«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

22 сентября, 2010

Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА:

ЕҚЫҰ саммиті қазақстандықтардың патриоттығы мен ауызбіршілігін күшейтеді

- Қазақ жері ежелгі түркі өркениетінің алтын бесігі еді. Осы түркі өркениеті рухының біздің аймақтан Анадолыға (Түркия) көшуінің себебі неде деп ойлайсыз?
- Себебі бүгінде ежелгі түркі өркениеті рухын өзге түркітілдес халықтарға қарағанда Түркия қатты «жоқтап» жатқан секілді...
«Жоғын жоқтау» - бас көтерер шамасы бардың еншісі. Түркия - халқының саны жағынан болсын, экономикалық дамуы мен саяси аренадағы салмағы тұрғысынан болсын түркітілдес халықтардың арасында алдыңғы қатарда екені анық. Қазақстанның он алты миллионнан астам халқы болса, Түркияның бір ғана Ыстамбул қаласында осы мөлшерлес адам тұрады. Түркия - алып Осман империясының мұрагері. Өз уақытында Осман империясы айналасындағы халықтарға «тізесін батырып», кейбіреулеріне тілдерін ұмыттырып жіберді, демек, түріктендіріп жіберді. Бәлкім, түріктердің көбеюінің бір сыры да осында жатыр.
Бүгінде Түркия ұлы Түркістан идеясының «жоқтаушысы» болып отырғаны рас. Бұған Түркияда түркітілдес халықтардың басын қосқан ғылыми жиындардың жиі өтуі, «Еуразия диалогы платформасы» сынды түркі елдерінің зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан мәдени-әлеуметтік ұйымның болуы, студенттерге грант бөліп оқытуы, тағы-тағылар мысал болады. Түрік ғалымдары: «Анадолы - біздің екінші жұртымыз. Атажұртымыз - Орта Азия мен Енесей маңы, ал рухани діңгегіміз - Түркістанмен, Қожа Ахмет Иассауимен тікелей байланысты» дейді. Қазақстанға келетін түріктер Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне ат басын бұрмай кетпейді. Бұл - өренің кеңдігі мен мәдени мұраға деген құрметтің көрінісі.
Байқауымша, Түркия билігі түркітілдес халықтарға қатысты мәселелерге енжар қарамайды. Соның бір айғағы: Қытайдағы ұйғыр мәселесіне қатысты алғашқы болып Түркияның өз көзқарасын ашық білдіруі. Жақында телеарнадан «Түркі халқының музыкасы» атты арна іске қосылып, ертелі-кеш түркітілдес ұлттардың заманауи ән-саз, өнер туындылары берілетіндігін көріп қуанып қалдым. Бұл арна тілі ұқсас, діні бір ұлттардың жастарын бір-біріне рухани жақындастыру мақсатында ашылса керек деп ұғамын.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде түрік ғалымдарымен қоян-қолтық қарым-қатынас орнатылған. Өткен жылдың ірі ғылыми іс-шараларының бірі - түркі математиктерінің бүкіл-әлемдік тұңғыш конгресі ҚазҰУ ректоры Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың тікелей ұйымдастыруымен өтті. Бұл да Қазақстанның түркілік әлем руханиятын жақындастыруға қосқан зор үлесі. Біздің Философия және саясаттану факультетінде төрт PhD докторанттың шетелдік қосымша ғылыми жетекшісі Түркияның белді университеттерінің профессорлары, оның ішінде Сорбонна университетінің түлегі - Алтынташ Хайрани да бар.
- Өзіңіз білесіз, Түркия азаматтығын алған өзге халықтардың төлқұжатында «түрік», ал Францияны мекендейтін өзге ұлттардың төлқұжатында «француз» деп жазылады. Бұл қандай саясат? Өзге ұлттың жергілікті халыққа деген құрметін ояту емес пе?
- Бұл - азаматтық негізге сүйенген елдік сана саясаты. Ол шыққан түбір-тектік, қандастық принципін ұстанбайтын азаматтық көзқарасты орнықтыру саясаты. Елдің орналасқан территориясын атам заманнан мекендеп, соның шекарасына ие болған, мемлекеттің атауында тұрған ұлтқа деген құрмет міндетті түрде болуы тиіс. Түркия азаматы, бірақ тегі гректің төлқұжатында «түрік» деп жазылғанымен ол өзін күнделікті өмірде этномәдени, тұрмыс-салттық, өзін-өзі ұстау дағдысы тұрғысынан түрік сезінбеуі мүмкін, өйткені оның қаны, жаны - грек. Бірақ Түркияны арғы атасынан бастап мекен етіп отырғандықтан, Түркия азаматы болғандықтан да ол - түрік. Қаны - грек, азаматтығы - түрік грек пен қаны да, азаматтығы да түрік түріктің ортақтығы олардың екеуінің де өзінің Отанына деген, яғни туған жері мен еліне деген құрметі мен сүйіспеншілігі. Франция азаматтығын алған өзге ұлттар француздығын мақтан етеді. Өмір сапасының жоғарылығы, еткен еңбегінің лайық өтемінің болуы, әлеуметтік қамтамасыз етілу, қарым-қатынас мәдениетінің биіктігі және жеке бас қауіпсіздігі - міне, осылар әлем елдерін тұруға не қолайлы, не қолайсыз ететін факторлар.
Мысалы, біз Расул Ғамзатовтың дағыстандық ақын екенін білгенімізбен, әлем оны «орыс ақыны» деп таниды. Герольд Бельгер неміс жазушысы ма, әлде қазақ жазушысы ма?.. Қаны - неміс, бірақ жаны - қазақтан емес деп айта алмайсыз... Ол - немісше ойлайтын, орысша жазатын, қазақтың ұлттық мәселелеріне қазақ болып үн қататын жазушы.
- Ағылшындардың даму саясатында англо-саксондық, ал түріктердің өздеріне тән «түрік стилі» бар. Сіздіңше, осы ғасырда қазақ халқы даму үлгісін қай бағытта ұстануы керек?
- Біздің мемлекеттің саясаты - жемісті диалог, келісімге бастайтын толеранттылық принципін ұстанған көп бағытты саясат. Жер байлығымызға қызығып та, ашкөзденіп де қарап, өз пайдасына «саяси ойындар» жүргізетін алпауыт державалар аз емес. Біз мұндай «саяси ойындардың» құрбаны болып қалмау үшін барынша ықтияттылық таныта отырып, бәрімен теңдей қарым-қатынас орнатуымыз керек. Яғни бұл жерде үлкен дипломатия қажет. Бүгінде біз өмір сүру стилі тұрғысынан, мысалы, киім киіну үлгісі жағынан, еуропалық өркениетке бейімделіп барамыз. Рас, бізге орыстардың мәдени де, ақпараттық та ықпалы зор. Оның тамыры сонау тереңде жатыр. Бірақ дүниетаным, рухани тұрғыдан алғанда өзімізге тән түркілік бағытымыздан ажырап қалмауымыз керек. Әйтпесе біз өзіміздің бет-бейнемізді жоғалтамыз. Бұл, әрине, ұлттық бірегейлік үшін өте қауіпті.
- Сіздіңше, мәдени құндылықтардың бағасы нарықтық қоғамға тәуелді ме?
- Өкінішке қарай, бүгінде мәдени құндылықтардың бағасы нарықтық қоғаммен байланысты болып тұр. Өйткені қазіргі заманда кез келген нәрсенің нарықтағы сұранысқа тәуелді екені анық. Бұл заман мәдениеттің өзін де тауарға айналдырып жіберді. Әрбір өркениетті ел мәдени құндылықтарды қорғау тұрғысынан өзінің өресінің биік екенін танытады. Менің түсінігімде, өркениетті ел дегеніміз - өзінің мәдени құндылықтарына, руханият саласымен айналысатын тұлғаларына қамқорлық танытып, жалпы айтқанда, рухани өмірінің қызықты да, мәнді болуына жан-жақты жағдай жасаған мемлекет.
