"Қазақпарат" Ұлттық ақпарат агенттігі
АЛМАТЫ. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауын аса бір зейін қоя тыңдап, зор рух алдық.
Жолдау мемлекетіміздің, еліміздің дамуының жолдарын жан -жақты айқындаған, алдағы жарқын мақсаттарымызды терең айшықтап берген көрегендік жолбасшылығымен ерекшеленеді. Бұл жайында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманов ҚазАқпарат тілшісіне пікірін білдіру кезінде айтты.
Ө.Әбдіманов Жолдаудағы «Экономиканы көтерудің негізгі мақсаты - халықтың әл-қуатын арттыру» деген тұжырымы ел экономикасын көтеруге бар кемеңгерлік кемел ойлары мен күш-жігерін жұмсаған ұлы қайраткердің жүректен шыққан шындықты сыры екендігін айтады. «Президент сөзінің ақиқатын мемлекетіміздің жыл санап өркенді өзгерістерге жетіп отырғандығы дәлелдеп отыр. Шындығын айтсақ, Елбасының өткен жылдардағы елімізді тығырықтан шығарудың жолдары мен қай салаға ерекше көңіл бөлу керектігін нақты айқындауының нәтижесінде қиын кезеңнен қиналмай өтіп, тәуелсіздіктің жиырма жылдығына қадам басқан жаңа кезеңде халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара түскендігіне Республикамыздың әрбір азаматы куә», -дейді профессор.
«Президент жолдауы Қазақстан халқының болашаққа деген сенімін арттырып, мемлекет тәуелсіздігін айғақтай түскен, елді бірлік мен ынтымақтастыққа шақырған Жолдау болды деп білемін. Президенттің бүгінгі Қазақстандық жоғары мектептің жаңа сапалы даму жолына қатысты айтқан ойлары, сөз жоқ осы саланың әрбір қызметкерінің көкейінен шықты деп білемін. Елбасының жоғары мектептің замана талабына сай жаңа үлгідегі инновациялық моделі Назарбаев университеті болып табылатындығы, барлық жоғары оқу орындарының соған қарап көш түзеу керектігіне қатысты талаптары жалпы білім берудің жаңа дәуірі басталғандығының айғағы дер едім», -дейді Өмірхан Әбдіманов.
Сондай-ақ ол Елбасының бүгінгі күндегі ғылыми дәрежелерді қорғау жүйесін сынға алуы - өмір тәжірибесі көрсетіп отырған шындық екенін айтады. «Ғылым кандидаты дәрежесін қорғағандардың 66-дан біреуінің, ғылым докторы дәрежесін қорғағандардың 37-ден біреуінің ғылымға баратындығы, ғылымға еш қатысы жоқ адамдардың атақ-даңқ алып жатқаны жасырын жайт емес. Бұл жағдайдың ғылымды, ғылыми ізденістерді кейін тартары рас. Сондықтан да бұл сала жаңа өзгерістерді көптен күтулі болатын. Оның бүгін өз шешімін тапқандығы шындық», -деп атап өтті өз сөзінде профессор.
Профессор Елбасының халыққа арнаған Жолдауы біздің келешек күндерімізге, ұрпақ болашағына деген сенімімізді орнықтыра түсіп, тәуелсіз елді жаңа табыстарға жету жолындағы бірлікті тірлікке жұмылдыра алғандығын да айтып өтті.