"Заң" республикалық күнделікті газет
Елімізде әскери қызмет атқарудың тәртібі Конституцияда, «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» заңда, Қарулы Күштердің арнайы жарғыларында, басқа да нормативтік-құқықтық актілерде көзделген. Тіпті, Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің 16-тарауы әскери қылмыстарға арналған.
Әскерге шақыруға байланысты не келісімшарт бойынша еліміз Қарулы Күштерінде, өзге де әскерлер мен әскери құрамаларда әскери қызмет атқаратын әскери қызметшілердің, сондай-ақ, запастағы азаматтардың жиындардан өтуі кезінде әскери қызмет атқарудың белгіленген тәртібіне қарсы қылмыстарды жасауы әскери қылмыс деп саналады. Қылмыстық кодекстің 366-бабында әскери қылмыстың заңдылық ұғымы нақты көрсетілген. Соған орай, Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда әскери қызмет атқарудың белгіленген тәртібін реттейтін қоғамдық қатынастар қылмыстық топтық объектісі болып табылады.
Егер қылмыс әскери қызметті өтеу кезінде орын алып, қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері өтпеген болса, ол қылмысы үшін қызметі аяқталған соң да қылмыстық жауапқа тартылады.
Әскерге, келісімшартқа байланысты әскери қызметке, әскери жиындарға шақырудың және өтудің, әскери қызметтен босатудың, жиындарды аяқтаудың тәртібі заңдармен, Елбасының Жарлығымен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен белгіленеді.
1998 жылдың 24 наурызында қабылданған «Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңның 6-бабының 2-тармағы талаптарына сәйкес, әскери қызметті өткеру мен соған байланысты өзге де мәселелерді реттейтін заң нормалары арасында қарама-қайшылық туындаған шақта, кейінгі қабылданған заңның нормалары қолданылады. (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Әскери қылмыстар жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы» 2005 жылдың 28 қазанындағы №6 нормативтік қаулысының 3-тармағы.)
Әскери қылмыстар тіке- лей объектілерінің ерекшеліктеріне байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, бағыныштылық тәртібіне, әскери қызметшілердің жарғылық ережелеріне сай, қарым-қатынасына қол сұғатын қылмыстар: бұйрыққа бағынбау, оны орындамау (367-бап). Бастыққа қарсылық көрсету немесе қызметтік міндеттерді бұзуға мәжбүрлеу (368-бап). Бастыққа қатысты күш қолдану іс-әрекеттері (369-бап). Бір-бірінің арасында бағыныштылық қатынастары болмаған кезде әскери қызметшілердің арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін бұзу (370-бап). Әскери қызметшіге тіл тигізу (371-бап).
Әскери қызметті өтеу тәртібіне қарсы бағытталған қылмыстар: бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету (372-бап). Қашқындық (373-бап). Дене мүшесіне зақым келтіру жолымен немесе өзге тәсілмен әскери қызметтен жалтару (374-бап).
Әскери кезекшілік және басқа да арнаулы қызмет тәртібіне қарсы қылмыстар: жауынгерлік кезекшілікті атқарудың ережелерін бұзу (375-бап). Шекаралық қызмет атқарудың ережелерін бұзу (376-бап). Қарауыл (вахта) қызметін атқарудың жарғылық ережелерін бұзу (377-бап). Ішкі қызмет атқарудың және гарнизонда патруль болудың жарғылық ережелерін бұзу (378-бап). Қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарудың ережелерін бұзу (379-бап).
Қару-жарақ, заттар мен әскери мүліктерді, техниканы пайдалану, оны сақтаудың ережелеріне қарсы қылмыстар: әскери мүлікті қасақана құрту немесе бүлдіру (387-бап). Әскери мүлікті абайсызда құрту немесе бүлдіру (388-бап). Әскери мүлікті жоғалту (389-бап). Машиналарды жүргізу немесе пайдалану ережелерін бұзу (391-бап). Айналадағыларға қауіп туғызатын қару-жарақты, сондай-ақ, заттар мен нәрселерді ұстау ережелерін бұзу (390-бап). Ұшу немесе оған даярлану ережелерін бұзу (392-бап). Кеме жүргізу ережелерін бұзу (393-бап).
Белгіленген тәртіп пен әскери құпияны сақтауға қарсы қылмыстар: әскери сипаттағы құпия мәліметтерді жария ету немесе әскери сипаттағы құпия мәліметтері бар құжаттарды жоғалту (386-бап).
Әскери лауазымды қылмыстар: билікті теріс пайдалану, биліктің асыра қолданылуы немесе әрекетсіздігі (380-бап). Қызметке селқос қарау (381-бап).
Шайқас даласында және соғыс жүріп жатқан ауданда әскери қызметті атқару тәртібіне қарсы қылмыстар: құрып бара жатқан әскери кемені тастап кету (382-бап). Жауға соғыс жүргізу құралдарын беру немесе тастап кету (383-бап). Тұтқынға өз еркімен берілу (384-бап). Тонаушылық (385-бап).
Қылмыстық іс жүргізуші орган Қылмыстық кодекстің 16-тарауының бірқатар баптарының диспозициясы бланкеттік (сілтемелік) болып келетінін ескеріп, әрбір нақты жағдайдағы әскери қылмыстар үшін адамды жауапқа тартқанда әскери қызметті өтеудің жалпы тәртібіне, сондай-ақ, тәуліктік наряд қызметін атқаруға, қарауылға, мемлекеттік шекараны күзетуге қатысты нарядқа, жауынгерлік кезекшілікке және әскери жарғыларда, өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген қоғамдық тәртіпті қорғауға байланысты нарядтың әскерлер құрамына қатысты бұзылған ережелер мазмұнын анықтауы қажет (Жоғарғы Соттың аталған қаулысының 4-тармағы).
Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымдарының
докторы,
ҚазҰУ-дың профессоры