Серіктестіктің жаңа көкжиегі

27 наурыз, 2017

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Сорбонна Париж-Ситэ 7 Дидро университетінің өкілдері стратегиялық серіктестік туралы келісімшартқа қол қойды. Наурыз мейрамы қарсаңында ректор Ғ. Мұтанов басқарған қазұулық делегация Сорбонна Париж-Ситэ 7 Дидро университетіне ресми іссапармен барып қайтты.      

Өткен жылдың желтоқсан айында аталған беделді университет делегациясы ғылым-білім саласындағы ұсыныстар мен мүмкіндіктерді талқылау үшін ҚазҰУ-ға іссапармен келген болатын. Келіссөз нәтижесінде 2017 жылдың 16 наурызында университеттер арасындағы екіжақты серіктестік туралы келісімшартқа қол қойылды.

Келісімшартта ғылыми тағылымдама, студенттер мен оқытушылар алмасу, бірлескен зерттеу жұмыстарын, қос дипломды білім беру бағдарламаларын дайындап, оны жүзеге асыру көзделген.

«Бұл серіктестікті стратегиялық деп атауға болады, себебі бұл келісімшарт Франция мен Қазақстан мүддесі үшін қажетті мамандарды даярлау мәселесінде көптеген сауалдарды бірлесе отырып шешуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов. Екі жақ химия, биология, физика және космология, математика, ақпараттық технологиялар бойынша серіктестікті дамыту жөнінде уағдаласты. Бұл ынтымақтастық аясында Нобель сыйлығының лауреаты Джорж Смут жұмыс істейтін космология зертханасында, сонымен қатар ҚазҰУ мен Париж Сорбонна Дидро университеттерінің зертханаларында бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Университеттер осыған дейін де бірлесе отырып, құқықтану пәні бойынша жазғы мектеп жұмысын жүргізген болатын. Болашақта ғылымның бұл бағытындағы жұмыс Сорбонна Париж-Ситэ 5 Декарт университетімен бірлесу арқылы кеңейтілетін болады.

Іссапар барысында ҚазҰУ делегациясы Лотарингия университетіне де барып қайтты. Айта кетелік, бұл оқу орнымен бірге ҚазҰУ «Гео-Энергетика» Қазақстан-Француз ғылым-білім орталығының жұмысын жемісті жүзеге асыруда. 2009-2010 жылдары екі ел президенттері Н. Назарбаев пен Н. Саркозидің бастамасымен ашылған бұл орталықтың ЭКСПО-2017 қарсаңында стратегиялық маңызы зор екендігін атап өткен жөн. Бұл бағыттағы жұмыс серіктестіктің екінші деңгейіне жол ашып, оның негізінде баламалы және қалпына келетін қуат көздері, геоэнергетика салаларындағы мамандарды дайындау және қайта даярлау жөніндегі аймақтық хаб құру жоспарланып отыр. ҚазҰУ мен Лотарингия университеттерінің ұзақ жылғы тиімді серіктестігі ескеріле отырып, екі жақ жаратылыстану және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін де қарастырды.

 

 

Баспасөз қызметі