"Заң" республикалық күнделікті газет
Несие дегеніміз – банк немесе несиелік ұйымдардың қарыз алушыларға беретін ақшалай қаражаты. Ақша каражаты несиені заңсыз алу мен мақсатсыз пайдалану қылмысының заты саналады.
Қылмыстың тікелей объектісі – банктік немесе басқадай несиелік ұйымдардың несиелік қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар. Объективтік жағынан қылмыс іс-әрекеттен, қылмыстың зардабынан және себепті байланыстан тұрады.
Заң іс-әрекеттің мынадай нысандарын белгілеген: 1) несие алу, 2) несиені жеңілдік шарттармен алу. Жеке кәсіпкер немесе ұйым жетекшісі несие мен оны жеңілдікпен алуда несиелеудің жеңілдік шарттарына арналған елеулі мәні бар мән-жайлар туралы көпе-көрінеу жалған мәліметтерді банкке немесе өзге де несие берушіге беріп, сол сияқты несиелеуді, демеуқаржы беруді тоқтатуға, жеңілдіктерді жоюға не бөлінген несие мен демеуқаржы мөлшерін шектеуге әкеп соғатын мән-жайлардың пайда болуы туралы ақпаратты банкке, өзге несие берушіге хабарламау арқылы заңсыз жүзеге асырады. Яғни, бұл қылмыстың істелу тәсілі көпе-көрінеу жалған мәліметтер енгізілген ресми құжаттарды пайдалану болып табылады. Мұндай құжаттарға жеке кәсіпкер немесе ұйым жетекшісінің қолы қойылып, белгіленген тәртіппен расталуы қажет. Зиян несие берушіге (банке немесе өзге де несие берушіге) келтіріледі. Ірі зиянның түсінігі Қылмыстық кодекстің 189-бабының ескертуінде берілген.
Субъективтік жағынан қылмыс құрамы тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі – арнаулы субъект. Олар жеке кәсіпкер немесе ұйым жетекшісі.
Мемлекеттік мақсаттағы не мемлекет кепілдігімен берілген несиені тікелей мақсатқа пайдаланбау, егер осы іс-әрекет азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе, ол қылмыс құрамының ауырлататын белгісі саналады (194-баптың 2-тармағы). Мемлекеттік мақсаттағы несие дегеніміз – Ұлттық Банк арқылы белгілі бір мақсатқа пайдалануға (тұрғын үй құрылысы, фермерлік шаруашылықты дамыту, өнеркәсіп объектілерін салу) берілетін ақша қаражаты. Мемлекет кепілдігімен берілген несиеге несие алушыға процентсіз банк жүйелері арқылы белгілі бір мақсатқа пайдалану үшін ақша қаражатын белгілі бір мерзімге беру жатады.
Осы несиелерді тікелей мақсатқа пайдаланбау деп – мақсатты несиені не мемлекет кепілдігімен берілген несиені мүлдем міндеттемеде көрсетілмеген басқа мақсатқа пайдалануды айтамыз. Мысалы, шаруа қожалығының жетекшісі ауылшаруашылық техникасын, тұқым сатып алу үшін мемлекеттен мақсатты несие ала отырып, бұл қаржыны басқа коммерциялық мақсатқа – құрылыс материалдарымен сауда-саттық жасауға жұмсайды. Несиені тікелей мақсатқа пайдаланбаудың салдарынан азаматқа, ұйымға, мемлекетке ірі зиян келтірілсе, ол қылмыс құрамының ауырлататын түріне жатады. Ол туралы Қылмыстық кодекстің 189-бабында нақты айтылған.
Жеке кәсіпкердің немесе ұйымның шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйі, кепілдік мүлкі жөнінде немесе несиені, демеуқаржыны несиелеудің жеңілдік шарттарын алуға арналған елеулі мәні бар өзге де мән-жайлар туралы көпе-көрінеу жалған мәліметтерді банкке, өзге де несие берушіге беру арқылы жеке кәсіпкердің, болмаса ұйым жетекшісінің несие, демеуқаржы не несиелеудің жеңілдікті шарттарын алуы, сонымен қатар, несиелеуді, демеуқаржы беруді тоқтатуға, жеңілдіктерді жоюға не бөлінген несие мен демеуқаржы мөлшерлерін шектеуге әкеп соғатын мән-жайлардың пайда болуы туралы ақпаратты банкке немесе өзге несие берушіге хабарламаса және осы әрекеттер ірі зиян келтірсе – екі жүзден бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның екі айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерінде айыппұл салуға, төрт айдан алты айға дейінгі мерзімге қамауға, екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, нақ осы мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мемлекеттік мақсаттағы не мемлекет кепілдігімен берілген несиені тікелей мақсатқа пайдаланбау азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе екі жүзден бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның екі айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерінде айыппұл салуға, төрт айдан алты айға дейінгі мерзімге қамауға, екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, нақ осы мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымдарының докторы,
ҚазҰУ-дың профессоры