Жаңа Күнтізбелік 2011 жылдың 10 қаңтарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алғашқы Ректорат мәжілісі болып өтті. Онда біраз маңызды мәселелер қаралды.
Жаңа жылдағы алғашқы Ректорат мәжілісінде қаралған негізгі тақырыптардың бірі «Академиялық үдеріс: бірінші семестр қорытындылары» болды. Бұл туралы баяндама жасаған Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Гүлнәр Балақаева қысқы сессияның жаңа форматта өтуі өз нәтижесін бергенін атап айтты. Биылғы сессиядағы студенттердің үлгерімі 88,8% көрсеткішпен жоғары бағаланды. Факультеттердегі емтиханды ұйымдастыру жұмыстары қанағаттанарлық, студенттердің емтиханға дайындықтары жақсы. Сондай-ақ, мәжілісте «Универ» жүйесіндегі магистранттар мен докторанттарға арналған оқыту моделі, жаңа мамандықтарға енгізілген өзгерістер, қашықтықтан оқыту және әр мамандық бойынша оларға қажетті әдебиеттер мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Өткен жылдың көрсеткіші бойынша, магистратура мен докторантураға ақылы түрде тапсырушылар саны 2 есе өскен. Осы орайда, магистратура мен докторантурадағы теориялық білім алуды 1 жылға қысқарту ұсынылып, магистратураға түсушілерге жоғарғы білім алудағы GPI балл көрсеткішін жоғарылату керектігі айтылды.
Үстіміздегі жылдың 14-20 қаңтары аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жыл сайынғы дәстүрлі О.Жәутіков олимпиадасы өтпек. Жиналыста оған дайындық мәселелері де барынша пысықталды.
Мәжілісте бұдан өзге «ҚазҰУ халықаралық ынтымақтастық қызметінде Болон үдерісінің ұстанымдарын жүзеге асыру» тақырыбында Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Юля Локтеваның баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, ҚазҰУ-ға 2011 жылдың жоспарында шетелден 117 профессор әр түрлі мерзімде шақырылмақ. Ал өткен 2010 жылы халықаралық 192 келісім-шартқа қол қойылған. Қазірде шетелдік студенттердің біздің қара шаңырақта оқуға деген ынталары жылдан-жылға жоғарылап келеді. Осыған орай, жасалған келісім-шарт негізінде Боллон үдерісінде грант санын арттыру, қосдипломдық жүйе (екі ел дипломы) мәселесін алдағы уақытта қарастыру керектігі күн тәртібіне шығарылды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі