайтындай, сергек, сезімтал қасиеттерін дамыта отырып, әр тұлғаны қоғамды ізгілендіруге ұмтылдыратыны сөзсіз.
Жүрегінде қазақтың қара өлеңінің дәнегі бар, руханиятқа жақын, шығармашыл азамат, өзінің ізгі жобасы туралы: «Айналаңды нұрландыр» – қараңғы жерден жарық тауып, жарқын өмірге жол бастау деген сөз. Әр адам жеке тұлға дейтін болсақ, әркім өзінің өмірде жүктелген міндеттерін сауатты әрі тиянақты атқару керек. Жүрген жеріңді, ортаңды, өзің жасап отырған қоғамды жамандықтан тазартып, айналаңды нұрға бөлеп, адамдармен эстетикалық тұрғыда қарым-қатынас орнатып, олардың да осы бағытта жүруіне үгіт жасау» – деп ағынан жарылады.
Ақынжанды Ғалекеңнің кеудесін жарып шыққан ойлы өлеңдері «Айналаңды нұрландыр» атты шағын кітапқа топтастырылып, өз оқырманын тапты. Ізгілік пен иман, кішіпейілділік пен қарапайымдылық қағидаттарын негізге алған Ғалымның философиялық жыр шумақтары шын мәнінде айналасын нұрландырып тұратын мәнге ие. Бүгінде Ғалекеңнің өлеңдер жинағы түрік, парсы, орыс, ағылшын, украин, әзірбайжан тілдеріне аударылған.
Бүгінде ірі университетті басқарып, елге сыйлы азамат, отбасының тірегі болып отырған Ғалекеңмен жанұямызбен жақын араласып, туыс-бауырдай болып кеттік. Осыдан екі жыл бұрын аяулы анасы дүниеден озғанда, бар ауыртпалықты ер азаматқа тән қажыр-қайратпен көтере біліп, Семейге барып марқұмды жөн-жоралғысымен ақтық сапарға шығарып салып, көңіл айта келген ағайын-жұрт пен әріптес, дос-жаранға үлкен ас бергенде де, қайғысына ортақтасып бірге жүрдік. Ұлы Айбек үйленгенде, Ғалекеңнің қалауы бойынша жұбайым Керімкүл екеуіміз өкіл әке, өкіл ана ретінде бас құда болып барып, Шымкенттен жаңа түскен келініміздің ұзату тойына қатысып, кейін жас отаудың Алматыда өткен үйлену тойы төрінде отыру мәртебесіне ие болдық. Осындай ортақ игіліктер біздің арамызды тіпті жақындата түсті.
Академик Ғалымқайыр Мұтанұлы – атадан дарыған тектілік пен көрегенділіктің арқасында әрдайым өз ортасына сыйлы болып, қадыр-қасиеті өзгелерге жұғысты болып жүретін парасатты тұлға дәрежесіне көтеріле білді. Еліміздің зиялы тұлғаларының бірі әрі тәжірибесі мол, өнегелі ғалым, эксперт-экономист ретінде бірнеше буын шәкірттер тәрбиелеп, тәжірибелі мамандар мектебін қалыптастырған тұлғаның ғылым-білім саласында атқарып жүрген еңбектері Тәуелсіз мемлекетіміздің ғана емес, алыс-жақын шетелдердің ғылыми ортасында да мойындалып, лайықты бағасын алып, әр жылдары мемлекеттік, халықаралық деңгейдегі беделді де құрметті атақтар мен марапаттарға лайық деп танылып келеді.
Жаны жомарт, қамқор да талапшыл басшы, ұлағатты ұстаз Ғалымқайыр – ерекше есімінің өзі айтып тұрғандай өнегелі ғалым, қайырымды азамат. Оның бойындағы адамгершілік қасиеттер мен жеткен жетістіктері өзінің отбасы үшін ғана емес, қанаттас жүрген әріптестері мен тілектес дос-жарандары, жалпы елі-жұрты үшін зор мақтаныш, жас ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі екендігі даусыз. Өзімнің және отбасымның атынан айтылған бұл жүрекжарды шынайы ниет-тілектерге отандық ауылшаруашылық білімі мен ғылымының негізгі ошағы – Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі барша әріптестер мен студент жастар да қосылады.
Асқаралы алпыс жастың мерейлі тұғырына көтеріліп отырған қайраткер ғалымның осы уақытқа дейін атқарған нәтижелі жұмыстарының барлығы да оның бойындағы біліктілік пен қажырлы да ақ адал еңбегінің жемісі деп білемін. Қадірлі Ғалекеңе – отбасына бақыт, ұзақ ғұмыр, деніне саулық, еңбегіне табыс, қызметіне жеміс тілеймін. Алла тағала өзіңді шығарған биігінен түсірмесін!
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,
ҰҒА Вице-президенті, академик