Қазақ киносының нартұлғасы ҚазҰУ-да

9 желтоқсан, 2010

Қазақ киносында өзіндік бағыт-бағдары қалыптасқан әрбір актер Асанәлі Әшімовті ұстаз санайды. Бұл оған берілген баға ғана емес, оның қазақ мәдениетіндегі орнын айғақтаса керек. 9желтоқсан күні КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде болып, оқытушылар және студенттермен биресми түрде кездесті. Оның негізгі мақсаты - өзіңінің рухани досы, талай жыл осы факультетте ұстаздық еткен санаткер жазушы Серік Әбірайымұлының атына ашылған Оқу залымен танысу еді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде мәдениет қайраткері, дарынды жазушы-журналист, аудармашы Серік Әбдірайымұлы атындағы оқу залы 25 қыркүйек күні салтанатты түрде ашылған болатын. Оның тұсаукесеріне ҚР қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жазушылар: ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайымов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы секілді көптеген тұлғалар қатысып, тәлімгерлерге ой салатын тәрбиелі сөздер айтқаны белгілі. Осы салтанатты бас қосуға Серағаңның рухани досы әрі ұстазы Асанәлі Әшімов іссапарда болуына байланысты келе алмай қалған еді. «Міне, осы орайда жүрегі «қазақ халқы» деп соққан асыл тұлғаның, кішіпейіл азаматтың алдындағы бір парызым болғандықтан оның атына ашылған оқу залында болып, студенттермен биресми әңгімелесу бүгінгі мақсатым еді» дейді бұл жөнінде қазақ киносының ақтаңгері.

Ақселеу Сейдімбек оған «Сапа белгісі бар жігіт» деп баға берсе, оның «Әбдірайымның Серігі – студент күнінде-ақ атқан таңдай өзін жалпақ әлемге танытқан азамат. Ол қай қызметте істесе де абыройлы болды. Ең бастысы, ұлт сөзін сөйледі, жұрт мұңын мұңдады» деген сөзі Серағаңның атындағы оқу залының төрінде жазылып, келген-кеткен тәлімгерлердің барлығына ой салып тұрса керек. «Өтті дәурен осылай» атты біртуар перзентіміз Дінмұхамед Қонаев туралы кітаптың дүниеге келуі де Серік Әбдірайымұлының жемісті еңбегінің бірі. «Халықта аталы жұрттың басы еді, алтынды ердің қасы еді» деген сөз бар. Сол аталы жұрттың бірегейі, алтынды ердің қасы осы Серағаң. Ол «Санат» баспасының басшысы болған 1991 жылдан соңғы кезге дейін, ғылымның 32 тарауы бойынша 450-дей еңбек жарыққа шығарған.

Жазушы, журналист, көсемсөзгер, ұстаз, аудармашы болған азамат туралы тебіреніп сөйлеген Асанәлі Әшімов бұдан өзге бүгінгі таңда қазақ қоғамын алаңдатып отырған мәселелер жөнінде ой қозғап, болашақ журналистер мен баспагер-редакторларға жазуға машықтануда қандай күрделіліктерді есте ұстау қажеттігін айтып, оларды ұлт парасаты болуға шақырды. Университет басшылығының ұлт үшін қызмет еткен тұлғаларды ұлықтаудағы жасап отырған шаларына ризашылығын білдірді. Қазақ киногері жақын күндері тағы да қасиетті қара шаңыраққа келіп, өз әріптестерімен бірге студент жастармен кездесу өткізуге уәде берді.

P.S. Осы кездесу барысында Асанәлі Әшімов ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың қабылдауында болып, университет басшысына өзінің бес томдығын тарту етті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі