"НұрАстана" республикалық жастар апталығы

21 ақпан, 2011

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті химия фаультетінің магистранты Эльмира Жолдасова тың жаңалық ашты. Ол қоқыста жатқан пластмасса ыдыстарды жиып-теріп, одан пайдалы өнім алуға болатынын айтады.

– Эльмира, жалпы, ғылым жолына бет бұруыңа кім себепші болды?
– Ғылымға деген қызығушылығым алғаш 8-сыныпта оқып жүрген кезімде оянды. Мен Шымкент қаласындағы дарынды балаларға арналған №1 «Дарын» мектебінде білім алдым. Химия пәнінен сабақ берген ұстазымыз Шайзада Зұлпухарқызының көп көмегі тиді. Ол сабақты қызғылықты етіп түсіндіріп қана қоймай, өзі ғылым кандидаты болған соң ба, әсіресе, мені жоғары оқу орнына ертіп апарып, өздерінің ғылыми жұмыстарымен таныстыратын. Осыдан бастап мен ғылыммен айналысамын деп шештім.
– Қазіргі зерттеп жүрен ғылыми жұмысың турасында не айтасың?
– «Пластмасса қалдықтарынан сұйықтық алу» атты магистрлік диссертациямды жазып жатырмын, – деді жас ғалым нық сөйлеп. – Бұл ғылыми жұмыс мұнай-газ саласы үшін өте қажет. Пластмасса өндірісінің дамуы жаңа заманғы дәуірде орта есеппен күніне 5-6 пайызға артуда, болжам бойынша биылғы жылы 250 млн. тоннаға жетеді. Бір адамға шаққанда 85-90 келіге жете отырып, соңғы 10 жылда екі есеге артқан. Пластмассаларды жоғары дәрежеде өңдеу кезінде 20-дан артық әр түрлі химиялық қоспа енгізіледі. Бұлардың қатарына токсикалық материалдар да кіреді. Уақыт өте келе тұтынылған пластиктер, сөзсіз, қалдықтарға айналады.
– Ол қандай қалдықтар? – деп сұрадық Эльмирадан, таңданысымызды жасыра алмай.
– Қоқыста жатқан «баклажка», сабын салғыш, түрлі пластмассалық ыдыстардың, жалпы айтқанда, тұрмыста қолданылатын заттардың қалдықтары. Әуелі соларды жиып-теріп зертханада анализ жасаймыз. Сосын одан мотор жанармайлары – бензин, дизель өндіреміз…
– Қызық екен… Қалай?!
– «Екіншілік» (бір рет қолданылған затты шикізат ретінде қолданып, екінші рет өңдеп, басқа затқа айналдыру) пластиктерді жаңа ресурстық база ретінде қолданамыз. Қазақстан үшін бұл жаңа бағыт, бірақ екіншілік полимер деп есептелетін арзан шикізатты барынша алуға деген қызығушылық аз.
– Осы жобаңның тиімділігі қаншалықты? – деп Эльмираға сынай көз тастадық.
– Жұмыстың тиімділігі – қалдықсыз технология әдісімен халыққа арзан да сапалы сұйық отын түрлерін ұсыну. Сондай-ақ қазіргі кездегі өзекті мәселе – экологияның ластануын шектей отырып, қалдықсыз технология ұсыну.
– Бұл еңбегіңді еліміз үшін жаңалық деп есептейсің бе?
– Әрине, елімізде осы уақытқа дейін жасалынбаған жұмыс. Қазақстан үшін тың жаңалық, соны тақырып деуге болады.
– Білуімізше, шетелдерде болған сияқтысың…
– Иә, Чехия республикасының астанасы – Прагада болып келдім өткен жылы. Бұрынғы астанасы Брноға да ат басын бұрдым.
– Қандай мақсатпен барған едің?
– Брно қаласындағы Масарикова университетінде «Экология және экотоксикология» атты жазғы курсқа қатыстым. Сондағы жас ғалымдармен өзара тәжірибе алмасып, білімімді жетілдіруге күш салдым. Шетелдегі зерттеу бағыттарымен танысып қайттым.
– Осы жобаңа сұраныс болады деп ойлайсың ба?
– Қазірдің өзінде қызығушылық танытқандар бар. Бұйыртса, осы жұмысты Қызылордадағы бір өндіріске енгізіп, акт алғалы жатырмын.
– Егер шетелдік компаниялар осы жобаңа қызығып, қомақты қаржы ұсынып жобаңды қымбатқа сатып алғысы келсе ше?
– Шетел мұны не істесін?! Олар бұл жұмысты әлдеқашан жасаған, бірақ басқа әдіспен…
– Бос уақытыңда немен шұғылданасың?
– Түрлі әдеби кітаптар оқығанды ұнатамын. Демалыс күндері тауға шығып, серуендеп, таза ауа жұтып бір рахаттанып қаламын. Табиғаттың таңғажайып көріністеріне сүйсіне қараудан жалықпаймын.
– Болашақтың еншісіне қалдырған мақсат-жоспарың қандай?
– Қазақстандағы бүкіл пластмасса қалдықтарын пайдалана отырып, арзан әрі сапалы сұйық отын алу және оны өндіріске ендіру жоспарымда бар. Еліміздің ғылымының дамуына өз үлесімді қосып, қолға алған жұмысымды әрі қарай жалғастырсам деймін. Пластмасса қалдықтарын өңдейтін зауыт ашып, халықты арзан отын түрлерімен қамтамасыз етуді армандаймын. Деректерге сүйенетін болсақ, біздің мұнай қорымыз бар-жоғы 20-30 жылға ғана жетеді екен. Сондықтан да отынның шикізат көздерін іздестіру бағытында жұмыс жасап жүрген жайым бар.

Әңгімелескен Атымтай Жомарт