Рухты тебіренткен ойлы жырлар тынысы

26 наурыз, 2017

 Роллан Сейсенбаев,

жазушы 

 

Рухты тебіренткен

ойлы жырлар тынысы

(эссе) 

 

Өмірде де, өнерде де ұлы тұлғалар болып қалған тектілер өнерге даңқ қуып келмеген, ар-ожданы тыным таптырмаған соң, хас өнер жолына ақиқат іздеп көтерілген. Ақиқатты айту бар, оны адам санасына жеткізу бар. Адам санасына Ақиқатты жеткізудің ең қасиетті жолы – Өнер жолы. Тектілер – даңққа қыр арқаларын көрсеткен сайыпқырандар, өйткені даңқтың желден де жүйрік тұрлаусыздығын жақсы білген. Тектілер даңқ үшін жан салмаған, ол туралы ойламаған, тіптен оны ұмытқан. Ал даңқ тектілердің соңынан өзі еріп отырған. Бұл да Алла тағаланың ұйғарымымен болатын қасиетті құбылыс.

Ғалымқайыр Мұтанұлын да Ақиқат тебіренте теңселтіп, асау ақындық өлкесіне адастырмай алып келген болса керек. Мен оның ойшыл өлеңдерін оқып отырып, бүгінгі поэзия тынысы туралы бірер сөз айтқым келді. Менің бұл ойымның Ғалымқайырға керегі болмас, бірақ туған Отанына жанын беруге әзір өжет қазақ жастары үшін керегі болар деген ойға тоқтадым.

Ардақты оқырман, Ғалымқайырдың шумақтарына ой сал:

 

Әр ұлттың өз ерекшелігі –

Ғасырлармен біткен қасиеті.

Ат жалында өскен қазақты,

Айтады жылқы мінезді.

 

Мына жаһандық аламанда,

Керек бап та, керек бақ та.

Қасиеті дарысын қазанаттың

Бойына «елім» деген азаматтың!

 

Ой қандай таза, ниет қандай адал! Киелі елінің киелі ерлерін ардақтап өткісі келген ақ арман! Бап та шапсын, бақ та шапсын деген өр тілек. Ер ғана айтар қасиетті тілеу!

Жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарынан Кеңестер елінде бастау алған рухани азғындану процесі, жиырма бірінші ғасырда өзгеше қарқынмен жүйткіп берген.

Бүгінгі қоғамда өңмеңдеп алға шыққан екі кредо-бағыт бар.

Бірі – билікке ұмтылу. Екіншісі – капиталға ұмтылу. Соған жанын да, арын да салу.

Жүсіп Баласағұн сонау оныншы ғасырда:

 

Білімге ғана ұмтылғын,

Құлы болма құлқынның, –

 

деп, түркі ғаламына сәуегей ой тастаған. Түркітілді халықтардың соры – бір-біріне құлақ аспай, ұқпай, әр тобыр өзінше жеке төбе билік айтып, сандалмамен күн кешуі.

Адамзат баласының ой-санасы баяу жетіледі. Адамның өзім­шілдігі өзінен де зор. Абайды ұлы демеңдер, Абай хакім деп, ғалымсымақтар алқалы жиындарда сөз бастап, елді адастыруда.

Абайды Мұхтар Әуезовтен артық кім жазыпты? Алайда Мұхаңды итеріп тастап, орнына өздері тұрғысы келіп жүргендер бар. Абайды кемсітіп, оның тарихи тұлғасын қазақ поэзиясынан, қазақ өнерінен сырғытуға дайындар олардан да көп. Бұл далада тайпалық сана-сезімнен көтеріле алмай, рухани қайыршылықта жүрген ергежейлілер неткен көп деп таңғаламын. Бұл ұлы дала емес, улы далаға айналды.

ХХ ғасырда, Әуезовше айтсақ, «Шала Шекспирлер мен толыс­паған Толстойлар» саны күн санап көбеюде. Енді олар қазақ даласында қазақтың еркін ойын тұншықтыруға барын салуда. Ұлы Рим ұлы ұл-қыздарын қадірлеуден қалып, адамгершіліктен айырылған тұста ұлы Римнің тас-талқаны шыққан.

Абай бабам толғанады:                            

 

...Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол.

Адам болам десеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс көнсеңіз...

 

Ал бұдан артық не айтуға болады, қадірлі оқырман!..

Өлеңнің өз тынысы, қара сөздің өз тынысы, ақыл-ойдың өз тынысы бар. Құдіретті сөздің қатпар-қатпар тыныс аясы құпияға толы ғой. Мәңгілік көк аспанның астында, мәңгілік Жер-Анамыздың үстінде жыр толғаған поэтикалық тыныс әр халықтың үнімен, қуатымен, ойымен берілгені анық. Сонан да әлемдік поэтикалық тыныс өзінің кеңдігімен, биіктігімен жеке-дара тұғырға көтерілген айрықша сиқыр құбылыс екені даусыз. Поэтикалық тынысын таба білген ақын ғана нағыз ақын. Өйткені поэтикалық тыныс Алла тағала ғана тартар ардақты сый. Азабы да, қуанышы да, тозағы да, жұмағы да нағыз ақынның жұдырықтай жүрегіне сыйып жүре берер қиямет қайым сый. 

Сол сыйды аялай білген абзал. Алланың өзі тарту еткен киелі сыйына адалдық сақтап бойын да, ойын да, ар-ұжданын да кіршіксіз таза ұстай білген ақын поэзияның сайын даласында адаспайды. Бұлғақтамайды. Еркін жырлайды. Адал ой айтады. Қапысыз шындыққа жүгінеді. Сол киелі сыйды сатпаған өжет ақын еркіндікке қолы жетпей жүдеу тіршіліктің құлы болып, азапты ғұмыр кешсе де, оның Жер-Анада да қалдырған отты жырлары адамзаттың жүрегін жаулап, жанына шуақ шашатыны айдай ақиқат. Сонан да әр халық ұлттық поэтикалық тынысын көздің қарашығындай сақтауды ойлайды.

Әл-Фараби бабам сөйлейді. Оныншы ғасыр.

 

...Қашықтасың, туған жер – қалың елім,

Не бір жүйрік болдырып жырау деген.

Шаршадым мен, қанатым талды менің,

Шаңыт жолға сарылып қарауменен.

 

Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,

Қасіреттің жасына көз жуынар.

О, жаратқан, көп неткен ақымағың,

Құм сықылды тез ысып, тез суынар.

 

Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,

Әкімдікке күллісі жүгіреді.

Көкірекпен сезініп, күрсінші көп,

Жаным менің түршігіп, түңіледі.

 

 Жүсіп Баласағұн бабам ой тастайды. Бұл да оныншы ғасыр.

 

...Ақылды – ұлы, білімді – білікті,

Екеуі ұлы етер, қонса, жігітті.

Ақыл қайда болса, ұлылық толады,

Білім кімде, сол білікті болады.

 

Кімді сүйіп, жақын тартсам жаныма,

Жапа қылды, қалай сүйем тағы да?!

 

Тіліңді бақ, басың аман болады,

Сөзді қысқарт жасың ұзақ болады...

 

Кімді өзіме жақын тұттым көзімдей,

Жау боп шықты албасты!

Албастыны не қылайын?!.

 

Бұл Махамбет бабамның жан айғайы. Он сегізінші ғасыр.

 

...Арқаның қызыл изені

Басы күрдек түбі арал.

Қыдырып шалар аруана.

Үлкені кімнің жоқ болса,

Жасы болар дуана.

 

Бір сынаған жаманды екіншілей сынама,

Тіріде сыйласпаған ағайын,

Құм құйылсын көзіңе,

Өлгенде бекер жылама.

 

Бұл найзағайдай жарқыраған Төлеген ақын. Жиырмасыншы ғасыр.

 

... Бір жетсе менің ажалым жетеді

Найзағай оттарынан,

Сатқындар оқтарынан.

Өйткені мен теңіз болып ақтарылам.

 

Бір жетсе, менің ажалым жетеді.

Адам қолы жасаған ұяттардан.

Қалыңдығы осынау сияқты орман.

Әйтпесе пысықтыққа пысқырмайды

Мендегі қуатты арман.

