Қазақ журналистикасының іргетасын қалаушы Қайыржан Бекхожин – 100 жаста

4 наурыз, 2011

4 наурыз күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Ректораттың мәжіліс залы, 15-қабатта Қазақстан журналистика Академиясы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті, Бұқаралық коммуникацияның тарихы мен теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен Қайыржан Нұрғожаұлы Бекхожиннің 100 жылдық мерейтойына арналған «ҚАЙЫРЖАН БЕКХОЖИН – ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ БІЛІМІ МЕН ҒЫЛЫМЫНЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Х.Н.Бекхожин (1910-1979 ) – еліміздің журналистика ғылымы мен білімінің ірге тасын қалаушы, көрнекті қазақ журналистерінің бірі. Ол 1929-39 жылдары «Кеңес туы» және «Колхоз» (Павлодар), «Екпінді» (Семей) аймақтық басылымдарында журналистік қызмет атқарды. 1942 жылы ҚазҰУ-дің журналистика бөлімін тәмамдады. 1943 жылдан бастап Отан соғысы аяқталғанға дейін Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінде редактор болып еңбек етті. 1945 жылдан өмірінің соңғы сәттеріне дейін ҚазҰУ-дің большевиктік баспасөз теориясы мен тәжірибесі кафедрасында аға оқытушы, осы жылдың 1-маусымынан факультет деканы, 1948-1976 жылдар аралығында журналистика тарихы кафедрасының меңгерушісі және профессоры болды.

Қ.Н.Бекхожин – ұлттық баспасөзіміздің тарихы бойынша тұңғыш кандидаттық және докторлық диссертациялар жазды. Докторлық диссертациясын 1964 жылы жарық көрген «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» атты монографиясы бойынша даярлап, ғылыми баяндама түрінде қорғады.

Қ.Н.Бекхожиннің ХІХ ғасырдың басында жарық көрген тұңғыш журнал «Айқап» туралы жазылған зерттеу еңбегі - кеңес дәуіріндегі ғылымға қосылған үлкен жетістіктердің бірі.

Бұл күндері Қ.Н.Бекхожиннің бастамасымен 1948 жылы құрылған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика тарихы кафедрасының құрылғанына 63 жыл толып отыр. Кафедра 2010 жылдың 1 қыркүйегінен Бұқаралық коммуникацияның тарихы мен теориясы деп аталуын өзгертті.

Қайыржан Бекхожин қазақ журналистикасындағы бірнеше ұрпақты қалыптастырды, ұстаздық етті, өз білімін келер ұрпаққа жеткізген тұлға болғаны, бүгінгі конференцияға ұстазға құрмет танытып келген барлық төртінші билік өкілдерінен байқауға болады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып өз сөзінде алғашқы журналистика факультетінің деканы болған, қазақ журналистикасының іргетасын бөліп берген, журналистиканы ғылым ретінде қалыптастырған тұлға екендігін атап өтсе,жазушы,ғалым Тұрсын Жұртбай ұстазының ұрпақ арасында үнемі байланыс сақтап қалуға тырысатынын айтты.Шәкірттер қауымы ұстазын көпшілікпен араласуды сүйетін, студенттерімен сабақтан тыс уақытта да тығыз қарым-қатынаста жүруді ұнататын адам ретінде еске алып отырды.

Алғашқы журналистика профессоры Х.Н.Бекхожин туралы кітап - университет басшылығы мақұлдаған «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шығып отырған екінші басылым. Бірінші басылым, заң саласының заңғары Салық Зимановқа арналған болатын. Бүгінгі журналистика факультетінің студенттері Қайыржан Бекхожин кітаптарын оқып, өз біліктіктерін арттыруда.

Бекхожиндер әулеті атынан арнайы журналистика факультетіінң студенттеріне: Әбдіқова Жәния, Әбділдаева Айдана мен Абдуллаев Абдулға Қайыржан Нұрғожаұлы Бекхожин атындағы стипендия мен құрмет грамотасы берілді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі