"Айқын" Республикалық қоғамдық-саяси газет

21 февраля, 2011

Көргендіктің куәсіміз

16 ақпан 2011ж.

Елбасының 2011 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы әрбір адам, жанұя үшін Қазақстан халқының хал-аухалын одан әрі жақсартуға бағытталған стратегиялық жоспар деп түсінемін. Солардың ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы ең маңызды мемлекеттік үш бағдарламаға ерекше тоқталып, нақтылап айтты. Ол, білім мен ғылым саласы, денсаулық және мемлекеттік тілді дамыту. Маған, білім беру саласының өкілі болғандықтан, жоғарыда айтылған бағдарламалардың бәрі де өте жақын. Оған дәлел, егер әрбір адамның денсаулығы жақсы болса білім алуға, ғылыммен айналысуға еңбек етуге мүмкіндік береді. Ал мемелекеттік тілді дамыту дегеніміз ұлттық рухтың қалыптасып, жер бетінде Қазақ деген ұлт, мемлекет барлығын дәлелдейді.

Әрине, Еліміз егемендік алған 20 жылдың ішінде білім беру мен ғылым саласында әжептәуір реформалар жүргізіп жатыр. Сол жайында да Елбасы нақты фактілерді келтіріп, болған істі ашып айтты. Әсіресе орта мектеп деңгейінде жастарға білім берудегі табыстарды, оның ішінде барлық мектептердің компьютерлендірудің толық аяқталғанын, мультимедиялық интерактивті жабдықтармен жабдықталуының орындалып жатқандығы, 2011 жылы 12 жылдың орта білім беру жүйесіне көшуді толық аяқталатындығы, 400 мектеп тұрғызуды, оның 200 мектебі жергілікті атқарушы органдарға тапсырылды. Әсіресе мектепке дейінгі балаларды 2020 жылға дейін бала бақшалар мен 100 пайыз қамтамасыз ету керектігін шегелеп тұрып көрсетті.

Елбасының назарындағы тағыда бір көргендік ұсыныс кәсіби-техникалық білім беру саласын толық жаңартып жаңа мазмұн беруді тапсырды.

Елімізде соңғы жылдары білім беру саласында, «Жаңбырдан кейін лаулап шыққан саңырауқұлақтай» пайда болған жоғары оқу орындарына да сын айтылып, дүниежүзілік елдердегі оқу орындарымен салыстырып, бізде соншама көп екендігінде айтты. Бүгінде дамыған елдерде 1 млн. халқына 1-ден 6-ға дейін жоғары оқу орны болса, Қазақстанда 149 жоғары оқу орны бар. Ал, ғылым атақ беруге құрылған 200 ғылыми кеңес докторлар мен кандидаттарды бірінің артынан бірін қорғатып, мөрін басып шығарып жатыр деп сынға алды. Ол ғалымдардың ішінен бір, екеуі ғана ғылымға барады. Сондықтанда, бұдан былай, бұл ғылыми кеңестердің жұмысын тоқтататындығын атап айтты.

Келешекте ғылыми жұмыс магистр және доктор PhD арқылы дайындалу керек деді.

Елбасы өзінің жолдауында университеттік білім беру мен ғылымды жаңа деңгейде көтеруді міндетті. Оның ішінде басқа жоғарғы оқу орындарын жаңа талапқа сай жасалынып жатқан Назарбаев университетінің деңгейіне жеткізуді, қазіргі нарықтық экономикалық сұранысын қамтамасыз етуге бағыттау керек деді.

Дарынды балаларды жоғары оқу орындарына тартуға, Елбасының тапсырмасы бойынша ашылған 20 интеллектуалды мектептердің шәкірттерін жоғарғы оқу орындарының контингентін дайындауды тапсырды.

Білім беру саласындағы басты жұмыс деп көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы мынандай нәтижеге жету деп нақты белгілеп берді. Ол, мектеп жасына дейінгі тәрбие және білім беруді 2015 жылы 74%, ал 2020 жылы 100% -ға жеткізу.

Елбасымыздың даналығы мен көргендігінің тағыда бір көрінісі білім беру мен ғылым саласының дамуына қажетті жеке-жеке деталдарына дейін жолдауында айтып аузымызға шайнап салып отыр. Оның бірғана мысалы, 2015 жылы білім беру мемлекеттің 50% электрондық әдіспен оқытуды, ал 2020 жылы, олардың санын 90% арттыру керек. Ал халықаралық стандартқа сай тәуелсіз ұлттық аккредитациядан өтетін оқу орындарының үлесі 2020 жылы 30% құрайды деп көрсетті.

Инновациялық қызметпен ғылыми зерттеу жұмыстың нәтижесін өндіріске енгізетін оқу орындарының үлесін 5% -ға дейін көтеруді тапсырған. Кемінде екі жоғары оқу орны рейтинг деңгейі жоғары халықаралық университет деп аталатындығында атап айтты.

Жолдаудың соңында елімізде көтеріліп жатқан Елбасының өкілеттігін ұзарту үшін бүкіл халық референдум өткізу туралы бастамаға да өз ойын білдірді. «Мен үшін қашанда мемлекет мүддесі мен ел игілі жолында қызмет атқарудан артық бақыт болған емес. Менің ғұмырым ел тағдырымен еншілес» дегені даналық пен көргендіктің куәсі.

Қорыта айтайын дегенім, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы, биология факультетінің ұстаздары мен студенттері және өз басым, жанұям, туған туыстарым бүкіл халықтық референдум өткізуді қолдап, бір ауыздан даусымызды береміз.

әл–Фараби атындағы ҚазҰУ, биология факультеті

адам және жануарлар физиологиясы мен

биофизика кафедрасының профессоры Нұртай Торманов