Айқын бағдарлама

29 қаңтар, 2011

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүгінгі Жолдауында осыған дейін, яғни республикамыздың тәуелсіздігінің 20 жылдығының қарсаңында қол жеткен жетістіктер баяндалып, елімізді одан әрі өркендетудің, қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын көтерудің нақты шаралары белгіленді. Елбасы сөз басында 1997 жылғы алғашқы халыққа жолдауында: «Болашақта біздің ұрпақ бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елге айналады» деген сөзін еске түсіріп бұл жағдайға 2030 жылы емес бір мүшел жаста жеткенімізді атап өтті. Жолдауда елбасы өзі айтқандай жуырда Астанада 56 елдің басшылары бас қосқан саммит оған айшықты дәлел бола алады. ЕҚЫҰ төрағалық ету әрине бұл оңай шаруа емес, біздің ел бұған қол жеткізді. Аталған шаруаны елімізге тапсыру себебі еліміздің беделінің биік екендігі және оны басқарған елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халықаралық деңгейде көрегенді саясаткер екендігін көрсетеді. Өткен кезеңдерде тарыдай шашылған қандастарымызды отанына жинаған әлемдегі үш елдің бірі біздің еліміз екендігін жолдауда ашық айтты. Әрине өзге елде жүрген қандастарымыз өз еліне тәуелсіздік жылдары аяқ басып өз баспаналарын отанында тіккеніне қуанышты. Бұл да тәуелсіздіктің және еліміздің дамып, алдыңғы қатарлы елдердің қатарында көрінгендігінің көрінісі. Тәуелсіздік жылдары елімізге 800 мыңнан астам отандастарымыз оралды, сөйтіп халқымыздың санын өсіруге өз септігін тигізді, олардың саны қазіргі уақытта 1 миллионнан асты.

Еліміздің экономикалық табыстарын ерекше мақтанышпен айтуға болады. Ішкі өніміміз 120-дан аса елге шығарылып, Қазақстан 26 сатыға көтеріліп, 110 елдің ішінде 50-ші орынға ие болды. Қорымыз 600 мың миллиард доллардан асыпты. Индустриалды дамудың 5 жылдығының алғашқы жылының өзінде-ақ 152 өндіріс орны іске қосылып, 24 мың қазақстандықтар жұмыспен қамтамасыз етіліпті. Еліміздің дәулетінің 1/3-ін құрайтын - шағын және орта бизнес. Орташа жалақымыз 2007 жылғы 53 мың теңгеден 2010 жылы 80 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл дегеніміз бірде - бір дамыған ел жетпеген жетістік.

Елбасының Қазақстан халқына жолдауында 2020 жылға дейінгі еліміздің алдында тұрған міндеттер айқындалып, соларға сай Қазақстан үкіметінің оларды жүзеге асырудың нақты міндеттері қойылған. Олардың ішінде білім беру, денсаулық сақтау және тілді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылған. Тәуелсіздік жылдары 500-ге жуық денсаулық сақтау нысандары салынды, еліміз 129 ел арасында білім саласы жөнінен көшбасшы қатарында келеді, бұл біздің үлкен жетістігіміз. Осы жылдары 750 жаңа мектеп салынып бюджет саласының көп қаржысын білім, ғылым саласына салдық. Білім беру саласында білім беруді жаңартудың жалғастырылатындығы, үстіміздегі жылдан уақыт талабына сай кандидаттық және докторлық диссертациялардың қорғалуының тоқталатындығы, алдағы уақытта магистрлар мен PhD докторларды дайындауға назар аударылатындығы, 2015 жылға дейін мектепке дейінгі балалардың 70%-ға дейінгі мөлшері балабақшамен қамтамасыз етілетіндігі, 2020 жылы 12 жылдық білім беруге көшудің аяқталатындығы айтылған.

Денсаулық сақтау мекемелеріне бөлінеген қаржы қыруар, 2015 жылыға дейін 350 медицина саласында қызмет жасайтын ғимарттар салыну көзделіп отыр. Мемлекет басшысы жолдауда халықтың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға, оның ішінде тұрғындарды жұмыспен, тұрғын үймен, сапалы сумен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасын жасауды өкіметке тапсырып, зейнетақы мен жалақының көлемі қай уақыттан қанша пайызға өсетіндігін айқындап берді.

Жалпы, Жолдауда “Қазақстан-2030” Стратегиясының қарпі мен рухы сақталған. Жолдауда, Елбасының өзі айтқандай, “бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәде­ниетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу”. Елбасы бәрімізді қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елінің абы­ройын асқақтатуға жұмыла кірісуге шақырады. Бұл көтерілген мәселелер көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймын.

Қуанышбек Сүлейменұлы Қаражан

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің

жаңа, қазіргі заман және тәуелсіз Қазақстан тарихы

кафедрасының меңгерушісі