- Басты бет
- Жаңалықтар
- аль-Фараби атындаға ҚҰУ Ректорының баяндамасы "Роль университетского образования в развитии страны"
аль-Фараби атындаға ҚҰУ Ректорының баяндамасы "Роль университетского образования в развитии страны"
Б. Т. Жұмағұлов
әл–Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің ректоры
________________________________
ҚазҰУ
Алматы, 2008 жыл, қыркүйек
УНИВЕРСИТЕТТІК БІЛІМНІҢ ЕЛІМІЗДІҢ
ДАМУЫНДАҒЫ РОЛІ
Құрметті әріптестер, достар!
Алдымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорларын, оқытушыларын, барлық студенттерді жаңа әрі ерекше оқу жылының басталуымен құттықтағым келіп отыр!
Біз бәріміз аса тартымды және қызық кезеңде өмір сүріп жатырмыз деп айтуымызға болады. Еліміз қарқынды дамып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиясын жемісті жүзеге асырып келеді. Қазақстан ғылым мен техниканың түрлі салаларында жоғары жетістіктерге жетіп, ТМД елдерінің арасында жарқын бастамалардың көшбасшысы болып отыр.
Осындай жетістіктерге жеткізген тарихи жолдың мерзімі - 16 жылдан енді ғана асты. Тарихи тұрғыдағы өлшеммен қарағанда бұл өте аз уақыт. Бірақ осындай аз уақыт аралығында еліміз орасан жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің саяси жүйесі, экономикасы, әлеуметтік саласы түбегейлі, сапалы өзгеріп, әлем алдында беделге ие болды.
Қазіргі таңда барлық салада елеулі өзгерістер болып жатыр. Сіздер оның айқын куәсі болып отырсыздар. Жақында ғана Мемлекет басшысының табанды саясатының нәтижесінде бой көтеріп, бүгінде ажары асқақтаған жаңа Астанамыздың мерейтойын атап өттік. Астана тек саяси орталық ғана емес, білім ордасына да айналды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы ерекше назар аударған жоғары білім беру саласы да елеулі өзгерістерге ұшырап, бүгінгі таңдағы сұранысқа орай мамандарға жаңа талаптар қойылып отыр. Болашақта Қазақстанның дамыған мемлекеттердің қатарында үздік орындарды иеленуі үшін жоғары білікті маман даярлау қажет.
Аталған мәселені Елбасы айрықша қадағалап отыр. Мемлекет басшысы ұлттық университеттер мен академиялар ректорларын өзі тағайындайтын болды. Бұл Елбасының Қазақстанның жоғары білім беру саласына деген айрықша назарын білдіреді. Әрі ұлттық университеттердің мәртебесі көтерілді, осыған орай жауапкершілік те артып отыр.
Жетекші университеттерге неге мемлекеттік деңгейде ерекше назар аударылып отыр?
Еліміздің дамуында олар қандай маңызды міндеттер атқарады және олар басқа жоғары оқу орындарынан өзгешелігі неде? Біздің Университетіміз қазіргі заманғы талаптарға жауап беру үшін қандай болу керек? Студенттер мен оқытушылардың деңгейі қандай болу керек?
Міне бүгін мен сіздермен Университеттік білімнің еліміздің дамуындағы ролі атты өзекті тақырыпта пікір алмасқым келіп отыр.
Құрметті әріптестер!
21 ғасыр әлемге «жаңа экономика» – білімге негізделген экономика идеясымен келді.
Бүгінгі таңда кез келген мемлекеттің болашақтағы экономикалық өсуі мен бәсекеге қабілеттілігі білім өндірісі және осы білімді таратушылар арқылы анықталатынын, елдің «интеллектуалды элитасы» екенін өркениетті әлем жақсы түсінеді.
Міне классикалық университеттердің басқа жоғары оқу орындарынан негізгі өзгешелігі осы аталған аспектіден көрінеді. Мұндай университеттердің қатарында біздің әл–Фараби атындағы ҚазҰУ да бар.
Университеттердің ерекше міндеті неден құралатын сараптап көрейік.
Менің ойымша мұндай міндеттердің кем дегенде бесеуін келтіруге болады.
Біріншісі – университеттер тек жоғары оқу орны ғана емес, мемлекет пен қоғам дамуының нағыз орталығы болып табылады.
Олар экономика, саясат және әлеуметтік салалар үшін аса маңызды білім береді, сақтайды және жасайды .
Олар екі түрлі өнім шығарады деп айтуға болады – жаңа білім және білікті кадрлар. Университеттер бірінші кезекте жаңа білім жасау мен ғылымды дамыту арқылы басқа жоғары оқу орындарынан ерекшеленеді, ал басқа жоғары оқу орындары негізінен тек маман даярлайды.
Міне осындай талаптарға сай болу үшін және Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай еліміздің барлық жоғары оқу орындарына үлгі боларлықтай Қазақ ұлттық университетінде не бар?
Біріншіден, бізде 75 жыл бойы қалыптасқан қомақты адами және интеллектуалдық әлеует бар.
Бұл беделді ғылыми мектептер мен кафедралар, олардың көпшілігі халықаралық деңгейде танылған. Аталған мектептердің орасан зор тәжірибесі, көп жылдық дәстүрлі зерттеулері мен мұқият сарапталған ғылыми басым бағыттары бар.
Мұндай әлеует Қазақстанның басқа жоғары оқу орындарынан табылмайды.
Біз келесі жылы мерейтойымызды атап өтеміз, бұл бәріміз үшін аса жауапты міндет.
Осы жылдан бастап–ақ мерейтойға арналған үлкен іс–шаралар кешенін бастаймыз – халықаралық конференциялар, қоғам қайраткерлерімен, әлемнің жетекші ғалымдарымен кездесу, жарияланымдар және басқа да іс–шаралар.
ҚазҰУ тарихтың еркімен Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің бетке ұстары болып табылады емес пе, мұнда мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық бағытын жүзеге асыру барысында болған өзгерістер анық көрініс тапқан.
Біз елімізге және дүниежүзіне Қазақстанның жоғары білімі мен ғылымының дамуын, ал біздің Университеттің мемлекетіміздің болашақтағы элитасын даярлайтын көшбасы екендігін көрсетуіміз қажет.
Осыған орай Гарвард университеті президентінің сөздері есіме түсіп тұр, бірде мұнай алпауыты Джон Рокфеллер элиталық университет құру үшін не нәрсе қажет деп сұрапты.
Ол қысқа ғана жауап қайтарады: 200 жыл және 50 миллион доллар.
Бірақ бұл 19 ғасырдың аяғы еді, содан бері өмірдің қарқыны едәуір өсті, уақыт кем дегенде екі есеге қысқарды.
Сондықтан да менің ойымша, біздің Университетіміз «жасы» мен қаржылық салымдары бойынша әлемдегі элиталы жоғары оқу орындарының қатарында тұр деп сеніммен айтуға болады.
Атап айтқанда, Қазақстанның интеллектуалдық элитасы ҚазҰУ–да шоғырланған, ал бұл аса жауапты міндеттерді шешу үшін негізгі факторлардың бірі болып табылады.
Мұнда 2 мыңға жуық оқытушы, оның ішінде 1000–нан аса ғылым докторы мен кандидаты, 50 PhD докторы жұмыс істейді.
Университетте Қазақстандағы бірегей оқу кешені немесе басқа сөзбен айтқанда ҚазҰУ қалашығы бар. Жер көлемі 80 гектарға жуық, онда оқу корпустары, жатақханалар және инфрақұрылымның басқа да нысандары орналасқан.
ҚазҰУ қалашығының екінші кезектегі іргелі кітапхана, оқу корпустары, жатақханалар, Спорт сарайының құрылысы жүріп жатыр.
Тіпті бүгін біз қазіргі заманғы еуропалық талаптарға сай қайта жөнделген екі жатақхананы ашамыз.
Біздің кампусты көлемі мен құрылымы бойынша шетелдік жетекші университеттердің осыған ұқсас кампустарымен салыстыруға болады, ал оны ары қарай дамыту басым міндеттердің бірі болып табылады.
Жақында Америка Құрама Штаттары Йель университетінің деканы және бас сәулетші Роберт Штерн келіп кетті. Біздің кампусымыз туралы ол былай деді: «Сіздің кампус жер жанаты Алатаудың етегінде орналасқан және берік инфрақұрылымы бар. Егер де тағы да біраз күшейтілсе, онда әлемдегі ең үздік университет кампустарының қатарына кіреді».
Әрине мұны естігеніме қуаныштымын, бірақ менің ойымша, ол өте дұрыс айтты.
Біздің университетіміз ғылым саласында Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасында көшбасшы болып табылатындығы сөзсіз.
Нақты мәліметтердің көрсетуінше, оның ішінде шетелдік те бар, республика жоғары оқу орындарындағы ғылыми–зерттеу жұмыстарының 50 пайызы әл–Фараби атындағы ҚазҰУ–дың үлесіне тиіп отыр.
Бізде жыл сайын 300–ге жуық ғылыми–техникалық жоба, 60–қа жуық жоба халықаралық грант бойынша орындалады. ҒЗИ, ғылыми орталықтар мен Ғылыми–техникалық парк жұмыс істейді.
Қазақстанда мемлекет басшысының бастамасымен құрылған ашық үлгідегі 15 Ұлттық зертханалардың бірі нанотехнология бойынша ҚазҰУ–да құрылған. Мұнда біздің Университетіміз көшбасшы орынға ие болып отыр, біз осы тұғырымыздан таймай оны ары қарай дамытамыз.
Жаңа міндеттерді табысты шешу үшін біз Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмалары аясында әл–Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2009 – 2011 жылдарға арналған түбегейлі жаңа даму стратегиясын жасадық. Мен үш апта бұрын бұл стратегияны мемлекет басшысына тапсырдым, енді ары қарай осы стратегия бойынша жұмыс жасаймыз.
Стратегияның Ережелерін көпшілігіңіз білесіздер, олар Ғылыми Кеңес мәжілісінде қаралған.
Ғылым саласында не жасалды және не жасалатындығына тоқтала отырып, зерттеулерді қаржыландыру жүйесіне енгізуге ұсынылып отырған түбегейлі өзгерістерді атап өтейін.
Біздің мақсатымыз мемлекеттік ғылыми–техникалық әсіресе іргелі бағдарламалар бойынша ҚазҰУ–ды бас мекемеге айналдыру.
Бұл үшін мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде өте үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Тамыз айында болған кездесуде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев біздің көптеген әсіресе ғылыми әлеуетті нығайту туралы бастамаларымызды қолдады.
Ең түбегейлі шешім орасан зор іргелі зерттеулерді Университетімізге ауыстыруды кезең бойынша жүзеге асыру мәселесі болды.
Мұнда біз ғылыми саланы басқару жүйесін түбегейлі қайта құру міндетін көздеп отырған жоқпыз. Бірақ біздің беделді ғылыми мектептеріміз бар бағыттарда ҚазҰУ бағдарламаларды орындау барысында тек өзінің ғана емес, Білім және ғылым министрлігінің құрылымына кіретін басқа да ҒЗИ әлеуетін пайдаланатын бас мекеме болуы тиіс.
Осы салада елеулі өзгерістер бар, Үкімет пен Министрлікке осы мәселені шешу жүктелген. Зерттеулердің деңгейін көтеру үшін жарияланымдарды ынталандырып, олардың нәтижелерінің жетекші шетелдік басылымдарда жарық көруіне ықпал етеміз, бұл Университеттің халықаралық рейтингі үшін де аса маңызды болып табылады.
Мен оқытушы-профессорлар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің жарияланымдарына сыйақы беру жөніндегі Ережеге қол қойдым, бұл әсерлі ынталандыру деп ойлаймын.
ҚазҰУ-да мен айтқан міндеттің бір бөлігін орындауға қажетті потенциал бар. Ол білім өндірісі мен ғылымды дамыту.
Енді университеттердің екінші міндетіне тоқталайын – университеттер еліміздің барлық саласында интеллектуалды элита болатын жоғары кәсіби білікті маман даярлайды.
Сіздер білесіздер, батыс елдерінің жетекші жоғары оқу орындарында саяси элитаны Гарвард, Оксворд, Кембридж, Йель сияқты және басқа да ірі университеттердің түлектері құрайды. Осы жоғары оқу орындары өздерінің түлектері арқылы кеңінен танылып, жетекші корпорация топ-менеджерлерінің басында тұр.
Ал енді біздегі іс жүзіне келсек, бәріңіз білесіздер қазақстандық саяси және экономикалық элитадағы жетекші басқарушылар мен мамандар ҚазҰУ-дың түлектері, олардың ішінде министрлер мен депутаттар, ірі корпорациялардың, банктердің және мекемелердің басшылары бар, олар біздің мақтанышымыз.
Неге классикалық университеттердің түлектері басқарудың жоғарғы сатысына көтеріледі деген сұрақ туындайды?
Өйткені көптеген басқа жоғары оқу орындарына қарағанда классикалық университеттердің студенттері білім алу барысында ғылыми зерттеулерге белсене аралады.
Міне осылай олар практикада жаңа білім алудың қазіргі заманғы технологиялары мен процестерін жетік меңгереді, бағыт-бағдар қалыптастыруға, мәселенің тиімді шешімін табуға үйренеді.
Классикалық білім беретін университеттердің ерекшелігі маман даярлаудың ауқымдылығы пән аралық байланысы болып табылады.
Мұнда студенттер тек мамандықтың аясында қалып қоймай, мәселенің шешімін пән аралық байланыста табуға дағдыланады, бұл болашақтағы қызметі үшін аса маңызды болып табылады.
Міне, осындай сапалық өзгешелік жетекші университеттер түлектерін басқа мамандардан ерекшелеп, оларды интеллектуалдық элитаға жақындатады.
Сонымен қатар аталған ерекшелік түлектердің үнемі ізденісте жүруіне, “өмір бойы оқуына”, ықпал етеді. Ал бұл қазіргі таңда табысты мансапқа жетуге қойылатын басты талаптардың бірі.
Бұған жоғары оқу орнының танымалдылық факторын және түлектердің қалыптасуына осы фирмада немесе салада беделі бар мамандардың корпоративтік қолдауын да қосу қажет.
Осындай маман даярлаудың біздегі жағдайы қандай және ол ары қарай қалай дамиды?
Сіздер білесіздер, бізде еліміздегі аса қуатты 16 мыңнан аса студент, оның ішінде 714 шетел студенті оқитын студенттік кампус бар. Оқыту 14 факультетте, 183 мамандық және қазіргі заманғы құрылым бакалавр, магистр, PhD докторантурасы бойынша 102 кафедрада жүргізіледі. Осы жылы посткеңестік кеңістікте біз тұңғыш рет 56 PhD докторын даярлап шығардық.
ҚазҰУ Қазақстанда бірінші болып PhD докторын екі жетекші – шетелдік және біздің профессорлар арқылы даярлау жүйесін енгізді.
Біз докторанттарға жетекші ретінде танымал шетелдік жоғары оқу орындарының профессорларын шақырып, жүктелген аса күрделі міндетті табысты атқардық. Енді осы практиканы ары қарай дамытамыз.
Қазақстанда біздің Университетіміз жоғары ғылыми потенциалының нәтижесінде бүгінгі таңда және болашақтағы негізгі талаптардың бірі PhD докторларының бағдарламалық ғылыми зерттеулерге қатысуы міндетті болып табылатын PhD докторларын даярлайтын негізгі база болып табылады.
Сондай-ақ оқытушы-профессорлар құрамының ғылыми жұмыстарының белсенділігін арттыру да біздің басты міндеттеріміздің бірі.
Әрбір оқытушы өнімді ғалым болуы тиіс, осы талаптың орындалуын қатаң қадағалайтын боламыз.
Еліміздің Президенті жүктеген маңызды міндеттердің бірі - ҚазҰУ дипломдарының халықаралық деңгейде танылуы және Университтеттің әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының рейтингісіне кіруі болып табылады.
Бүгінде шетелдік мәліметтердің көрсетуінше, Қазақ ұлттық университеті мамандықтар саны және дипломдарының шетелде танымалдығы яғни халықаралық деңгейде танылуы бойынша Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасында көшбасшы болып табылады.
Мұнда да үлкен жұмыстар атқару қажет, біз “салыстырмалы” көшбасшы емес, берік көшбасшы мәртебесін алуымыз қажет.
Біз осы бағыттағы жұмыстарды бастадық.
Қазір он білім беру бағдарламасын халықаралық аккредитациядан өткізуді аяқтап жатырмыз.
Біз осымен тоқтап қалмаймыз.
Алдағы уақытта халықаралық аккредитацияға кем дегенде 25-30 бағдарлама даярлауымыз қажет.
Бұл ҚазҰУ дипломдарының халықаралық деңгейде танылуына елеулі ықпал етеді, яғни түлектеріміздің әлемдік еңбек нарығында, шетелдік және бірлескен компанияларда бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Біз әлемге танымал кредиттік оқыту жүйесін түбегейлі енгізуіміз қажет. Оқытудың мұндай жүйесіне формалды түрде 2002 жылдан бастап көштік.
Биылғы жылдан бастап кредиттік технологияны толық меңгерудің талаптарын бірден күшейтеміз.
Бүгіннен бастап эдвайзерлер мен кеңсе тіркеушілер институты құрылып жатыр. Формалды түрде ғана емес, оқытушылар мен студенттердің Интранетке қосылуын жүзеге асыратын жаңа тәртіпті қамтамасыз ету үшін кредиттік оқу жүйесіне сәйкес жасалған әдістеме бойынша іс жүзінде құрылып жатыр.
Алдағы екі жылда шешілетін міндеттердің бірі - нарық пен студенттердің талаптарын түбегейлі қанағаттандыру үшін даярлықтың дербес траекториясын қамтамасыз ету.
Осы жерде аса күрделі мәселелер туындайды.
Олардың ең негізгісі таңдау курстарының үлесін бірден өсіру қажет, сөйтіп әр студенттің өтілген пәндер бойынша өзінің дербес жиынтығы болуы керек.
Мұндай жағдайда пән бойынша қатаң бекітілген оқу жоспары, мамандықтар классификаторы, сондай-ақ әр мамандық бойынша жаппай маман даярлау қағидасымен құрылған іс жүзіндегі мемлекеттік стандарттар сияқты негізі ұғымдар бұрынғы мазмұнын жоғалтады.
Іс жүзінде біз жаппай даярлықтан біргей мамандықтар бойынша “санаулы тауар” даярлау өндірісіне өтеміз.
Әрине, мұнда мемлекеттік органдармен өзара белсенді қарым-қатынас, үлкен концептуалдық, әдістемелік және нормативтік жұмыстар қажет екенін түсінесіздер деп ойлаймын.
Бірініші кезеңде оқытушылар буыны біраз қиындықтарға кездеседі, енді оқытушы студенттерге емес, егер де пән студенттің болашақтағы жұмыс жоспарына сәйкес болса оқытушыларға студенттер өздері келеді.
Яғни, оқытушы тек бүгінде ғана емес, болашақта да өзектілігін жоғалтпайтын, аса қажетті, сұранысқа ие курс даярлап, оны оқытудың озық технологияларын пайдалана отырып жүзеге асыруы тиіс.
Болашағы зор қашықтықтан оқыту жүйесін де назардан тыс қалдырмау қажет.
Сондықтан да кредиттік оқу жүйесін толық енгізу үшін әр профессор, әр оқытушы бәріміз де оны терең түсінуіміз қажет.
Аталған технология қалыптасқан менталитет пен бүкіл кадр даярлау жүйесін түбірімен өзгертеді, біз оған дайын болуымыз қажет.
Біздің түлектеріміздің бәсекеге қабілеттілігі мен сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету үшін осы аталған мәселелерді тез арада шешу керек. Осы күрделі істі орындау барысында Сіздердің түсініктеріңіз бен қолдауларының қажет.
Бұл халықаралық аккредетация алу үшін яғни дипломдарымыздың халықаралық деңгейде танылуы үшін де аса маңызды болып табылады.
Сондай-ақ элиталық университет ретінде біз жаппай маман даярлаудан жоғары сапалы дербес студент даярлауға өтуіміз қажет.
Осы жылы біз Университетке қабылдауды 1000 адамға қысқарттық, бұл жеңіл болған жоқ.
Келесі жылы мүмкін бұдан да көп қысқартуымыз мүмкін.
Бірақ магистратура мен PhD докторантурасының санын көбейтеміз, әрине даярлау сапасы да бірден көтерілетіні сөзсіз.
Атап өтетін аса маңызды аспектілердің бірі - еліміздің жетекші жоғары оқу орны оқытушыларының жоғары мәртебесін қамтамасыз ету.
1 маусымнан бастап басқару аппараты мен қызметкерлердің, 1 қыркүйектен бастап оқытушы-профессорлар құрамының еңбекақысы көтерілгенін атап өткім келеді.
Біз мұны ішкі қорларды пайдалана отырып жүзеге асырдық, нәтижесінде орта есеппен еңбекақы 30 пайызға, ал жеке санат бойынша 100 пайызға дейін өсті. Еңбекақының жылдық қоры 500 миллион теңгені құрайды.
Алдағы уақытта да еңбекақыны көтеру мәселесі Университет басшылығының назарында болады.
Осыған байланысты әр қызметкердің жалпы жұмысқа қосқан үлесіне байланысты ынталандырушы дифференциалдық еңбекақы төлеу жүйесі енгізіледі.
Қазіргі кезде осыған орай туындайтын мәселелер өте көп әрі күрделі, сондықтан да мұны нақты негіздеп оны практикаға енгізу қажет.
Бұл жұмысты Университеттің қаржылық және оқу қызметтеріне жүктеймін.
Болашақтағы еңбекақыны көтеру көздерінің бірі – гранттардың құнын көтеру. Ол тек қана ОПҚ еңбекақысын көтеру үшін ғана емес, сонымен қатар шетелден шақырылған профессорларды және кампусты ұстау үшін басқа да көптеген міндеттерді шешу үшін аса қажет.
Және осы мәселе бойынша “іс алға жүре бастады”.
Біз Үкімет пен Министрлік тарапынан қолдауға қол жеткіздік, енді келесі жылдан бастап ҚазҰУ гранттарының саны едәуір өседі.
Сонымен қатар біздің жарқын бастамамыз Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындарына ықпал етті, енді олар да гранттардың құнын көтеру жөніндегі мәселені қарастыруда.
Екінші қайнар көз — ғылыми зерттеулерді дамыту.
Бүгінгі таңда біз жыл сайын сегіз жүз миллион теңгенің ғылыми жұмыстарын орындаймыз, бірақ бұл шегі емес.
Зерттеулерді ұйымдастырудың жаңа тәсілдері, университеттің мақсатты ғылыми бағдарламаларды әзірлеуі мен жүргізуі, ғылымды қаржыландыруды едәуір көбейтеді деп ойлаймын. Бұл білім беру үдерісіне, белсенді зерттеушілер болып табылатын оқытушылардың әл-ауқатына игі әсер етеді.
Университеттің үшінші міндеті — олар тек білім беру мен ғылыми қызметімен ғана айналысып қоймай, инновациялық салада да жұмыс істейді.
АҚШ-тың Калифорниясындағы «Силиконды алқап» феномені сіздерге жақсы таныс деп ойлаймын. Ол жоғары технологияның, әсіресе электрониканың, ақпараттандырудың, биотехнологияның дамуының символына айналып, АҚШ-тың осы салалардағы көшбасшылығының дамуына үлкен үлес қосты.
Дегенмен, «керемет» өзінен өзі болған жоқ — жаңа ғылыми нәтижелердің, технологиялық инновациялар мен кадрлардың жеткізушісі болған Стэнфорд пен Беркли университеттері шешуші рөл атқарды.
Олар инновациялық үдеріске АҚШ-тың ең атақты ғалымдарын тартты, мұның нәтижесі айдан анық.
Әлемнің басқа да ірі университеттері инновациялық үдеріске белсенді қатысады.