Мәдени өнімдер - көзге бірден көрінетіндей пайда әкелмейтін өнімдер. Нақты өндірістен шыққан зат, айталық, экскаватор нақты жерді қазып, одан нақты көзбен көріп, қолмен ұстайтын қазба байлығын алып шықты. Ал жазушының жазған кітабы, әншінің шырқаған әні, ғұламаның терең пәлсапасы эфемерлі дүние - оның әкелетін пайдасы да, еткен әсері де ұзақ уақытты қажет етуі мүмкін әрі ұзап барып көрінуі мүмкін. Бірақ рухани әлемді байыту, адами қасиетті дарыту тұрғысынан қарағанда оның беретін пайдасы экономикалық байлықтан еш кем емес. Экономикалық байлық кім үшін жасалады? Адам үшін. Ендеше, адамдығын жоғалтпаған адам болуды қамтамасыз ететін руханият саласын экономикалық тиімсіз сала деп жоққа шығару - барып тұрған көзсіздік, алды-артын ойламағандық!
Қарапайым мысал, есік алдына түрлі жеміс-жидек, көкөністермен қоса гүлді де өсіреміз. Не үшін? Бір қарағанда, жеміс-жидек, көкөніспен салыстырғанда гүлдің әкелер пайдасы шамалы секілді көрінеді. Гүлді, әрине, жұлып жемейсің, жұпар иісін иіскейсің, әдемілігін тамашалайсың, жан рахатын табасың. Жеміс-жидекті базардан сатып алса да, есігінің алдына жайқалтып гүл өсіретін адамдар қаншама! Гүлді күтіп, баптайды, қысқасы, қаншама еңбек күшін жұмсайды. Неге? Оны қорек етпейді ғой? Өйткені адамның адамдығы сонда - ол тек қана биологиялық қажеттілік шегінде қалып қоймаған тіршілік иесі, өйткені адамда рухани қажеттілік бар. Демек, қоғамның тұтастай рухани қажеттілігін өтейтін мәдениет те әлгі гүл сияқты күтіп-баптауды, тамашалауды қажет ететін маңызды сала.
Ғалымдарға, мәдениет қайраткерлеріне жағдай жасау да - мәдениетке, руханиятқа деген үлкен күтім. Орайы келіп тұрған соң айтпасқа болмас - қайта-қайта өз университетін мысалдап кетті ғой деп сөге көрмеңіздер - ҚазҰУ-да қазір ғылыми консультант қызметін тағайындау туралы Ереже даярланып жатыр. Мен ректорымыздың бұл қадамын ғылым-білім саласына, демек, мәдениетке жасалған қамқорлықтың көрінісі деп бағалаймын. Өмірін университетке арнаған, тұтастай бір ғылыми мектеп қалыптастыра білген ғалымдар қартайған шағында қалтаңдап жүріп дәріс оқымас үшін, бірақ академиялық ортадан көз жазбас үшін одан артық не керек?!
Жер-жерде рухани өнім туындататын ғалым қайраткерлерге осы іспеттес қамқорлықтар көрсетілсе, біздің ел нағыз өркениеттілік өре танытады.
- Кино - мәдениеттің үлкен бір саласы. Бүгінде депрессияға ұшырап, ем іздеп жүрген жандарды жиі кездестіруге болады. Психологиялық күйзеліске ұшырап жатқан қазақтардың дертіне криминалды, қантөгіс, атыс-шабыс фильмдер де себепкер емес пе?
- Болса болар, біржақты кесіп айту қиын. Кейбіреулер ондай фильмдер психологиялық тұрғыдан адамда жиналып қалған агрессияны сыртқа шығару жолы деп түсіндіреді. Оның да сөзінің жаны бар. Бірақ әрнәрсенің өз шегі бар, не нәрсе болса-дағы мөлшермен болғаны дұрыс. Қазақта «буыны қатпаған» деген түсінік бар. Ол тек нақты мағынасында ғана емес, астарлы түрде адам санасына қатысты да айтылады. Психикасы бекемделмеген жас бала үшін шытырман оқиғалы атыс-шабыс, зорлық, жалаң нәпсі дұрыс жол көрсетпесі түсінікті. Байыбына бара білмеген бала үшін виртуалды әлем шындығы - кино, компьютерлік ойын шындығы - нақты өмір шындығымен араласып кетпесіне кім кепіл?! Жастар еліктегіш келеді, ал соның арты неге апарып соғады - бір құдай білер... Теледидарды өшіре салып, компьютердің керек кнопкасын баса салып, ондағы сұмдықты тоқтатуға болар, өлтірілген персонаждарды тірілтуге болар, ал нақты өмірде ондай мүмкіншілік жоқ қой. Жасаған қателігің, қоқан-лоқы зорлығың үшін не біреудің басы, не сенің өзіңнің басың кетеді емес пе?!
Күйзеліс демекші... Бір қызығы, әлемде жүргізілген әлеуметтанулық ізденістер бойынша, өркениетті елдердің тұрғындары өмір сүру деңгейі нашар мемлекеттердің халқына қарағанда өздерін бақытсыздау сезінетін көрінеді, көбірек депрессияға түсетін көрінеді. Өйткені тәнге жасалған жағдай ішкі әлеміңдегі қайшылықты түзете алмасы белгілі. Сондықтан болар, адамның өзіне-өзі қол жұмсауы - суицид көріністері өркениетті елдер: Америка, Англия, Жапония және т.б. жерлерде көптеп кездеседі. Ал жағдайы тым нашар материк - Африка тұрғындарының арасында өзіне-өзі қол жұмсау өте сирек кездеседі, олар қырылып жатса - аурудан, аштықтан көз жұмады. Озық дамыған өркениетті елдердің тұрғындарына қарағанда африкалықтар өздерін әлдеқайда бақытты сезінеді. Парадокс па? Парадокс! Адам әлемі, жалпы, парадокстардан құралады.
...Бүгінгі таңда отандық телеарналардан беріліп жатқан фильмдердің басым бөлігі криминалды қантөгіс, атыс-шабыс және эротикалық иірімдерді қамтитын секілді. Әрине, мұндай фильмдер адамның жүйкесіне, әсіресе, жастардың жүйкесіне салмақ түсіреді. Жастар тұрмақ үлкендердің өзі де осы заман киноиндустриясының арзанқол фильмдерінің арасында адасып қаларлықтай. Көрсеткенді көре бермес үшін мәдени талғам қажет. Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде арнайы интеллектуалды киноклуб ашылған. Оны республикамызға танымал философ, кинозерттеуші Олег Борецкий жүргізеді. Киноклуб ой тастайтын фильмдерді көрсетіп қана қоймай, соны талқылау арқылы жастарымызды ортаға шығып сөйлеу мәдениетіне - шешендікке баулиды. Олег Борецкий риторикадан дәріс беретіндіктен сол киноклуб алаңқайы риториканы теориядан өмірлік тәжірибеге ұластырып отырады. Осындай мәдени-интеллектуалды іс-шараларды оқытушы-ғалымдарымыз көбірек жүргізгені абзал.
Жалпы, мен сериал көрмейтін әйелдер қатарынанмын. Десе де, көпшілік көріп отырған кейбір түрік сериалдарының үзінділерінен мен жақсы ой түйіп қаламын. Бұрынғы бразилиялық арзанқол сериалдарға қарағанда түрік фильмдерінің идеясы біздің дүниетанымымызға жақын деп білемін. Сериал кейіпкерлерінің жерді, онда жасалатын еңбекті құндылық деп қарауы, жанұясын бағалауы көрерменге ой салар деп ойлаймын. Мысалы, бір фильмде кедей отбасынан шыққан жігіт өзін-өзі жетілдіріп, адам болады, іскерлігімен байлыққа кенеледі. Мүмкіншілігі бола тұра, сол өзі шыққан кедейлер кварталынан алыстамайды. Ондағы қарапайым көршілерінің жағдайын ойлайды. Оларға ақшалай көмек береді. Кедейлері ақша ұсынғанда: «Ой, шіркін, тегін ақша!» деп ішіп-жеуді көздемейді, «Сенің ақшаңды жайдан-жай ала алмаймыз, бұл жақсылығыңды еңбек етіп қайтарайық. Өзімізге кішігірім жұмыс орнын ашайық, табысын сенімен бөлісейік» деп ұжымдасып, әрекет етеді. Міне, мәселе қайда жатыр - байдың байлығына ашкөзденіп, «берсе несі кетеді, жатып ішейік» демей, өздерінің жауапкершілігін түсінеді. «Амалдан ниет қымбат» демекші, ниет дұрыс болуы керек.
- Байқаймын, сіз романтиканы аңсайтын секілдісіз... Сіздердің буындарыңызға романтика тән еді.
- Романтик емес философты білмеймін (жымияды). Біздер романтик болуға тиіспіз. Рухани әлеммен қатысты адам романтик болмаса, оның ісінен ешқандай нәтиже күтуге болмайды. Романтиктердің арқасында тарихта талай нақты ізгіліктер жасалған. Романтик еместерге мен өз жанын өзі жегендер деп мүсіркей қараймын. Романтика адам жанын өсіреді деп түсінемін.
- Мен романтиканы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі деп түсінемін. Сіз ше?
- Романтика көркем жанр ретінде махаббат сезімімен байланысты шығармаларды еске түсірсе, түсірер. Менің түсінігімде, романтика дегеніміз - белгілі бір мағынада адамның психологиялық ерекшелігі. Көзге көрінетін, нақты әлеммен ғана шектелмейтін қиялшыл да әсершіл адам - романтик. Ол әлемді, адамдарды идеализациялаудан, ішкі сезіммен түйсінуден тұрады.
- Готикалық стильде француздың, немістің сәулетшілері әлемдік деңгейдегі, нақты айтқанда, әлем мәдениетін дамытуға үлес қосқан мәдени ескерткіштер тұрғызды. Қазақтың әлемдік мәдениетке үлес қосқан мәдени ескерткіштерін атай аласыз ба?
- Әлемдік мәдениетке үлес қосқан, тамыры тым тереңде жатқан ескерткіштеріміз өте көп. Хайуанат стилінде жасалған мәдени артефактарымыз әлемдік деңгейдегі ескерткіштерден бір мысқалға кем емес. Айша бибі, Қарахан, Қожа Ахмет Иассауи, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Бекет ата кесенелері мен Есіктің, Берелдің алтын адамдары, Отырардың тарихы және т.б. қаншама ғасырлармен үндеседі. Тастан үй қаламаған, өмірден басқасының барлығын «жуылып кететін қолдың кірі» деп түсінген көшпенділердің ұрпағы біздер үшін бұл да аз мұра емес.
Өзге түркітілдес халықтармен салыстырғанда, әрине, түрік халқы өте мол мәдени ескерткіштердің мұрагері. Себебі Осман империясының басып алған территориясы толығымен отырықшы мәдениеттер ошағы болғаны белгілі. Олар Византияның, Грекияның мол материалдық мәдениетін иемденіп қалды. Соның нәтижесінде олар бүгін ірі туристік мемлекетке айналып отыр. Жермен жексен болып қираған қалалардың келер ұрпақ үшін баға жетпес байлығы топырақ астында ғасырлар бойы жасырынып жатқан. Жыл сайын Еуропа мен Ресейден, әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар Түркияға тек дем алу үшін ғана емес, киелі ескерткіштерді - өткеннен жеткен «тасхаттарды» оқу үшін барады деп ойлаймын.
