"Заң" республикалық күнделікті газет

2 февраля, 2011

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы біздердің, білім және ғылым жүйесіне байланысты оқытушы-профессорлардың болашаққа деген сенімімізді нығайта түсті. Әңгімеленіп отырған саланың күн тәртібінде тұрған және болашаққа бағытталған күрделі мәселелерін Елбасымыздың терең білетіндігі және олардың шешімін табу жолдарын ашық та айқын көрсетуі біздерді таңдандырды. Осындайда мынаны да айта кеткен жөн, жақында ғана Қазақстан халқының Елбасымыздың 2020 ж. дейінгі Президенттік өкілеттігін ұзарту туралы референдумды қолдауы өте дұрыс шешім болып шықты. Бүгінгі мәлімдемесі арқылы біздің Президентіміз өзінің Қазақстанның болашағына тиянақты да адал қызмет ете алатын осы жолдағы асқаралы міндеттерді жүзеге асыруға атсалысуға бірден-бір лайықты тарихи тұлға екендігін тағы да дәлелдеді. Президентіміз халыққа білім беру саласын ғана емес, сонымен бірге бүкіл елімізде аса маңызды мәселеге айналып отырған денсаулық сақтау саласындағы, мемлекеттік тілді дамытудағы, халықты ауыз сумен қамтамасыз етудегі әлеуметтік-тұрмыстық маңызы аса зор мәселелерде де өзінің аса білгірлігін және қарапайым халыққа жақын тұрғандығын айқын байқатты. Біздің ойымызша, қазіргі 20 жылдық тәуелсіздігіміздің қорытындылары көрсетіп отырғанындай, Қазақстанның алдағы 10 жылдықтарға бағытталған әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын қамтамасыз етуде бізге дәл осындай, бүгінгі Елбасымыздай басшы-қайраткер қажет.

Халыққа білім беру саласында және ғылымды дамытуда кеңестік жүйеден мұра болып қалған, әбден қордаланған және уақыт талабына сәйкес келмейтін, тәуелсіздік ахуалына қызмет етуге қабілетсіз әдеттер мен тәртіптер әлі де өмірімізде орын алып отырғанын бәріміз де білеміз. Елбасының Жолдауы осындай келеңсіздікке біржолата тосқауыл қойып, ғылым және білім кадрларын дайындаудың ескі жүйесінен мүлдем бас тартуға мүмкіншілік беріп отыр. Шындығында да, Елбасымыз атап көрсеткендей, ғылым кадрларын дайындаудың кеңестік жүйесі көп жылдарғы тәжірибеде тәуелсіз Қазақстанның алдында тұрған ауқымды рухани міндеттерге өзінің сәйкес келмейтіндігін нақты көрсетті. Ғылым кандидаттары мен ғылым докторларының арасында ғылым және білім саласына қатысы жоқ, ғылыми дәрежені өзінің қызмет лауазымына және мансабына пайдалануға мүдделі кісілер көбейіп кетті. Олардан қоғамымызға елеулі пайда келмесі бәрімізге тағы да белгілі. Осындайда соңғы жылдары Ұлттық университетіміздің тәжірибесінде сыннан өтіп үлгерген, батыстық өркениет елдеріндегідей ғылым және білім кадрларын магистратура және докторантура (доктор PhD) жүйелері арқылы дайындау болашақ мамандарымызды білім беру және ғылыми зерттеу салаларына нақты және мақсатты түрде бағыттайды. Мұның өзі елімізде білікті, ғылымның соңғы жетістіктерімен қаруланған мамандардың көбейе түсуіне көп көмек береді. Әсіресе, бұл жүйенің дүниежүзілік өркениет ауқымына қызмет ететіндігі де ойландырмай қоймайды. Шетелдіктермен байланысымыз біздің ғылыми зерттеулерімізге қызығушылық танытатын мамандардың бар екендігін байқатып отыр. Соның нақты мысалы ретінде өзіміз айналысып жүрген Қазақстан тарихын айта алар едік.

Соңғы жылдары Қазақстан тарихымен айналысатын біздің мамандар Германияның, Жапонияның, Польшаның, Американың, Италияның, тарихшы-ғалымдарымен тығыз байланыс орнатып, алғашқы PhD-доктор лауазымын алған мамандарымызды шығарып та үлгерді. Бұл мамандар жаңаша ойлайтын, Елбасымыз айтқандай, үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) меңгерген, әлемдегі университеттердің кез-келгенінде Орталық Азияның және Қазақстанның тарихынан зерттеулер жүргізіп, дәрістер оқуға мүмкіншілігі мол ұстаз-ғалымдар болып табылады.