 

Өле берсін күншілдер күйігіне

Өз ғасырым өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,

Мен өлемін өзімнің биігімде.

 

Бұл аяулы Мұқағали ақын. Жиырмасыншы ғасыр.

 

...Ең бірінші бақытым – халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын.

Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің.

 

Ал екінші бақытым – тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілгіледім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

 

Бақытым бар үшінші – Отан деген,

Құдай деген кім десе, Отан дер ем!

... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?

Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен...

 

Ал мынау ғалым-математик Ғалымқайыр Мұтанұлы поэзияның сүре жолын таңдап, өзінің поэтикалық тынысымен барын салған тұсы. Жиырма бірінші ғасыр.

 

 Өмірдің не бір қиын жағдайында,

Қауіпте қандай болса да басы,

Текті адамның болар қағидасы:

«Жаным әркез арымның садағасы!»

 

Абыройын, еркіндігін сақтауда,

Ұлтым көкбөріні тұтқан пір.

Әрқашанда тектілікті ардақта,

Көкжалменен сенің рухың бір.

 

Ғалымқайыр ақ өлеңге де емес, қара өлеңге де емес, ой айтар өлеңге бас қояды. Сонан да ой ұйқасқа, ұйқас ойға сыймай шалыс түсіп те жатады. Тағы да Абай бабамыз:

 

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, –

 

деп сөздің кеңдігі мен сұлу келісіміне бет сілтейді.

Қазақ ортасында Аллаға иман келтірген, өлеңдері ойға толы ақын Абай. Поэтикалық тынысын тұншықтырмай, асау ойлар айтқан да данышпан Абай. Жырдың қатал ұстазы да Абай. Қазақ Абайдан үйренуден қалған кезде қазақ әдебиеті мен өнері құрдымға кетеді. Қазір де жоғалудың аз алдында тұрғанын несіне жасырамыз?!. Бүкіл әлемді таңғалдырған Шығыстың жеті ақынының қай-қайсысы да математик, географ, тарихшы, астроном, бір сөзбен айтқанда, ғылымның сан-саласын меңгерген ғұлама ойшыл ұлы тұлғалар. Атақты неміс ақыны Гетенің өзі де Шығыстың жеті ақынына ғашық болып, таланттарына бас иген. Ғалымқайырдың өлеңдерінің ақыл көзі Абайдан бастау алған. Сонымен бірге математикалық дәлділік, аз сөзге көп ой сыйдыру маған Шығыс ғұламаларының Ғалымқайырға тапсырған аманатындай болып көрінеді.

Ақындық жүрек көзі табиғаттың ең бір қарапайым көріністерінен көркемдік көріп, оның астарлы мағынасын терең зерделейді. Жанын тебіренткен сезімдерін асқан нәзіктікпен әр қырынан көрсете біледі. Ғалымқайыр өлеңдерінің қуаты да, қасиеті де ар мен ұжданнан өрбу алуында. Адамның ақындық тазалығын сақтауында.

Тазалық атты киені бойға сіңдіріп, жан мен рухтың демеушісі қылып ұстау әр адамның қолынан келе бермейді. Өлең өлкесіне Ғалымқайыр неге келді деп ойлаймын. Әлемде Ғалымқайыр сияқ­ты менің іні-достарым көп. Олар бүгінгі күні әлемнің айтулы концерн­дерінде, банктерінде, фирмаларында лауазымды қызметтер атқарады. Сол ойлы жігіттер «Аманат» журналына өлеңдерін, әңгімелерін жіберіп жатады. Өз кітаптарын өздері шығарып та жатады. Ол кітаптарын «Аманатқа» сыйға тартып та жатады. Сол жігіттер жандарын тулатқан ойларын, арман-мүдделерін оқырманға жеткізгілері келеді. Бастарын қатырған сауалдарға, жүректерін мазалаған ойларға жауап іздеуден бір талмайды. Оларда билік те бар, ақша да бар, дүние-мүлік те бар. Бірақ оларды жүрек қалтарыстарындағы бос орын толмай мазалай береді. Ол Аллаға деген махаббат! Сол орын толмайынша, рух оянбайынша адам бақытты бола алмайды. Сол орын толған кезде сөзі де құйылады, жыр да жөнін тауып жөңкіп береді.

Алла бар жерде тазалық та бар. Тазалық бар жерде адамдық бар. Сол тазалық адам жүрегін тулатып өлең жаздырады. Аспаннан Алланың ақ ниеті менің іні-достарыма береке, бақ боп құйылсын!..

Кісіліктің басты қағидасы – адалдық! Отанға! Ел-жұртқа! Отан десең ойыңа анаң оралады. Отаның – анаң, отбасың, сені аялай қоршаған табиғат-анаң, ана тілің, әжең айтатын ертегілер, атаң айтатын аңыздар, туыстар қауышуы, ұлттық нақыш, кісілік келбет, адамгершілік ұстанымдар.

Ал ел-жұрт сенің тарихи, әлеуметтік, мемлекеттік тағдырың. Адамның ең үлкен парызы мен қарызы ел-жұртының алдында қатал тексеруге түсуі болып табылады.

Мемлекетшіл тұлғаның ертеде де, бүгін де көгенегі көгерген емес. Мемлекетшіл тұлғаны жұрт бетіне мақтайды, артынан даттайды. Екіжүзділік жайлаған қоғамның сиқы сол. Қай қоғамда да билік тұлғаға үрке қарайды. Шығыста да сол, Батыста да сол.

Биліктің көксегені – Капитал. Тұлғаның көксегені – Ақиқат. Сонан да бұлардың бастары ешқашан қосылмақ емес. Жүректері бір ырғақта – ұлтты сақтау мен дамыту аясында соқпақ та емес. Бұл ат төбеліндей қазақ үшін қайғылы дерт. Халықтың еркіндік пен шын бақытты көксейтіні рас болса, халық өзінің текті тұлғаларын ардақтауы тиіс. Тұлғалары зынданда жатқан халық халық қатарына жатпайды. Ол – тобыр. Ол – жел қуған қаңбақ. Жел айдаған құм. Ол – құл!

Бұл дүниеде мәңгі Алла ғана. Қазақтың жиырма бір ғасыр талмай тулаған өжет жырлары соны айтады. Әдебиет тарихында автордың аты емес, оның жазған кітаптарының аты ғана қалып жататын замандар болған. Бұл ерекше рухани биіктікті танытатын келісім. Қараңыз: «Моби Дик», «Соғыс пен бейбітшілік», «Ағайынды Карамазовтар», «Қарасөз», «Шал мен теңіз», «Ревизор»...

Өзін де, өлеңін де мен таныған Ғалымқайырдың бойында даңқ­тың алқызыл лентасын кеудемен қағып түсірсем деген ұмтылыс жоқ. Оның көреген көзді жүрегінде адамның адамшылығын сақтау үшін, адамзат баласының болашағы үшін қобалжу бар. Алдымен Алланың, онан соң халқының алдындағы жауапкершілік сезімге бойсұнғаны анық байқалады. Біздің елімізге жауапкершіл, отаншыл, ойшыл, өжет, білімді интеллигенция ауадай қажет. Ал бізде бары жауапкершіліктен жұрдай. Билік пен Капиталға жандарын салып, арсыз ұмтылған ерекше обыр топ қазақ даласында өріп жүр.

Көпті көрген, дүние сырын таныған Ғалымқайырдың жүрегінде мол мұң бар, сонымен бірге халық болашағына деген берік үміт те бар, оның пәлсапалық ойлы жырларында тереңдік, кеңдік, биіктік – үш рухани таған мен мұндалап көзге ұрып келе жатқанын айрықша атамақпын.

Ғалымқайырға аспаннан құйылған асыл сөздер сенің жүрегіңе Қыдыр боп дарысын, жас оқырман. Ақынның мақсаты да, арманы да оқушысымен сыр бөлісу ғой. Ақиқатқа бет түзеген Мұтанұлы Ғалымқайырдың ойлы жырлары Дешті Қыпшақ даласында бүркіттей самғауын, арғымақтай шабуын Алладан тілеген – Роллан Сейсенбаев.

 

Семей,

15 наурыз 2017 ж.