ҚазҰУ-да «Жасыл технологиялар» орталығы ашылды

6 маусым, 2017

Әлемдік деңгейдегі «ЭКСПО-2017» шарасы қарсаңында еліміздің жетекші оқу орны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Алматы қаласы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен «Жасыл технологиялар» орталығы ашылды.

Шара аясында «жасыл технологиялар» аймағы мен «Аквапоника» кешенінің тұсаукесері өтіп, ҚазҰУ технопаркінде университет студенттері мен ғалымдарының ғылыми жобалары және зерттемелері таныстырылды.

«Жасыл технологиялар» орталығы қуат алудың түрлі технологиялары: жел, күн, гидро- мен геотермалдық, биогаз және сутектік энергетиканы қолдану арқылы  «жасыл энергетика» бойынша  инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін «Шағын ЭКСПО» рөлін атқарады. Осы мақсатта орталық аумағында жылу сорғысы, биогаз алу құрылғысы, сутектік және желдік генератор сынды барлық қажетті баламалы қуат көздерінің қызметі біріктірілген.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Әлемдік «ЭКСПО-2017»  көрмесі − Елбасының ірі жобасы. Бұл шараның мақсаты − жаңа әрі «жасыл» технологияларды енгізу арқылы Қазақстанның дамуына ерекше серпін беру. Сондықтан біз алдыңғы қатарлы университет ретінде «жасыл технологиялар» аймағын құрдық», − деп атап өтті. Университет басшысының айтуынша, мұнда студенттер жаңа технологиялардың әдіс-тәсілдерін игеріп, зерттеу жұмыстарымен айналысатын болады. Орталықта заманауи технологиялар мен ғылымды қажетсінетін инжиниринг негізінде жаңа формация мамандарының тәжірибелік дайындығы жүргізілуде. Сондай-ақ университетте қазіргі таңда жаңғыртылатын энергетика бойынша бірнеше жаңа технологиялар енгізілген.

«Plant Factory» (Өсімдіктер фабрикасы) инновациялық технологиялары пайдаланылатын орталықта қазірдің өзінде сәндік гүлді және жемісті-көкөністі дақылдарды өсіру үшін энерго үнемді жылыжай сәтті жұмыс істеуде. Мұнда өсімдік өнімдерін гидропоникада өсірудің түрлі технологиялық тәсілдері қолданылады.   

ҚазҰУ кампусы аумағында экологиялық тұрақты әрі қолайлы «жасыл» орта қалыптасуда. Суы тазаланатын арнайы құрылғылармен жабдықталған «Кереңқұлақ» өзенінің сағасын ретке келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Өзен суы қолдан жасалған «Аквапоника» экожүйесінде қолданылатын болады. Бұл студенттер, университет қалашығының қонақтары мен Алматы қаласы тұрғындары демалатын бірегей орын ғана емес, білімгерлерге бағалы әрі әдемі балықтар мен өсімдіктерді өсіріп, оларға күтім жасауды үйрететін тәжірибелік база болмақ.

ҚазҰУ ғалымдары «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысады. Олардың көмірсутекті газ қоспасын компоненттерге бөлу; жылу электр станцияларының тиімділігін арттыруға арналған плазмалы-отындық жүйелер; жылу және электр энергиясын алуға арналған автономды күн қондырғысы; планарлы концентрат қосылған кремнийлік күн батареясы сынды инновациялық жобалары мен технологиялары «Қазақстан» ұлттық павильонында ұсынылатын болады. 

Баспасөз қызметі