Мамандарды магистратура және доктор PhD жүйелері арқылы дайындаудың тағы бір үлкен артықшылығы – бұл бағытта дайындалған мамандар жүйелі түрде білім алып, оқу процесін нақты ғылыммен ұштастырып, диссертациялық жұмыстарын оқу және іздену барысында дайындайды, осы мақсатпен шетелдердегі қосымша жетекшісімен тығыз байланыс жасап, ол елдерде тәжірибеден өтеді. Мұндайда, диссертацияны басқа біреулерге жаздырып алатын және оның негізінде ғылыми дәрежені иемденетін кеңестік жүйеде қалыптасқан кейбір келеңсіз әрекеттерге принципті түрде тосқауыл қойылады. Оның үстіне, жаңа жүйе бойынша білім алған мамандар еліміздегі және қоғамдағы өздерінің мамандығына сәйкес келмейтін салаларда жұмыс істеу тәрізді бұрынғы қоғамдағы қалыптасқан ерсі әдеттерден бас тарту рухында тәрбие алады. Осындайда, білім берудің біз атап көрсеткендей, батыс елдерінде қабылданған сатылы жүйесі, сонымен бірге ғылым және білім саласындағы коррупцияға да мықты тосқауыл қоятынын айтпасқа болмас.

Осыларды ойластыра келгенде, Елбасымыздың біз әңгімелеп отырған саланың келеңсіз және қордаланған міндеттерін шешуге байланысты батыл және әділетті шешімді дер кезінде қабылдауы үлкен көрегендік болғанын атап кеткен жөн. Сонымен бірге Елбасымыздың халыққа арналған Жолдауында көтерілген мектепке дейінгі және орта мектептегі білім беру жүйесіне қамқорлық жасауға байланысты пікірлері тәуелсіз Қазақстанның болашағын нұрландыратын орнықты да салиқалы қағидалар деп ойлаймыз. Әсіресе, балалар бақшасына, 12 жылдық білім беру жүйесіне, мектептерді компьютерлендіруге және кәсіптік-техникалық білім беруге байланысты Елбасымыздың жеке басының мүдделілігі және осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіруге ынталылығы еріксіз ойландырады.

Үндеудегі тағы да бір аса маңызды және қоғамымызды барынша толғандырған іргелі мәселе – Елбасымыздың үкіметке және облыстық деңгейдегі әкімдерге ауылды көтеруге байланысты және ауылдық жерлердегі халықтың мұң-мұқтажын ескеруге қатысты нақты тапсырмалар беруі. Олардың арасында ауыл тұрғындарына дәрігерлік көмек көрсету, оларды жұмыспен қамтамасыз ету, өзіндік шаруашылықпен және фермерлік қызметпен айналысатындарға тікелей материалдық жәрдемді жүйелі түрде көбейту, ауылдағы үлкен және күрделі мәселелерге арналған ауыз сумен қамтамасыз ету міндеттерін шешу туралы аса қажетті нәрселер бар.

Таңдандыратыны, Елбасымыздың осы аталғандарға байланысты қиыншылықтар мен кедергілерді жақсы білетіндігі ғана емес, сонымен қатар оларды шешуге байланысты алдағы 10 жылдыққа арналған нақты және салиқалы ұсыныстары дер едік.

Көптен бері бәрімізді толғандырып келе жатқан «Ауылды қалай көтеруге болады»? – деген сауалға жауапты Президентіміздің үндеуінен тапқандай болдық. Оның басты жолы – ауыл шаруашылығында ет өндіруді және тағы да басқа азық-түлік өнімдерін өнеркәсіптік жолмен өндіруді қолға алып, оларды жаңа индустриялық технология жолына түсіру болып табылады. Осыған байланысты үкіметтің және облыс әкімдерінің алдында тұрған үлкен міндеттер нақты сараланып, белгіленді. Енді мақсат қана емес, оған баратын жол да айқындала түсті деп ойлаймыз. Біздің халқымыздың, әсіресе, мемлекет құрушы ұлт – қазақтардың негізінен әлі де ауылдық жерде тұратынын ескерсек, бұл міндеттерді жүзеге асырудың қазақ халқын көркейтуге және жан-жақты көтеруге қызмет ететініне деген сенім арта түседі.

Бәрімізді ойландыратын тағы бір аса маңызды мәселе – мемлекеттік тілді өркендету және оны қоғамымызда алға шығару мәселесі. Елбасымыз мұнда да өзінің туған халқына жақындығын және оның басындағы шешуді күтіп жатқан күрделі мәселелерді, қиыншылықтарды жақсы білетіндігін айқын байқатты. Мектептерде, қоғамда қазақ тілін оқып-үйренуге байланысты нақты міндеттер де белгіленді. Сонымен бірге осы бағытта қол жеткен жетістіктеріміз де шынайы қорытындыланды.

Қысқасын айтқанда, Елбасының өзінің халқына бағытталған Жолдауы шын мәнінде біздің еліміздің алдағы 10 жылдыққа арналған күрделі белестерін нақтылап және айқындап беріп отыр. Енді оны жүзеге асыруды белсенді түрде қолға алуымыз керек. Бұл туған елге берілген әрбір азаматтың алдында тұрған асқаралы міндет деп ойлаймыз.

Талас Омарбеков

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Қазақ халқының ежелгі және ортағасырлардағы

тарихы кафедрасының меңгерушісі

т.ғ.д., профессор