Жемісті жеті жыл

26 наурыз, 2017

Жемісті жеті жыл

 Өмір дейтін осынау күре жолдың үстінде көптеген жандарға жолығасың. Кейбірімен дәмдес-тұздас болсаң, кейбірімен үзеңгілес-жолдас боласың. Бірақ әрбір жолаушының саған қалдырар әсері әртүрлі. Тіпті, кейбір жолаушы аз күндік серік болса да, өзінің іс әрекетімен сенің өміріңе жетерлік үлгі сыйлап кетуі мүмкін. Мен бүгін сондай жандардың бірі һәм бірегейі техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, халыққа білім беру ісінің үздігі Ғалымқайыр Мұтанұлы туралы баяндамақпын.

Ғалекең биыл сол күре жолдың алпысыншы шақырымына аяқ басты. Мен сол алпыстың жеті шақырымын бірге жүріппін. «Жақсы­мен бірге болған жарты сағат, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» демекші, Ғалекеңмен бірге қызмет істеген сол жеті жыл, абзал азаматтың бүкіл болмысын тануға мүмкіндік берген, ершімді еңбек еткен жемісті жеті жыл болды.

Екеуіміз бір өңірдің тумасы болсақ та, жақыннан танысып, бірге қызмет істеуге Алла бізге 2003 жылы мүмкіндік берді. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 36 жасында-ақ Қазақстан тарихындағы ең жас ректор атанып, Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарып келген, қылшылдаған қырықтан енді ғана асқан жігітті біздің оқу орны қуана қарсы алды. Өйткені, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті деп аталатын бұл оқу орны бұған дейін қатардағы қарапайым жоғары оқу орындарының бірі ғана болатын. «Жас келсе іске» демекші, жаңа басшы келген күннен бастап біздің ұжымның тыныс-тіршілігі мүлдем басқа арнаға түсті. Бастапқыда мұндай өзгерісті күтпеген, «ұзын арқан, кең тұсауға» үйренген кейбір әріптестеріміздің тіксініп қалғаны да шындық. Десе де, өз еңбектерінің бағаланып, өз жұмыс орнының жарқырап көрінуін кім жек көрсін?! Көп өтпей коллектив те көсіле жұмыс істеуге кірісті...

Келе салып қолға алған бірден-бір шаруасы студенттер санын арттыру болды. Жеті жылдың ішінде университеттегі екі-үш мың студенттің санын 12500-ге жеткізді. Бұған бізге қарасты IT-колледждегі екі мыңнан астам студентті қосыңыз. Бұл 60 жылға жуық тарихы бар оқу орнының ең жоғарғы көрсеткіші еді. Нағыз басшы осындай-ақ болар.

Жалпы Ғалекең басқарып тұрған кезде біздің оқу орны төрт үлкен жетістікке қол жеткізді деуге болады.

Біріншісі, жаңағы студенттер санының артқаны.

Екіншіден, университеттің әлеуметтік-материалдық базасын жаңартты. Бұл тұрғыда Қазақстан жоғары оқу орындары арасында бірінші болып «Алтай» технопаркін салғанын айтпай кету мүмкін емес. Университет есебінен қомақты қаржыға салынған бұл нысанды Елбасы өзі арнайы келіп ашты. Жаңа технологиямен жаб­дықталған бұл орын қазір Шығысқа келген қонақтардың бірден-бір ат байлайтын орнына айналып отыр. Бұдан бөлек сонау кеңестік кезеңде салынып, жаңа ғасырға қалт-құлт етіп әрең ілінген оқу орнының ғимараттарын қайта түлетті. Қайтадан сән түзеген сәулетті құрылыстар бүгінде студенттердің ғана емес, бүкіл қала халқының мақтанышына айналып отыр.

Үшіншіден, осы жеті жылда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кенді Алтайға төрт рет келіпті. Атап айтар болсақ, бірінші рет аталмыш технопарктің ашылуына, екінші рет шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына, үшінші рет ядролық қауіпсіздік форумына, төртінші рет Ресей президенті мен бірге Ресей-Қазақстан ынтымақтастық форумына. Осы төрт сапарда да Елбасы Ғалекең басқарып отырған оқу орынға келіп, маңызды мәселелерге қол қойды. Бұл университет тарихында алтын әріппен жазылған сәттер еді. Шынын айта кетейік, Елбасы бұдан бұрын да талай рет бұл өңірге ат басын бұрған, бірақ, қаладағы басқа оқу орындарына тоқтап, аттанып кететін еді.

Төртіншіден, осы жылдар ішінде біздің мұғалімдер арасында ғылым саласына атсалысқан, ғылыми атақтарын жоғары­лат­қан­­­дардың қатары мол болды. Ұстаздардың еңбекақысы да белгілі мөлшерде көтеріліп, қызметкерлердің әл-ауқаты жақсара түсті. Мұғалімдер мен қызметкерлер 80 пәтерлі үйге қол жеткізген, «ақ түйенің қарыны жарылған» қуанышты сәттер де осы жылдардың еншісінде болатын. Көптеген жастар шетелдік оқу орындарына барып, ғылыми атақтарын көтерді. Ректордың тікелей тапсырмасымен «Бастау» сынды бірнеше зертхана құрылып, қомақты мөлшерде ақшалай гранттар ұтып алды. Білікті мамандар шетелдерде өткен ірі конференцияларға шақыртуға ие болды. Осы жеті жылда біздің оқу орны республикалық рейтингтің алдыңғы үштігінен түспеппіз. Міне, мұның бәрі сол кезде еңбек еткен Ғалымқайыр Мұтанұлының жемісті еңбегінің нәтижесі еді.

Ғалымқайыр Мұтанұлы Өскеменде тек оқу орнының өркендеу жолында ғана еңбек еткен жоқ. Өңірдің тыныс-тіршілігіне де өзіндік үлесін қосты. Осы жеті жылда екі мәрте облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Сол жерде бюджеттік комиссияны басқарды.

Біздің өңірде соңғы жылдары қолға алынған «Туған жерге тағзым» атты тамаша бір акция бар еді. Қолы жеткен азаматтар туған ауылына көмектесетін. Міне осы акция аясында Ғалымқайыр да туған жері Жарма ауданы Белтерек ауылына барып, өзі түлеп ұшқан мектебіне бір машина, бір компьютерлік сынып, көптеген кітап сыйлағанын өз көзімізбен көрдік. Бұдан бөлек өзін депутат етіп сайлаған аудандарға көрсеткен көмегі қаншама?!

60 жылға жуық уақытта біздің университетті алты ректор бас­қарыпты. Мен бұл жерде өткен ғасырдың сексенші жылдарынан бері жұмыс істеп келемін. Ақиқатын айтқанда, сол алтаудың арасында университет үшін Ғалымқайырдың бергені мол. Ғалекеңді біздің ұжым әлі күнге сағынады. Маңайын асқан адамгершілігімен, қарапайым қасиетімен, терең білімімен ұйыстыра білетін көшбасшы жігіт әрбір ісімен өзінің текті әулеттен шыққанын аңғартып тұрады. Кейде ойлайсың, біздің жыл сайын ауысатын, жырғаған басшы бұйырмайтын білім саласының министрлігіне бірден-бір ыңғайлы адам осы кісі ғой деп.

Бұл менің Ғалымқайырдай қарапайым һәм іскер азаматпен жеті жыл бірге қызмет істеген кездегі көрген, түйген дүниелерім. Ал, басқа жердегі жеткен жетістіктерін, ғылымға сіңірген еңбектерін басқа да әріптестеріміз айта жатар. Бүкіл жетістігі мен істеген істерін тізбелеп бір мақалаға сыйғызу, әрине, қиын. Бұл Ғалымқайырдай азаматтың алпыс жылдық торқалы тойына орай білдірген бір үзік сырым ғана. Той тойға ұлассын, Ғалеке? Алла күре жолдың бойында тағы да үзеңгілес болуға нәсіп етсін!

                                                                                                                                                                                                       Жақсыкелді Назбиев,

                                                                                                                                                                                                      Д. Серікбаев атындағы

                                                                                                                                                                                                    ШҚМТУ-дың проректоры