Сонымен қатар, осы қызмет университетті қаржыландыру мен осы салаға жеке капиталды тартудың маңызды қайнар көзі болып табылады. Әлемдік тәжірибеде бұл жақсы танылған, бірақ бізде ол әлі дамыған жоқ.
Бұл жерде Оңтүстік Кореяны мысал ретінде алуға болады. Оның ең беделді университеті — Корея университетінің бюджеті жылына 1 миллиард долларды құрайды.
Самсунг, Хюндай мен LG сияқты индустриалды корпорациялардың жарналары осы бюджеттің едәуір бөлігін құрайды. Бұл жеке капиталдың елдің ең ірі жоғары оқу орны жұмысының нәтижелеріне — білікті кадрларға, ғылыми нәтижелер мен технологиялық әдістемелерге нақты қызығушылығын көрсетеді.
Біз бұл жағынан әлі артта қалып отырмыз.
Сондықтан, барлық факультеттердің, ҒЗИ-дың, технопарктің алдына осы бағыттағы жұмысты түбегейлі қайта қарау, біздің әдістемелерге қызығушылық танытушы Даму және бизнес институттарымен белсенді өзара байланысқа өту міндеті қойылған.
Төртінші міндеті — университтеттер белсенділігінің зор ауқымдылығы.
Олар әлемдік білім беру жүйесіне бірігіп қана қоймай, әлемдік ғылыми – технологиялық кеңістіктің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Бүгінгі таңда ғылыми жаңалықтардың басым бөлігі жасалды және олардың ірі халықаралық кооперация жанындағы университеттерде жасалатыны баршаға мәлім.
Академиялық мобильділік — әлемнің жетекші университетерінің «визиттік карточкасына» айналған студенттер мен оқытушыларды халықаралық белсенді алмасу бұл жерде маңызды болып табылады.
ҚазҰУ-дың халықаралық ынтымақтастығы дамыған және табысты дамуда екенін сіздер білесіздер.
Бірақ бүгінгі таңда біздің алдымызда одан да ауқымды міндеттер тұр.
Біріншіден, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен оқытушыларды шетелде болған біздің профессорларымыз университеттің басқа оқытушыларына алған тәжірибесін тиімді бөлісетіндей, жүйелі түрде алмасуды қамтамасыз ету.
Екіншіден, студенттермен алмасуды қарқындатамыз, бұл үшін ағылшын тілі бойынша, ал содан соң басқа да тілдер бойынша тілдік даярлығы бар арнайы топтар құрамыз.
Келешекте тағы бір идеяны — тілдік даярлығы жоғары ең дарынды студенттерден арнайы топ қалыптастыруды талқылау мен ойластыруды ұсынғым келеді. Бұл топта студенттер ғылыми жұмыстарға тартылады, соның ішінде шетелдік ғылыми гранттар бойынша шетелге ғылыми машықтануға барады.
Оңтүстік Корея университетінде осыған сәйкес Нобель сыйлығының болашақ лауреаттарын даярлайтын «Жұлдыз жолы» атты жаңа жоба пайда болды.
Біз үшін міндетті осылай қою оңай шаруа емес, бірақта біздің зерттеулерді әлемдік деңгейге дейін көтеруді қамтамасыз ете аламыз деп ойлаймын.
Осы ойды қалай жүзеге асыру туралы бірге ойланайық.
Бесінші міндет — университтегі студенттер болашақ маман, ретінде ғана емес, бүгінгі академиялық қауымдастықтың негізгі серіктестігі ретінде мойындалады.
Шетелдік жоғары оқу орындарының жұмысын талдау барысы көрсеткендей, студенттер іс жүзінде, соның ішінде түлектер жұмыс істеуге келетін фирмаларда тәжірибеге айналатын зерттеулер мен әдістемелердің едәуір бөлігін орындайды.
Өз кезегінде университеттер өздерінің болашақ түлектерінің жұмысқа орналасуының ең тиімді мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Бұл үшін, атап айтқанда, оқытудың икемді және жеке дара маршруттары қызмет етеді.
Менің ойымша, барлық қатысушылар университеттің өз студенттерімен және түлектерімен үнемі «кері байланыс» ұстап тұрудың да маңызы зор.
