2020 жылдың 29-қаңтарында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ЮНЕСКО ұйымының қолдауымен ежелгі Отырар қаласының ұлы перзенті Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өту елімізде үлкен салтанатпен басталды. Еліміздің Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өту үшін дайындық жұмыстары өткен 2019 жылы басталып кеткен еді.
Арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, ғалымның әлем мұрағаттарында сақталған жазба мұраларын іздестіру, қолжазбаларын жинау, оқу, зерттеу, ғылыми айналымға енгізу бойынша ғалымдарымыз кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Осындай игі істің бірі, энциклопедист-ғалымның есімін ұлықтау ҚР Ұлттық кітапхана жанынан ашылған Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығында аталып өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті (ҚазҰУ) Халықаралық «Абай» клубымен бірлесе отырып, Әбу Насыр әл-Фарабидің 15 томдық шығармалар жинағының тұсаукесерін жасады.
Айтулы жиынды қоғам қайраткері, мәдениеттанушы М.М.Әуезов ашты. Ғалым Отырар ойшылы мұраларының Қазақстанда алғаш зерттелуі өткен ғасырдың ортасынан басталғанын, сол уақыттан бері белгілі ғалым, фарабитанушы А.Машанов негізін қалаған отандық фарабитану ғылымының ізін жалғастырып келе жатқан ғалымдар мен зерттеушілер, аудармашылардың ерен еңбегін атап өтті.
Баба мұрасының көптомдық шығармаларының жарық көруіне тікелей басшылық еткен белгілі ғалым, жазушы, Халықаралық «Абай» клубының директоры Р.Сейсенбаев «Мына дүниеде екі нәрсеге қызмет ету керек. Бірі – Құдай, екіншісі -әулиелер. Сол әулиелердің бірі – әл-Фараби» деген ол, ғалым еңбектерінің адамзат баласының ұлы мұраты, өмірлік темірқазығы екенін жастардың санасына сіңіру – ұлт алдындағы парыз деп баса көрсетті.
Әл-Фараби томдықтарының тұсаукесеріне ҚазҰУ-дың «Әл-Фараби» орталығының директоры Б.Мейірбаев, Шығыстану факультетінің деканы Ы.Палтөре, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі П.Сүлейменов және өзге де факультет басшылары мен қызметкерлері, оқытушылар мен докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты.
Адамзат баласының данасы, Отырардан шыққан ойшыл мұрасының көптомдығы қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың ақ батасымен оқырманға жол тартты.