- Елімізде урбанизациялану құбылысы күннен-күнге өріс алып келеді. Далалық мәдениеттен бастау алатын қазақы дүниетаным болашақта түбегейлі қалалық мәдениетке ойысуы мүмкін бе?
- Урбанизация - объективті құбылыс. Біздер өркениетті елдер қатарына қосыламыз десек, әлемде болып жатқан ағымдардың көшіне ілесуіміз керек. «Қазақ урбанизацияланады» деген сөзден қорқатын ештеңе жоқ. Бұл - әлемдік тенденция. Ауыл - мәдениет мекені болса, қала - өркениет мекені. Ауыл - ұлттық құндылықтар, әдет-ғұрып пен дәстүрлер қоры, қандастық жолымен біріккен адамдар тобы болса, қала - азаматтық сананы қалыптастыратын, қанына емес, ісіне қарап баға беретін, атасына емес, ақылына қарап араласатын қауым. Екеуі де бізге қажет.
Біздер тек қана ауылшаруашылық өнімін алатын және пайдалы қазбалар табатын аймақ ретінде қалып қоймауымыз керек. Егер біз урбанизацияланып, қалалық нарыққа көндігетін болсақ, экономикамыз қарқынды дамитын болса, ауылшаруашылық өнімдері мен пайдалы қазбаларды тек сатып қоятын емес, көзін тауып көп пайда көретін, байлыққа ақылымен, технологиясымен кенелетін халыққа айналамыз.
- Ауылдан қалаға жыл сайын жұмыссыз жастар ағылып жатыр. Қалада баяғыдай өнеркәсіп мекемелері, заводтар, фабрикалар жоқ...
- Бұл процесс уақытша болар деп ойлаймын. Ірі өнеркәсіптерді жандандыратын уақыт жеткен секілді. Ауыл жастарын қаңғытпайтындай жағдай тудыру керек. Үй алып, тұрақтағанша дала баласына уақытша мекен болатын жатақхананы көптеп салу керек. Екінің бірінің тез арада үй алу мүмкіндігі болмағанмен, жатақханаларда тұрып, жұмыс істеп, қалаға дағдылануына әбден болады.
- Мәдениеттанушы ғалымдар әрбір әлеуметтік топтың өзіндік мәдениеті бар екенін айтады. Бүгінгі қазақ жастарының мәдени әлеміне бірыңғай ортақ сипаттама беруге бола ма?
- Ортақ сипаттаманы жалпы әлемдік тенденциялар тұрғысынан ғана беруге болады. Бүгінгі жастар - электронды виртуалды әлемнің жастары. Бүгінгі жастардың арасын әлеуметтік мәртебесі ғана емес, діни сенімдері де алшақтатып жатыр. Діни бағытты ұстанған жастарды түнгі клубты кезіп жүріп қызық қуған жастармен мүлдем салыстыра алмайсыз, жоғары білімді жастар мен оқудан ерте қол үзгендері де екі бөлек дүние. Солай болуы тиіс те. Қоғам болған соң ол қоғамда түрлі әлеуметтік топтар болуы заңды, соған сай өзіндік субмәдениеттің болуы да жөн. Тіршілік - алуан қырлы, сонысымен де қызықты. Табиғатты да, әлеуметті де бірыңғайлық, біртектілік құрдымға бастайды.
- Салиқалы пікір айтып, қоғамды елең еткізерлік еңбектер ұсынатын мәдениеттанушы жас ғалымдарды көре бермейміз... Неге?
- Жас ғалымдар жоқ емес, бар. Оларды халық жаппай танып-білуі үшін оларды көпшілікке таныстыратын газет-журналдар, телебағдарламалар болуы керек шығар. Өзіндік ұстанымы, пікірі бар жас мәдениеттанушылар көрінбей жүрсе, бұл олардың ғана кінәсі емес болар. БАҚ өкілдері бұрыннан аты белгілі аға буынға жүгіне беретін шығар... Бізде геронтократия басым ғой... Философия және саясаттану факультетінде қазақстандық мәдениеттану ғылымының ошағы орналасқан. Онда әлеуметтің мәдени жай-күйін аңдап отырған Матиполла Әженов, этносаралық мәдени байланыстардың саяси қырын сараптаған Лайық Байделдинов, қазақ мәдениеттануының институтционалды қалыптасуын қамтамасыз еткен Тұрсын Ғабитов, «қазақтың французы, постмодернисі» атанып кеткен Бекет Нұржанов, «Қазақтану» деп өзіндік үлкен ізденіс саласын ашқан Жақан Молдабеков сынды аға буын өкілдерінің ізін басып келе жатқан Әлия Масалимова, Гүлнәр Насимова, Қайрат Затов, Әлия Балапанова, Айнұр Құрманалиева, Гүлмира Әбдірайымова, Бибігүл Қылышбаева, Жарас Сейітнұр, Эльмира Қалымбетова және т.б. пәнаралық мәдениеттанулық ізденістер жасап жүрген дарынды жас ғалымдар жетерлік. Әрқайсысы - ғылыми әлем.
- Бүгінде әртүрлі секталардың шылауында кетіп жатқан қазақтардың жасы да, жасамысы да аз емес. Дінін сатқандар қазақ қоғамына қауіпті емес пе?
- Дін де рухани ізденістің бір түрі. Адам дінге өзінің рухани қажеттілігін өтеу мақсатында бас ұрады. Кез келген өркениетті елде діни бостандық бар. Кез келген діни ұйым, егер ресми тіркеуден өткен болса, уағыздайтын құндылықтары қоғамдық тыныштықты бұзбайтын, зорлық-зомбылықты, жамандықты насихаттамайтын болса, оларға қызмет ету еркіндігі беріледі. Сондықтан әлдекімнің басқа дінге өтуіне заңмен шектеу қоя алмаймыз, бірақ рухани діңгекті бекітіп барып ол үрдісті тоқтата аламыз.
Әрине, әртүрлі сенімге бас ұрып жүрген қазақ жастары көп. Оның да себептері аз емес. Бүкіл әлемнің миссионерлері қазір Қазақстанды жаулап алды. Себебі геосаяси жағынан да, ресурстық тұрғыдан да біздің ел - «саяси ойынды» ұйымдастырушылар үшін өте қолайлы аймақ. Олар ашықтан-ашық баса-көктеп кіре алмайды. Ондай қоқан-лоқылық заманы артта қалған, қазір бәрі әлдеқайда күрделірек... Мүдделі топтар алдымен жергілікті тұрғындардың санасына өз идеяларын біртіндеп сіңіреді. Осы іске арнайы миллиондаған қаржылар бөлінеді. Қазақстанда діни ұйымдары мен шіркеулерін еркін ашып, оған қазақтың балаларын тартып жүргендер жетерлік. Бұл мәселеге келгенде қоғамда немкеттілік басым. Дәл қазір ештеңе бұзыла қоймауы да мүмкін, бірақ ақыры не болады - мәселе сонда. Әлгіде айтып кеткеніміздей, рухани жұмыс өз өнімін араға уақыт тастап береді ғой. Идеологиялық майдан көзге көрінбейтіндей кіші ошақтардан бастау алады.
Мұсылман дінін уағыздауда қаржылық мүмкіндіктер шектеулі секілді. Неге медреселерде уағыздармен бірге, адам тарту тұрғысынан тиімді шара - тіл орталықтарын ашпасқа?! Дін тілі - араб тілімен қатар әлем тілі - ағылшын тілін терең үйретпеске?!
- XVІІ ғасырда Ресейдің мәдени өмірінде үлкен ізденістер байқалды. Себебі ақын-жазушылар, суретшілер, жалпы шығармашылық тұлғалар провинциядан Мәскеуге қарай ағылды. Олардың қарым-қатынасы, пікір алысуы, өзгеше ойлау қабілеттері бірін-бірі дамытты. Қазақ зиялылары көп шоғырланған қала - Алматы. Астананың салынуымен бірге олардың біразы елордаға қоныс тепті. Бұл қазақ мәдениетінің дамуына белгілі бір дәрежеде кері әсер етпей ме?
- Жоқ, кері әсер етпейді. Астананың салынуы мәдениетіміздің дамуына үлкен мәдени екпін берді. Астана өрісті кеңейтті. Астана тәуелсіздігіміздің рәмізі іспетті қалаға айналып, нағыз қазақы нақыштағы кіші сәулет формаларымен, «Қазақ елі» деп асқақтаған зәулім ансамбльдерімен, заманауи ғимараттарымен әлемдік қала үлгісіне ұласты. Сәулетті, үлкен қалалар көбейген сайын қалалық өркениетіміз дамып, жетіледі.
Бәсекелестік тура жүргізілген жерде даму нышаны бар екені анық. Қалаларымыз да бір-бірімен бәсекелестікте әсем болып бой түзей бастады. Астанада өзіндік рухани-мәдени орта қалыптасып келеді. Сол орта Алматымен таза бәсекелестік танытса, нәтижесінде жаңа, тың мәдени дүниелер пайда болады. Астананың пайда болуын Алматыға көмек деп түсінем. Ендеше, сөз жоқ, қазақ мәдениетіне көмек.
- Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өтетін ЕҚЫҰ-ның саммиті Қазақстанға не береді? Еліміздің имиджін көтере ме?
- Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті биік талапты игі бастамасы - ЕҚЫҰ саммитін өткізу - сол ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлер кеңесінің тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Бұл турасында не айтуға болады? Ең әуелі өз еліңе деген, Ұлт көшбасшысына деген мақтаныш сезімі оянатыны туралы айтамыз. Нақ осы жағдай Қазақстанның аймақтық көшбасшы рөлінен әлемдік деңгейдегі саяси ойыншы рөлінде көрінуіне мүмкіндіктер туғызады.
Алғашында ЕҚЫҰ-ның Қазақстанға сенім артуына күдікпен қараушылар көп болды. Бірақ ЕҚЫҰ тарихында алғаш рет төрағалықты бұрынғы Кеңес Одағынан тараған ортаазиялық мемлекет алды, ол аз болса - жаһандық қауіпсіздіктің бір тетігін ұстап отырған аса беделді сол ұйымның біраз жылдан бері өткізілмеген саммиті Астанада орын алмақ.
Маңызды халықаралық деңгейдегі іс-шара барысында Қазақстанның келісім мен сыйластықта даму тәжірибесі бүкіл әлемге үлгі етіледі. Міне, сонда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының ұранына айналған төрт «Т»: «Trust», «Tradіtіons», «Transparensy», «Tolerance» («Сенім», «Дәстүр», «Транспаренттілік», «Толеранттылық»). Қазақстанның бастамасымен БҰҰ-ның арнайы резолюциясында 2010 жылы Халықаралық мәдениеттер жақындастығы жылы деп жарияланғанын да ұмытпауымыз керек. Алдағы саммит мәдени-гуманитарлық бағытталған осы жылды қорытындылайтын түйін болады десек те артық емес.
Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, ТМД кеңістігінде өткізілмекші болып отырған кең көлемді алғашқы Халықаралық форум - ЕҚЫҰ саммитін өткізу - бұл елге танытылған жоғары құрмет қана емес, сондай-ақ ел үшін үлкен сын, жүгі ауыр жауапкершілік әрі ұлтты ұйыстырушы фактор. Керек десеңіз, ұлттың шығармашылық белсенділік танытуына кедергі болып табылатын провинциалдық комплекстен арылудың бастамасы. Президентіміз айтпақшы, ЕҚЫҰ Қазақстан үшін маңызды іс-шара бүкіл қазақстандықтардың патриоттығы мен ауызбіршілік рухын күшейтеді деген үміт бар.
- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Аягүл МАНТАЕВА