Білім алушылар деңгейінде ол студенттің өзін-өзі басқарудың белсенді рөлі, оның білім берудің мазмұны мен сапасын бағалауға қатысуы, демалысты ұйымдастыруды ретінде көрініс табады.
Түлектер деңгейінде — бұл ұдайы байланыс ұстап тұру, олардың университеттің ұйымдарымен, фирмалармен пәрменді байланыс орнатуда, өз жоғары оқу орнының басқа да түлектерін жұмысқа орналастыруда және мансаптық ілгерілеуде көмек көрсету.
Мұның барлығы оқытушылардың, студенттер мен түлектердің айрықша ортақтығының қайталанбас атмосферасын — әлемнің барлық ірі университеттерінің мақтан тұтатын «корпоративтік рухын» құрады.
Бұл рух өз «альма матері» үшін мақтаныш университет пен жеке тұлғаның өзара жауапкершілігі, жоғары оқу орнының оң имиджін қалауда, ел мен әлемдік аренада ұстап тұру және ілгерлету.
Бұрынғы жылдары ҚазҰУ-да мұндай атмосфера болған, біз оны қайта жаңғыртуымыз керек. Бұл үшін стратегияны жүзеге асыру бойынша Іс-шаралар жоспарында тұтас іс-шаралар жүйесі қарастырылған.
Студенттің өзін-өзі басқарудың рөлін күшейту үшін қажетті шешімдер қабылданды.
Қазіргі таңда бізде студенттің өзін-өзі басқарудың органдарын — Студенттік сенатты, «Сұңқар» студенттер кәсіподағын, жатақханалардағы Жоғарғы студенттер кеңесі мен Тәртіп сақтау жасағын біріктіретін Жастар ұйымдарының комитеті құрылған.
Өз әлеуметтік-психологиялық қызметі бар Студенттік офис ашу бойынша жұмыс басталды.
Студенттердің біздің ортақ университетті басқаруға тікелей қатысуының үлкен келешегі бар, университет басшылығы оның дамуы үшін барлық қажеттілікті жасайды.
ҚазҰУ-дың түлектер қауымдастығының жұмысы да бүкіл университет көлемінде ғана емес, әрбір факультет бойынша жанданады.
Жуық арада біз ҚазҰУ-дың Қамқоршылар Кеңесін қалыптастырамыз, оған ірі мемлекет және қоғамдық қайраткерлері, бизнес, БАҚ, ғылым мен мәдениет өкілдері кіреді.
Жұмысы әлемнің ірі жоғары оқу орындары үлгісі бойынша құрылған бұл Кеңес Университетіміздің дамуы үшін, оны мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам тарапынан қолдау үшін жағдай жасайды деп ойлаймын.
ҚазҰУ-дың корпоративтік рухын қайта жаңғырту үшін әрбір оқытушы мен әрбір студент тарапынан біздің ортақ іс үшін жауапкершілікті жүйелі түрде арттыру қажет.
«ҚазҰУ профессоры» немесе «ҚазҰУ студенті» деп мақтанышпен және құрметпен айтылып, көптеген ғылыми атақтар мен марапаттаулардан жоғары бағаланатын уақыт алыс емес деп ойлаймын.
Құрметті достар мен әріптестер!
Әрине, Университеттік білім беру мен Қазақ ұлттық университетінің еліміздің дамуындағы ерекше міндетін басқаша сипаттауға да болады.
Бүгін олардың мен үшін ең маңыздылары ғана атап көрсетілді.
Сіздің баршаңыз Елбасы Н.Ә.Назарбаев стратегиялық бағытын жүзеге асыруға және біздің жас Қазақстан Республикасының дамуына қомақты үлес қосу үшін университетіміздің міндетін тиімді орындалу туралы ойлануыңыз керек деп ойлаймын.
Осы жолда сіздерге үлкен табыс тілеймін!
Егер де сұрақтарыңыз болса — жауап беруге дайынмын.
Сондай-ақ, өз ойларыңызды білдіріп, ұсыныстар енгізулеріңізді сұраймын — бүгін оларды талқылауға мүмкіндік бар.
Назар қойып, тыңдағандарыңыз үшін рахмет!