Қазақстанда Орыс тілі мен әдебиетінің фестивалі өтті
2010 жылдың 12 сәуірінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың халықаралық білім беру орталығы, ҚазҰУ-дың шетелдік азаматтарға арналған дайындық және филология факультеттерінің ұйымдастыруымен «ТМД және Балтық елдерінің орыс тілі және мәдениет фестивалі» өтті.
Жиналған қауым алдында филология факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлы, шетелдік азаматтарға арналған дайындық факультетінің деканы Жазира Молдағалиева, белгілі ғалым, орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д. профессор Надежда Гайнуллина, шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру кафедрасының меңгерушісі Жанар Нұршайықова сөз сөйледі.
Фестивальға арнайы шақырумен келген ресей өкілдерінен М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың халықаралық білім беру орталығы директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, бастауыш білім беру кафедрасының меңгерушісі Вера Степаненко қатысты.
- Қазақстан халқы орыс тілін жақсы біледі. Студенттік жылдардан байқағаным, кеңес үкіметі кезінде ММУ-да оқып жүрген қазақстандық студенттер көп болатын. Олар басқаларға қарағанда алдына қойған мақсаттарына жетпей қоймайтын. Талапты да өжет еді. Бүгін де студенттеріңіздің аталмыш шараға аса құлшыныспен дайындалып жүргендігін көріп отырмын. Қатысушыларға айтар тілегім, қабылдаған шешімдеріңіз оңды болсын, орыс тілі болашағыңыздың жаңа есіктерін ашуда серіктес болсын, - деді өз сөзінде ресей өкілінің басшысы.
Фестиваль аясында орыс тілі мен әдебиетіне қатысты мәнерлеп оқу, музыкалық байқаулар мен сайыстар, сауалнамалар ұйымдастырылды. Дайындық факультеті мен филология факультетінің қазақ бөлімінде оқитын 60 студент орыс тілін шебер меңгергендігін дәлелдеді. Орыс тілінде айтылған әндер мен өлеңдерді мәнерлеп оқу сайысында қазылар алқасы әділ бағасын берген болатын. Әділ-қазылар алқасын ресейлік әріптестер басқарды.
Байқауда фольклорлы және замануи әндер шырқалды, Пушкин мен Лермонтов, Есенин мен Северянин, Ахматова мен Цветаева, Евтушенко мен Дементьевтің өлеңдері оқылды. Орыс тілін жақсы білетін студенттік топтарға сауалнаманы Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі Борис Рывкин жүргізді.
Қатысушылар мен оларды қолдауға келген дос-жарандардың шараға деген шынайы қызығушылығы мен атсалысуы нағыз мерекеге ұласты.
Байқау барысы жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен аяқталды.
Музыкалық байқаудың нәтижелері бойынша шетелдік студенттерден ҚХР студенті Ян Го Цой (1-ші орын), Оңтүстік Кореядан келген студент Ким Кун Енг (2-ші орын), қытай және корей елінен келген студенттердің триосы (3-ші орын) жеңімпаздар атанды. Филология факультетінің студенттерінен жүлделі 1-ші орынды Жадыра Мұзбаева мен Нұржан Нағашбековтың дуэті және Айжанат Қазиева бөлісті. Екінші орынды Шарбат Салихова мен Мөлдір Хасанованың дуэті иеленсе, үшінші орын Гүлзина Баймұрзаеваға бұйырды.
Қазылар алқасының шешімімен осы номинация бойынша арнайы сыйлыққа Бағдат Сұлтанбек лайық деп танылды.
Мәнерлеп оқудан шетелдік азаматтардан ҚХР студенті Лу Юнь (1-ші орын), екінші және үшінші орынды Оңтүстік Кореяның студенттері Канг Ехан және Ан Енг Тей жеңіп алды.
Ынталандыру сыйлығы Испаниядан келген Визэтэ Кастро Педроға берілді. Филология факультетінен жеңімпаздар атанған студенттер: 1-ші орын - Мәриям Тынышпаева, 2-ші орын - Саяжан Тұяқова, 3-ші орын - Назерке Нәкібаева. Сондай-ақ қазылар алқасының сыйлығын Мөлдір Байделдінова мен Айжан Тәупік-қызы ұтып алды.
Фестивальдың екінші күнінде қазақстандық мамандарға арналған «Орыс тілін шет тілі ретінде оқытудың өзекті аспектілері» атты семинары өтті. Семинарда бүгінгі әдістемедегі орыс тілінің жағдайы, «орыс тілінің TOFL», ресей мемлекеттік тест жүйесінің еуропалық стандарттарға сай болуы, т.б. мәселелер талқыланды. Семинарды ММУ-дың халықаралық білім беру орталығы ұйымдастырды.
Жиын барысындағы «дөңгелек үстледе» қазіргі орыс тілінің өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Ресей өкілеттігі жаңа оқу-әдістемелік пен көркем әдебиеттердің көрмесін дайындады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі