"Айқын" Республикалық қоғамдық-саяси газет

2 февраля, 2011

Өткен аптада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын дәстүрге айналған, Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады.

Жолдауда айтылғандай биылғы жыл еліміздің Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына арналған жыл болмақ. Үстіміздегі жылды Елбасымыз «бейбітшілік пен келісімнің 20 жылы» деп ерекше атап, көрсетіп отыр. Осы жылдар бойы еліміз талай асулар мен талай белестерден өтті. Соның ең биік белесі - өткен жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана саммиті.
Жолдау барысында ел экономикасының қазіргі жай-күйі толық сараланып, Үкіметіміз бен Парламентке, жалпы бүкіл қоғамдастыққа жаңа міндеттер мен мақсаттар қойылды. Қазіргі уақытта елімізде 200-ден астам өнім түрі шығарылады, орташа айлық деңгейі 80 мың теңгеге жетіп отыр. Осындай жетістіктеріміздің арқасында еліміз халқының әл-ауқат қоры жағынан бүкіл дүниежүзі бойынша 50-орынды иеленіп отыр.
Жолдауда айтылған ел экономикасын жоғарылату үшін басты және негізгі назар аударатын мәселе әрі мақсат - индустрияландыру. Мұнда ауыл шаруашылығын индустрияландырумен қатар, өндіріс орындарының санын, тауар айналымын көбейтуге де көңіл бөлінетін болады. 2020 жылға дейін ішкі жалпы өнім мөлшерінің өсімін 30 %-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл үшін Үкімет қабылдаған үдемелі индустриялық-инновациялық
бағдарламаның орындалуы маңызды екендігі айқын.
Жолдауда халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында да мазмұнды және нақты міндеттер қойылды. Білім беру саласында 12 жылдық білім беруге көшу, инновацияға негізделген жоғары оқу орындарын анықтау сияқты мемлекеттік маңызы бар мәселелер көтерілді. Елімізде 149 жоғары оқу орнының жұмыс жасауы және олардың қазіргі деңгейі мен дәрежесі сынға алынды. Докторлық және кандидаттық ғылыми дәрежелерін беретін ғылыми кеңестердің жұмысы туралы алыпқашпа әңгімелерге нүкте қойылып, жоғары оқу орындары енді тек магистрлер мен философия докторларын дайындайтын болды. Бұл бір жағынан 60 ғылым кандидатының немесе 37 ғылым докторының біреуі ғана жұмыс жасап жүрген ғылыми ортадағы нағыз ғалымдардың тек ғылыми дәреже үшін ғана емес, халыққа пайдалы жаңалық ашу үшін жұмыс жасауға ұмтылысын тудыратыны сөзсіз. Жоғары оқу орындарының нарық талаптарына сай жұмыс жасайтын инновациялық моделін енгізуге, Назарбаев университеті іспеттес тағы да 1-2 зерттеу университетін ашуға Үкімет пен министрлікке міндеттер қойылды. Халықаралық стандарттарға сай аккредитациядан өткен жоғары оқу орындарының үлесін 2020 жылға қарай 30 %-ға жеткізу жоспарланды. Осындай мәселелер өткен жылдың соңында қабылданған білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында да қарастырылған болатын.
Жолдаудың халықтың денсаулығын нығайтуға байланысты, жұмыспен қамту, таза ауызсумен қамту сияқты қарапайым халықтың көкейінде жүрген, күнделікті күн тәртібіндегі сұрақтар мен мәселелерге байланысты нақты тапсырмалар айтылды.
Елі
қолдап тұрған кезде, Елбасы Жолдауы да толығымен орындалады деп сеніммен айтуға болады.

Ердос ОҢҒАРБАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Химия факультетінің деканы