"Айқын" Республикалық қоғамдық-саяси газет

2 наурыз, 2011

«Ректорлардың эталонына» ескерткіш қойылды

02.03.11.

Қазақ университеттерінің қара шаңырағы - қазіргі ҚазҰУ, сол кездегі Киров атындағы ҚазМУ-ды басқарған уақытында Кеңес Одағындағы ең үздік үш университеттің қатарына кіргізген қоғам қайраткері, ғылым мен білімнің үйлестірушісі, ғұлама ғалым, қазақстандық роботтар механикасы, механизмдер және машиналар теориясы мектебінің негізін қалаған Өмірбек Жолдасбековтің туғанына биыл - 80 жыл. Ғылым мен ұйымдастырушылықтың тізгінін қатар ұстаған қазақтың біртуар ұлына кеше өзі салғызып кеткен »ҚазҰУ қалашығында» І халықаралық Өмірбек Жолдасбеков симпозиумы ашылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына шетелдік және еліміздің белгілі ғалымдары мен Өмірбек Арысланұлының туыстары, шәкірттері қатысты.
- Өмірбек Арысланұлы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін өмір жолын тек қана ғылым және біліммен байланыстырды. Ол - 1971 жылы ректор болғаннан бастап, 16 жыл осы қалашықтың салынуына себепкер болып, негізін қалаған кісі. Бүгінгі ескерткіштің ашылуы - Өмірбек Арысланұлының рухына деген тағзым, сый-құрметіміз. Ол әлемге жоғарғы класты машина жасау мен механизмдерінің теориясын жасаған үлкен ғалым ретінде танылды. Білім мен ғылымды ұштастырып, ғылымның жетістігін тәжірибеге енгізуде көп еңбек сіңірді. Соңғы жылдары еліміз егемендік алғаннан кейін кәсіби Парламенттің құрылуына еңбегін сіңірген үлкен қоғам қайраткері. Көптеген шәкірттерді оқытып, 100-ге жуық ғылым кандидаттары мен докторларын дайындады. Сол кісінің шәкірттері бүгінде еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Өз елі үшін аянбай еңбек еткен Ө.Жолдасбековтей жандар халықтың жадында мәңгі қалады, - деді ғалымның шәкірттерінің бірі, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов.
Белгілі ғалымға ескерткіш орнату шешімі 2010 жылдың 3 қарашасында қабылданған. Өмірбек Жолдасбековтің ескерткіші қойылған алаңқай оның өз атымен аталатын Студенттер сарайының сол жағынан таңдалыпты. Мүсінші Кәдірхан Кәкімовтің қолынан шыққан мүсіннің биіктігі - 2 метр болса, ені - 1,3 метр, тұғыр іргетасы 5 метрден асады.
- Біз бүгін үлкен ғалым, керемет адамның рухына тағзым етіп тұрмыз. Ол - тек қазақтың ғана емес, әлемдік деңгейдегі ғылымның інжу-маржаны. Бірнеше жыл араласқан уақытта егер адам талантты болса, барлық салада талантты болатынына көзім жетті. Өмірбек - көрнекті ғалым, қабілетті ұйымдастырушы, аты үлкен әріппен жазылатын ұстаз. Ол кісіде «жоқ» деген сөз болмайтын, әркез қасыңнан табылатын еді. Түрлі жиындар мен симпозиумға қатысқан кезде оның қолдауы әркез сезіліп отыратын. «Ғалымның хаты өлмейді» демекші, жыл өткен сайын ол кісінің бейнесі тұлғалана береді, - деп атап өтті ғалымның әріптесі Юрий Мацевитый.
«Ректорлардың эталоны» атанған Өмірбек Арысланұлы - тек қызметте, ғылымда ғана емес, отбасылық өмірде керемет үлгі көрсеткен адам. Ол кісінің ұл-қыздары да ғылым жолын қуып, бүгінде елімізге белгілі ғалым атанып отыр.

- Мен әкемнің ұлы ғана емес, көптеген шәкірттерінің бірімін де. Ол бала кезімнен механикаға деген махаббатты оята білді. Өйткені ол бар жақсылығын ең бірінші өз отбасына берді. Өз баласы ғана емес, шәкірті ретінде көп нәрсе үйретті. Көбіне-көп әкемді «шеф» дейтін едім. Бала жасымнан қасында еріп жүріп, ғылымның осы саласына бет бұруыма мұрындық болған әкем. Ол кісі «балам, машина жасаудың теориясы мен механизмімен айналысасың, басқа жол жоқ» деді. Өзім де осы салаға жақын едім. Әкем әлемдік ғылымда ойып орын алған қазақстандық машина механизмдері және теориясы мектебінің негізін қалады. Өйткені Кеңес Одағындағы осы сала бойынша кандидаттық, докторлық диссертация қорғайтын кеңестің бірі Қазақстанда еді. Бізде Орталық Азия елдерінің бүкіл ғалымдары өз еңбектерін қорғайтын. Оның мектебі әлі жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні қазақ қоғамы ғана емес, шетелдік ғалымдар келіп, әкемізді еске алып жатқандарына өте қуаныштымын, - дейді ғалымның ұлы Скандербек Өмірбекұлы.
Екі күнге созылатын Ө.Жолдасбеков халықаралық симпозиумына Ресей, Италия, Германия, Украина, Белоруссия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстанның ғалымдары қатысып, пленарлық және секциялық отырыс барысында теориялық және қолданбалы механика, ел экономикасының индустриялды-инновациялық дамуы аясындағы машина жасаудың ғылыми-техникалық негіздерінің негізі мәселелерін талқылап жатыр.

Үмітжан ЖАПАР