"Заң" республикалық күнделікті газет
26.11.2010
академик А.Пионтковскийдің шәкірті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті қылмыстық құқық және криминология кафедрасының профессоры, заң ғылымының кандидаты Ғалирашит Баймурзин бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Ғалекең осы өмірінде талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткізді. Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кездерінде орта мектепті өте жақсы оқып бітірді. Кейін Ленинград Мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, оны үздік аяқтады. Қазақстан аумағында бірнеше жыл облыстық соттың судьясы болып, жұртшылық құрметіне бөленді. Судьялық мол тәжірибені өз бойына жинақтаған Ғалекең өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында КСРО Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының аспирантурасына түсіп, ғылыми жұмыспен айналысады. Осы институтта үш жылдың ішінде заң ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін ойдағыдай қорғап шықты. Қазақстанға келіп, сол кездегі Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында қылмыстық-құқықтық секторда аға ғылыми қызметкер болып еңбек етеді. 1967 жылы КазҰУ-дың заң факультетін бітіріп, жолдамамен осы институтқа келген кезімде Ғ.Баймурзин ағамен танысып, жақсы қарым-қатынаста болдым. Содан кейін 1970 жылы мен КСРО Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтына аспирантураға жіберілдім. Жетекшім КСРО Ғылым академиясының кореспендент-мүшесі Петр Ромашкин болды. П.Ромашкин ол кезде осы институттың қылмыстық құқық секторының меңгерушісі еді. Институттың осы секторында атақты академик, профессор А.Пионтковский, профессорлар С.Келина, Г.Кригер, О.Шишов сияқты ғұлама ғалымдар еңбек етуші еді. Бірде ғылыми жетекшім Петр Семенович мені бір шұғыл қағазбен таныстырып, қол қойғызып келу үшін Андрей Пионтковскийдің үйіне барып келуге тапсырма берді. Көрсетілген мекенжайға дәл уақытында барып, А.Пионтковскийге беріп жіберген құжаттарды ұсындым.Бірақ, бұл кісі мені өз пәтеріне кіруді өтінді. Үйге кіріп отырған соң, құжаттармен танысып қол қойып берді де, менен: «Сіз аспирантураға Қазақстаннан келдіңіз ғой, қазақтар өте қонақ сыйлағыш халық. Үйіне келген адамды төріне отырғызып, барымен сыйлап, шығарып салады. Ұлы Отан Соғысы басталған жылдары бізді амалсыз Мәскеуден көшірді. Сол қиын-қыстау кезде мен Алматыда екі-үш жылдай тұрып, қызмет істедім. Сол кезде мен қазақтардың әдет-ғұрпын, салт-санасын, адамгершілігін терең түсіндім. Қазақтардың маған көрсеткен жақсылығы, құрметі есімнен кетпейді», – деді. «Айтпақшы, – деді одан әрі Андрей Андреевич, – сіздердің салт бойынша үйге кірген адам дәм татпай кетпейді. Олай болса, қазір екеуміз отырып жақсылап шәй ішеміз», – деді. Жұбайына бір шәугім қайнаған шәй алдыртып, сүтпен қосып іштік. Андрей Андреевич Қазақстан, қазақтар туралы жақсы естеліктерін айтып, өзінің де көңілін көтергендей болды. Содан соң ол: «Менің Ғалирашит Баймурзин деген Қазақстаннан келген аспирантым болды. Оны танисың ба? Жағдайы қалай?» деп сұрап алды да, «Ол өте білімді, еңбекқор азамат. Ғылым жолында аса қиын тақырыпқа диссертация жазып, өте тамаша қорғады, жалпы, Қазақстаннан келген азаматтардың барлығы Баймурзин сияқты болса, сіздерде заң ғылымы жоғары деңгейде дамиды», – деді ол қоштасарда.
Андрей Андреевичтің көрегендігі керемет екен. Ғалирашид Ыдырысұлы академиядан КазҰУ-дың заң факультетіне оқытушылық қызметке 1972 жылы ауысқалы бері заң ғылымын, оның ішінде, қылмыстық құқық және криминология саласын дамытуға зор үлес қосып келеді. 1970-1990 жылдар аралығында атақты профессор В.Маркелов, профессор Г.Поленов, доцент С.Жадбаев, профессор Е.Қайыржановтар сияқты ғалымдармен бірге бірнеше оқу құралдарын жазуға атсалысты. Мен оның кафедрасына 1991 жылы доцент болып ауыстым. Содан бері Ғалекең екеуміз бірігіп, қылмыстық құқық ғылымын дамытуға қолдан келген үлесімізді қосып келеміз. Ғалекеңмен бірге 1997 жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің жобасын талқылауға атсалыстық. Кафедра ұжымымен бірлесіп, тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің типтік бағдарламасын, Қылмыстық кодекстің жалпы және ерекше бөлімдері бойынша орыс тілінде оқулықтар әзірленді. Қылмыстық құқық, криминология, қылмыстық атқару құқығы бойынша есептер жинағы, тест сұрақтарының жинағы, тағы басқа әдістемелік тапсырмалар әзірлеуде де профессор Ғ.Баймурзин атсалысты, зор еңбек сіңірді. Осы еңбектердің көбін өзі редакциялап, өңдеді. Ғалекеңнің әлі де күш-жігері мол, көптеген аспиранттарға ғылыми жетекші болып жүр.
Арықбай АҒЫБАЕВ,
Заң ғылымының докторы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері