ҚазҰУ-дың шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы мен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Аталған меморандум негізінде Ұлттық аударма бюросында ҚазҰУ-дың шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының филиалын ашу туралы бірлескен бұйрыққа қол қойылды.
«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» деп аталатын маңызды бағыттары негізінде ауқымды аударма жобаларын жүзеге асырушы, аударма жұмыстарын үйлестіруші ұйым. Бюрода қазіргі таңда 300-ге жуық маман жұмыс істейді.
Кафедраның аударма бюросындағы филиалы білікті мамандарды, магистранттарды даярлау сапасын жақсарту әрі оқу процесінің практикалық бағытын күшейту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында құрылып отыр. Студенттер кәсіби тұрғыдан шыңдалып, теорияны тәжірибемен ұштастыруы үшін Ұлттық аударма бюросының білікті мамандарынан кеңес алып, аударма ісіне қатысуға мүмкіндік алады.
Бұл серіктестік мамандар біліктілігін арттыру, оқу үдерісінің практикалық бағытын күшейту, сонымен қатар, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижелерін өндіріске енгізу жобаларына да жаңа серпін бермек.
Филиал штаты Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы мен Ұлттық аударма бюросы қызметкерлері арасынан жасақталады. Оқу жұмысы, әдістемелік әрі тәрбие жұмысы саласында бірлескен жобаларға басымдық берілмек.