Ұлы Жеңістің 65 жылдығы: жауынгер тәлімі

15 сәуір, 2010

14 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Мұражайында ардагерлердің қатысуымен Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған «Жауынгер тәлімі» атты бас қосу рәсімі өтті.

Емен ағашының тамырындай тереңге бойлаған қарашаңырақ - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласы мен ҚазҰУ ардагерлер кеңестерінің мүшелері қонақтап қайтты. Университеттің әскери кафедрасының студенттері мұражай алдында соғыс ардагерлерін бір құшақ гүлмен қарсы алды.

Аталмыш бас қосу қазіргі заман жастарына соғыс жылдарының жаңа қырларын ашуға, маңыздылығын терең түсінуге ықпал етті. Кейінгі жас ұрпақ Ұлы Отан соғысы туралы көркем және деректі фильмдер мен әңгімелерден ғана біледі. Бұл бас қосуда жас ұрпақ қазақстандық ардагерлердің Ұлы Жеңіске жетуде қосқан ұлан-ғайыр үлесін түсініп қана қоймай, қазіргі бейбіт өмір сүріп жатқандығы үшін алғыстарын білдірді.

Бас қосу салтанатты ашылу рәсімімен басталды. Соғыс ардагері және университет профессоры Уәлихан Шалекенов пен проректор Нұрлан Ыбырайым Ұлы Отан соғысына арналған экспозицияға гүл шоғын қойды. Арнайы шақырылған қонақтардан қалалық Ардагерелер кеңесі төрағасының орынбасары Хайыр Омаров, отставкадағы полковник, профессор, РФ Әскери Академияның корреспондент мүшесі Пернехан Ермекбаев және т.б. шақырылды.

Гүл шоғын қою рәсімінен кейін ардагерлер мен студенттер көрмеге қойылған майдан суреттері мен «үшбұрышты» әскери хаттарды, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құжаттары мен ордендерін тамашалды. Сол жылдардың тарихи көзі ретінде мұражайда майдангерлердің алуан-түрлі заттары сақталған. Ұлы Отан соғысына С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дан қатысқан адам саны – 287, соның 50-уі майданда қаза болды. Олардың есімі университеттің естелік кітабында алтынмен жалап жазылған.

Жинақталған мәліметтер жыл сайын соғыс және еңбек ардагерлеріне сол жылдарды есте сақтауына өз септігін тигізді. «Үлкенінен кішісіне дейін майданға аттанғандарға барынша көмек көрсетуге тырыстық. Қыз-келіншектер күн-түн демей жауынгерлер киімін тігіп, майданға жіберді. Мен 15 жасымнан бастап ауылдағы мектепте оқытушы болып жұмыс істедім. Мектептегі барлық оқытушылар мен оқушылар бірігіп ауыл шаруашылығын дамытуға барынша үлес қосқан болатынбыз», - деді әңгімесінде ардагер Бижамал Рамазанова балалық шағын еске алып.

Марқұм соғыс ардагері Ханғали Сүйінішәлиевтің жұбайы Ақсұлу Талапқалиқызы университет мұражайына жолдасының ордендері мен медальдарын тарту етті.

- Осының бәрі қазақ жастарына үлгі болатын дүние. Мемлекеттің тарихи оқиғаларымен таныса отырып, олар ұлттық дәстүр мен батырлыққа тәрбиеленеді, - деді өз сөзінде тәрбие жұмысы және тілдер жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева.

Студенттер өз кезегінде ардагерлерге қазіргі заманның студенттік өмірі мен жетістіктері жайында әңгімелеп берді. Бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған соғыс ардагерлеріне мың да бір алғыс! Жас буын өкілдері ақсақал буынның бойында сақталған осы бір ерекше қасиеттерін үлгі етіп, бойларына сіңіруі тиіс.

Бостандық ауданына қарасты Ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Біржанов мемлекеттің экономикалық және мәдениеттік саласын дамыту үшін жастар қауымын білім мен ғылымға баулу керектігін айтты. Сондай-ақ университет басшылығын Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған шараны ұйымдастыруда атсалықандығы үшін алғысын білдіріп, теңдесі жоқ мұражайдың жұмысын мақтады.

Кездесу барысы «Ұлы Жеңістің 65 жылдығы!» бейнефильмнің тұсаукесерімен аяқталды. Ардагерлерді шығарып салғаннан кейін жастар қауымы көрмеге тағы бір рет үңіліп, өткен ғасырдың зұлмат оқиғасына көз жүгіртті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі