"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газет
«Қазақ елі – жерұйық»
28.12.10.
«Біздің ел кеңес үкіметі тұсында Қазақ ССР-і деп аталғаны белгілі. Бұл атау біріншіден - қазақ елінің КСРО деген алпауыт елдің құрамында екенін білдірсе, екіншіден - қазақ деген ұлттың бар екендігін көрсететін.
Тәуелсіздік алған кезеңде, біз «Қазақ елі» атануымыз керек еді. Қазақ елі - мәңгілік. Бұл - ұлттық идея. Кезінде қазақ тілі қазақ ұлтының ғана тілі болып келсе, бүгінде қазақ елінің тіліне айналды. Қазақ тілін елімізде тұрып жатқан барлық ұлттың азаматтары білуі тиіс. Мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білу міндет» деді әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде өткен «Қазақ ұлтынан - қазақ еліне» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сенатор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Ғарифолла Есім. Парламент Сенатының депутаты Әділ Ахметов: «Астанада «Қазақ елі» атты монумент ашылғаны белгілі. Біз қазақ елінің азаматтарымыз. Кейбіреулер айтып жүргендей, Еуропа ЕҚЫҰ-на төрағалық етуді бізге оңай бере салды дейсіздер ме? Жоқ! Біз - Азияның кіндігінде орналасқан мемлекетпіз әрі мұсылман елміз. Неге ТМД елдерінің ішінде Қазақстанға таңдау түсті? Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы таразыға салынып барып, ЕҚЫҰ төрағалығын Қазақстанға беру туралы шешім қабылдады. Қазақстан... «стан» дегеннен еуропалықтар қатты қорқады екен. Себебі Ауғанстан, Пәкістан, Шешенстан секілді елдердегі саяси шиеленістерден кейін олар ...«стан»-ға шошына қарайды. Рас, о баста біздің елге ЕҚЫҰ-на төрағалықты беру кезінде, «Қазақстан алпауыт мемлекеттердің қолжаулығы болып кетпей ме?..» дегенде күмәндар болған. Біз ешкімге қолжаулық болғанымыз жоқ, бұра тартқанымыз жоқ. Астана - әлемнің рухани астанасына айналды. Қазақ елін әлем таныды» деп ойын тұжырымдады. Өз кезегінде сөз алған Халықаралық «Диалог-Евразия» қоғамдық қорының президенті Салих Акчай пікірін Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Ақ кемесімен» байланыстыра сөйледі. «Бұл шығарма түрікті бірлікке, ынтымақтастыққа шақырады. Кезінде кейбір қазақтарда «қазақ тілі - шопанның тілі» деген түсінік болыпты. Байқаймын, қазірде кейбір қазақтар өз ана тілінде сөйлемейді. Біздер қазақ тілін қастерлеуге тиіспіз. Өз құндылықтарымызды жоққа шығарсақ, бізді кім құрметтейді. Өз тілімізді өзіміз құрметтегенде ғана біздің тілімізге деген өзге ұлттардың сүйіспеншілігі оянады. Сөз жоқ, қазақ елі - жерұйық мекен» деп мемлекеттік тілде ойын еркін жеткізді. Конференцияға қатысқан қазақ және шетелдік ғалымдар мен мәдениеттанушылар «Қазақ елі - жерұйық» ұғымын талдап, зерделеді. Жиынды философия ғылымдарының докторы, профессор, философия және саясаттану факультетінің деканы Ақтолқын Құлсариева жүргізіп отырды. Конференция барысында Ғарифолла Есім, Ақтолқын Құлсариева және Гүлмира Сұлтанбаева бірлесіп жазған «Қазақ ұлтынан - Қазақ еліне» кітабының тұсауы кесілді.
Б. МҰРАТҰЛЫ