Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Inspur Group (ҚХР) компаниясының делегациясы келді, олар ҚХР мен Қазақстан арасындағы келісім аясында жоғары өнімділігі бар үздік 500-ге кіретін суперкомпьютерді университетке ұсынады.
Қытай компаниясының делегациясын академик, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов арнайы құттықтап, аталмыш жобаның тек Қазақстан үшін ғана емес, ТМД елдері үшін маңыздылығын атап өтті. Қуатты суперкомпьютерді іске қосу жүргізіліп жатқан зерттеулерді жаңа сапалы деңгейге көтеруге және университетте ғана емес, бүкіл ел бойынша да IT-технологияларды дамытудың жаңа перспективаларын құруға мүмкіндік береді. Оның кең мүмкіндіктерін адам өмірінің барлық салаларында қолдануға болады. Айта кету керек, суперкомпьютерді ұсыну жөніндегі құжатқа 2019 жылдың қыркүйегінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР-ға ресми сапары кезінде қол қойылған болатын. ҚХР өкілі Си Цзиньпиннің 2015 жылғы мамыр айында Қазақстанға арнайы сапары барысында қол қойылған келісімнің өзі 2017 жылғы 8 маусымдағы Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы суперкомпьютерді ұсыну жобасы бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға негізделеді. Сол кезеңде жобаның бастамашысы ретінде Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеген. Ол екі ел арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіпкерлер мен инвесторларды тарту алаңының платформасы болатын және IT-технологияларды дамыту драйверлерінің бірі болатын ҚазҰУ базасында Silicon Valley моделі бойынша IT-технопарк құруды ұсынған болатын.
Өз кезегінде Inspur Group компаниясының аға вице-президенті Янг Джун ҚазҰУ басшылығының жылы қабылдауына алғыс білідіріп, компанияның дамуы, жетістіктері туралы айтып, алдыңғы қатарлы бұлтты бағдарламалау және үлкен деректерді өңдеу саласындағы жетекші сервис-провайдерлердің бірі болып табылатын компанияның кейбір жоспарларымен бөлісті. Қытай тарапы қуаттылығы екі петафлопсқа жететін жоғары технологиялық аппаратты жеткізуге және іске қосуға мүдделі. Гранттың шамамен алғандағы бағасы алты млрд.теңгені құрайды. Келіссөздер барысында тараптар ҚазҰУ-дың «Жоғары технологиялар аймағы» аумағында суперкомпьютерді құрастыру және іске қосу бойынша кейінгі екі жақты жұмыстың егжей-тегжейін талқылады. Сондай-ақ, келесі жылы Шығыс ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында ҚазҰУ – да әл-Фараби алқабы жаңа технология жобасын іске қосу жоспарланып, университет еркін экономикалық аймақ мәртебесіне ие болады.