- Басты бет
- Жаңалықтар
- "Студенттерді алмасу" бағдарламасы бойынша 1 семестр Түркияның Стамбул қаласындағы Стамбұл үниверситетінде білім алып,тәжірибе жинап қайтқан болатынбыз
"Студенттерді алмасу" бағдарламасы бойынша 1 семестр Түркияның Стамбул қаласындағы Стамбұл үниверситетінде білім алып,тәжірибе жинап қайтқан болатынбыз
Біз Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Заң факультетінің 3 курс студентіміз.2019-2020 оқу жылында "Студенттерді алмасу" бағдарламасы бойынша 1 семестр Түркияның Стамбул қаласындағы Стамбұл үниверситетінде білім алып,тәжірибе жинап қайтқан болатынбыз. Осындай мүмкіндікті берген Заң факультетінің ұжымына соның ішінде, кафедра меңгерушісі Айжан Ержановна, куратор эдвайзеріміз Айгаринова Гүлнар апайымызға үлкен алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар құжаттар жинауға, түрік тілінде көп көмегін берген Мехмет бей мырзаға алғысымызды айтамыз.
Шетелде оқу, білім жетілдіру, тіл үйрену, мәдениетімен танысу – көп армандарымыздың бірі болатын. Берілген мүмкіндік – біз үшін өте қызық болды. Біз Стамбұл қаласына 9 студент бірге бардық. Стамбұл қаласы – Түркия мемлекетінің ең үлкен мекені, Мәрмәр теңізінің жағалауында орналасқан, көне ескерткіштерге толы шаһар.
Бізге Стамбұлда Ораз ағай көп көмектесті.Ол кісі қасымызда үнемі бірге болды, білмеген жерімізді үйретіп, жол көрсетіп, мәдениеті, салт-дәстүрімен таныстырды. Бұрын бірнеше жыл өзіміздің ҚазҰУ -да дәріс бергендігін айтумен болды. Қазақша өте жақсы сөйлейді екен. Ораз ағаймызға дән ризамыз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркияның Стамбұл қаласында болдық. Қала Түркия Республикасының туристік орталықтарының және ең дамыған қалаларының бірі. Мәрмәр теңізінің жағалауында, Босфор бұғазының қос жағасында, Азия мен Еуропаны байланыстыратын су торабында орналасқан. Бірнеше миллиондаған тұрғыны, әлемге әйгілі көне Стамбұл университеті бар. Көне қаланың ең көрікті жерлерінде орналасқан тарихи архитектуралық кешендер, тарихи-мәдени ескерткіштері, мешіттері, үлкен кітапханалары көздің жауын алады.
Түрік халқы бізбен тарихы тамырлас, түбі бір туысқан ел болғандықтан ба, бізді жылы, жақсы қарсы алды. Онда қазақ халқы тұратын аудан бар екен. Түрік адамдары мейірбан, еңбекқор және бөтен, жат жерлік болсақ та бізге сенім білдірді.
Түріктер – жанашыр халық, енді ойлаңыз, бірнеше миллиондаған халқы бар елде оқуға түсу, студент атану – үлкен мәртебе. Студенттерді өте бағалайды, сыйлайды. Оны біз біліп алып, дүкен аралап жүріп ұнаған затымызды сатып аларда студент екенімізді айтып, жеңілдік жасатқан кездеріміз көп болды. Сонымен қатар түсіністікпен қарайды. Оқытушылар дәріс беруде түсіне алмай отырған жерлердің қазақша баламаларын іздеп, үнемі түсіндіруге тырысты. Сабаққа барлығының белсенді қатысып отырғанын қалайды.
Шетелге шығып, елмен, жермен танысып білудің пайдасы көп. Біліміңді жетілдіресің және көзқарасыңа, ойыңа әсер етеді. Түрік елі қазақтарды жақсы қарсы алады. Егер түрік еліне барудың сәті түсіп жатса, ондай мүмкіндіктен айырылмас едік, тағы барар едік.
Алайда, ол мемлекетте өмір сүре алмасымызды білеміз. Онда тек оқуға және демалуға болады деп ойлаймыз. Ары кетсе бірнеше жыл (егер оқысам). Алған білімімізді, тәжірибеймізді өз елімізде бөлісіп үйреткенге не жетсін! Өз жеріміз, Отанымыз барлық елден қымбаттырақ. Осындай кең байтақ жерде, дархан, кең пейіл елде туылғанымызға өте қуаныштымыз!