Мақсат: топ 100-ге кіру

2 қазан, 2020

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуға және топ-100 үздік ЖОО-ның жаһандық рейтингісіне енуді мақсат тұтады. Бұл ауқымды мақсатты ректор, академик Ғалым Мұтанов халық алдындағы жыл сайынғы есептік кездесу барысында айтты. Ол үшін инфрақұрылымды дамыту жалғастырылады, сондай-ақ шетелдік инвестицияларды тарта отырып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде бірқатар ірі халықаралық инновациялық жобалар іске асырылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың биылғы жылғы жұртшылық алдындағы есептік кездесуі онлайн-форматта университеттің жеке «JynalisRoom» дистанциялық платформасында өтті. Кездесу YouTube арнасында және университеттің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында тікелей эфирде жүргізілді.

Есеп беру кездесуіне оқытушылар құрамы, студенттер активі, түлектер қауымдастығы, жұмыс берушілер кеңесі, «Саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесі, бұқаралық ақпарат құралдары, жастар мен студенттер ұйымдарының өкілдері, білім алушылар мен олардың ата-аналары қатысты.

Биылғы жылдың жаңалығы – есептік кездесуден бір ай бұрын алдын ала сұрақтар қоюға мүмкіндік берілді. Әрбір ниет білдіруші ректорға kaznu.kz сайтының виртуалды қабылдау бөлмесінде және арнайы ашық онлайн нысанда жүгінуге мүмкіндік алды. Келіп түскен сұрақтар мен ұсыныстар жүйелендіріліп, өңделіп, тікелей эфир кезінде және кері байланыс арқылы жауап берілді.

Еліміздің жетекші жоғары оқу орнының ректоры жұртшылыққа мен университеттің жетістіктері мен мыңдаған ұжымның алдында тұрған стратегиялық міндеттер, университеттің пандемия жағдайында қашықтықтан оқыту форматында қалай жұмыс істейтіні, ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін шешу, инновациялық жобаларды іске асыру туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. 

Ректор Ғалым Мұтанов Әл-Фарабидің 1150-жылдық мерейтойында оның есімін лайықты иеленіп жүрген университет QS жаһандық рейтингінде әлемнің топ-200 үздік жоғары оқу орындары қатарына еніп, 165-орынға ие болғанын атап өтті. ҚазҰУ қарқынды түрде әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айнала отырып, қол жеткізген жетістіктермен шектелмей, өз алдына әлемдегі топ-100 үздік жоғары оқу орындары қатарына кіру мақсатын қойып отыр. Ол үшін бірқатар ірі халықаралық инновациялық жобалар іске асырылады. Мәселен, шетелдік инвестицияларды тарту арқылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде «Әл-Фараби» ғылыми-техникалық алқабы құрылуда.

ҚазҰУ кампусы аумағында ҒТА құрудың алғашқы қадамы әлемнің 130-дан астам жетекші жоғары оқу орындарын біріктіретін «Жаңа Жібек жолы университеттерінің Альянсы» Халықаралық IT-кластерін іске қосу болады. Оның өзегін «Silicon Valley» моделіндегі IT-технопарк және ҚХР үкіметінің гранты бойынша ҚазҰУ-ға ұсынылатын суперкомпьютер құрайды. «Алқаптың» маңызды құрамдас бөліктері қатарында заманауи емхана мен зерттеу зертханасы бар медициналық-биологиялық кластер, сондай-ақ нанотехнологиялар мен жаңа материалдар, ядролық, ғарыштық және телекоммуникациялық технологиялар, робототехника, пәнаралық гуманитарлық зерттеулер сияқты ғылыми бағыттарды біріктіретін инновациялық кластер бар.

ҚазҰУ «Университет 4.0» атты жаңа буын ЖОО-ның өзіндік даму моделін әзірлеп, енгізуде. Ол тек өзінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл адамзаттың тағдырына жауапты, рухани-адамгершілік құндылықтары жоғары ел мен әлем азаматтарын қалыптастыруға бағытталған. БҰҰ-ның Нью-Йорктегі Штаб-пәтерінде ұсынылған модель халықаралық деңгейде кеңінен таратылуға ұсынылды. ҚазҰУ-дың озық тәжірибесі әлемнің жетекші шетелдік университеттерінде ҚазҰУ ашқан 10 Әл-Фараби ғылыми-білім беру орталықтары мен Ыстамбұл (Түркия) және Делиде (Үндістан) Әл-Фараби мұражай-үйлері арқылы таратылады. Осының арқасында шетел азаматтары қазақ тілін, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін үйренуге, Қазақстанның жетістіктерімен танысуға мүмкіндік алуда. Таяу уақытта әлемнің түрлі елдеріндегі осындай орталықтардың саны 20-ға дейін артады.

Университеттің инновациялық түрлендірулерінің негізі функционалдық менеджменттен процесті басқаруға көшуі болды. ҚазҰУ қалашығының инфрақұрылымы соңғы бес жылда шамамен 50 пайызға өсті. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 1250 орындық Студенттер үйінің құрылысы басталды. Университет елімізде бірінші болып moocs.kz. платформасында жаппай ашық онлайн курстарды іске қосты. Бүгінде университет білім беру қызметтерін экспорттаудың және сұранысқа ие мамандар даярлаудың Орталық Азия хабына айналуда. Тек соңғы жылы шетелдік білім алушылардың саны 15 есе өсті. Басқаруды автоматтандыру және барлық бизнес-процестерді цифрлық форматқа ауыстыру, коронавирус пандемиясына байланысты карантин жариялау кезеңінде ҚазҰУ-ға бұрынғы сабақ кестесін сақтай отырып, жедел және еш кідірместен қашықтықтан оқытуға көшуге мүмкіндік берді.

Есеп беру кездесуі барысында «ҚР минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталықтың» ғылыми хатшысы Светлана Ефремова сөз сөйледі. Ол білікті мамандарды даярлауда ҚазҰУ-мен ынтымақтастық туралы айтты. 2019 жылы университет орталық жанынан «Металдар мен минералдар технологиясы» мамандырылған кафедрасын ашты. Спикердің айтуынша, Орталық қызметкерлері студенттерді оқытудың барлық кезеңдерінде (бакалавриат, магистратура, докторантура) білім беру процесіне тікелей қатысады. Бұл болашақ кәсіби қызметінде көп салалы міндеттерді шешуге дайын ғылым мен тәжірибені ұштастыратын мамандар даярлауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқышев өз сөзінде ҚазҰУ-мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша ғылыми-білім беру кластерін құрудағы тығыз ынтымақтастықты атап өтті. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша әдістемелік ұсынымдар мен бірлесіп әзірленген бағдарламалар қолданылуда. Факультеттерде «Саналы ұрпақ» студенттік клубтарының жұмысы ұйымдастырылып, іс-шаралар өткізілуде. Қызметтің осы бағытын дамыта отырып, жақын арада университетте ИСО 37001 халықаралық стандарты енгізіледі. Жобалық кеңсенің басшысы ҚазҰУ қызметіне оң баға беріп, жоғары оқу орны жаңа елеулі табыстарға жететініне сенім білдірді.

Университет түлектері қауымдастығының атынан республикалық «Білімді ел» газетінің бас редакторы Ләззат Түркістанова сөз сөйледі. Ол түлектердің туған Альма-матермен тығыз байланысы және ҚазҰУ Түлектер қауымдастығындағы үлкен рөлі туралы айтты. Сондай-ақ, ол өзара іс-қимылды одан әрі жақсарту және университеттің жетістіктері мен қызметі туралы кеңінен ақпараттандыру бойынша бірқатар ұсыныстарды атап өтті.

Онлайн кездесу соңында ректор Ғалым Мұтанов пен ҚазҰУ проректорлары оқытушылар, студенттер мен қоғамдастықтан бұған дейін әрі тікелей эфир кезінде келіп түскен сұрақтарға толық жауап берді. Кездесу қорытындысы бойынша келіп түскен ұсыныстар қаралатын болады және ортаға салынған бірқатар мәселелерді шешу университет басшылығы тарапынан бақылауға алынды.

www.kaznu.kz