"Ана тілі" Ұлт газеті

10 марта, 2011

Елімізде әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар адамның рухани сұранысын қанағаттандыру кезек күттірмес маңызды шаралардың бірі екені белгілі. Өйткені ол – адами капиталды күшейтудің бірден-бір жолы. Тәуелсіздікті нығайта түсудің басты шарттарының бірі – адамдардың бойында еліміздің тәуелсіздігін баянды ететін ұлттық келісім рухын және отансүйгіштік сезімін нығайту. Елдің рухын көтеру, елжандылық қасиетін қалыптастыру тәуелсіз мемлекетіміз үшін айрықша маңызы бар мәселе болып табылады.

Себебі жер қойнауындағы кен байлығымен танылып қана қоймай, адамгершілік-рухани құндылықтарын дәріптеген, тарихи зердесі таза, әлеуметтік капиталы қомақты мемлекет қана ертеңгі күні халықаралық қауымдастықтың ортасында зор беделге ие болады. Сол жолда ұлттың рухани діңгектерін нық қадайтын ұлттық идея, алға қойған биік мақсат болуы тиіс. Серпінді дамып келе жатқан жас та тәуелсіз мемлекет Қазақстан жағдайында қоғамның ұйытқысы, мемлекеттіліктің тірегі боларлық ортақ идея мәселесі өзекті. Осы орайда «Жерұйық» концепциясының идео­логиялық әлеуеті сөз болмақшы.
Бүгінде әлемнің озық дамыған елдерінің қатарынан өз орнын нықтап алғалы отырған қазақ елі Қазақстан – тек исі қазақтың ғана емес, сонымен қа­тар жүзден астам ұлыстың басы қосыл­ған құтты мекен. Әлеуметтік келісім негізінде сүттей ұйып отырған, өрісі малға, қоймасы дәнге, үй іші жанға толып отырған Қазақстан Жерұйық емей, немене?! Түптеп келгенде, Жерұйық деп әлеуметтік келісім негізінде ел-жұрты бейбіт рахат өмір сүретін, адамгерші­лік пен бауырластыққа бас ұрған құтты қонысты айтады.
2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауының «Бола­шақтың іргесін бірге қалаймыз!» деген тақырыбы да соны растап тұр. Шындығында, осы Жолдауда Елбасы атап өткендей, «біз үшін ерекше қас­терлі жыл» – тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына «әлемдік оқиға­лардың қалтарысында қалып қоймай» жетуіміз – қазақ еліндегі бейбітшілік, келісім мен жасампаздықтың жемісі.
Президент тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тойланатын үстіміздегі 2011 жыл «Бейбітшілік пен жасампаздықта өткерген 20 жыл» деген ұстаным ая­сында өтетіндігін хабарлады. Қазақ­станды Жерұйыққа балайтын нұрлы болашаққа апарар жолдың басым қоғамдық құндылықтары – Еркіндік, Бірлік, Тұрақтылық, Гүлдену.
Қай сөзінде болмасын ұлтымыздың маңдайына біткен бағы да, көзінің қарашығындай қорғаштауы тиіс бас­ты жетістігі де, ту етіп ұстар ұлы құндылығы да Тәуелсіздік екендігін нықтап отыратын Елбасы бұл Жолдауында да сол тәуелсіздігіміздің баяндылығын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік жаңғыру керектігін танытты. Ендеше, 2011 жылдан әлеуметті әлемдік деңгейге жетелейтін негізгі саяси қадамдарды күтеміз. Әлеуметтік жаңғыру – ел жаңаруы, ал ел жаңаруы біздер мен сіздерден басталары сөзсіз.

Ақтолқын Құлсариева,
профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
философия және саясаттану факультетінің деканы