"ҚазАқпарат" Ұлттық Ақпарат агенттігі
АЛМАТЫ. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ұлы дала тарихында мемлекеттердің қалыптасуы мен дамуында әскери іс пен соғыс өнері айрықша орын алады.
Осы орайда ұлы даладағы қолбасшылық өнердің қыр-сырын терең зерттеп жүрген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты Арман Жұмаділден алғансұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
- Арман Қабдешұлы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Ерліктің өшуі - халық қасіреті» деген қанатты сөзі бар екен. Біз әскери тарихымызды қазір қаншалықты деңгейде танып-біле алдық?
- Б.з.д. І мыңжылдықта Хуанхэ өзенінің (Қытайдағы ең үлкен екі өзеннің бірі-ред.) орта ағысынан Дунайға дейінгі Ұлы дала кеңістігінде жер бетіндегі ең озық әскери мектептердің бірі қалыптаса бастады. Сол даланың төсінде өмір сүрген сақтардың, ғұндардың, түркілердің тікелей ұрпағы ретінде қазақ халқының далалық әскери мектептің дәстүрін жалғастырушы мұрагер болып табылатыны тарихи заңдылық. Сондықтан да, әрбір тарихи кезең қазақтың ұлы қолбасшыларын шыңдаған мектептің жеке-жеке сыныбы, әскери шеберлікті жетілдіре түскен сатысы сияқты.
Екінші дүниежүзілік соғыста ел қорғаған немесе күні кеше ғана өзге елдерде жауынгерлік борышын атқарып, нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен қазақ сарбаздарының бойында сақ дәуірінен келе жатқан ата-бабаларымыздың жауынгерлік рухы болды. Б. Момышұлы өзінің «Соғыс психологиясы» деген кітабында: «Отан соғысынан басталған қазақ халқының әскери тарихының негізі ежелгі замандарда өткен ұрыстардан бастау алды», - деп жайдан-жай айтпаған. Ғасырлар бойы қалыптасқан бабаларымыздың әскери ерлік рухы, қолбасшылық дарыны жоғалмай осы күнге дейін жетіп отыр. Ал сол қолбашылық мектептің бастауы қайда? Оның негізін қашан және кімдер қалады? Қазіргі таңда экономикада болсын, әскери күші жағынан болсын көш ілгері озып кеткен батыс елдерінің тарихшылары көбінесе адамзат тарихындағы барлық жетістіктерді тек өздеріне ғана телитіні байқалады. Ал Еуразияның Ұлы даласында өмір сүрген көшпелі халықтардың адамзат қазынасына қосқан үлесі көп жағдайда еленбей қалады. Бабаларымыздың айбынды жорықтарын, ерлікке толы шайқастарын батыс тарихшылары қаныпезерліктен, соғысқұмарлықтан туындаған, тек олжа үшін ғана болған дүниелер ретінде сипаттайды. Батыс тарихшыларының зерттеулерін оқып отырған жас адам «шынында да солай ма?» деп, өз тарихынан түңіліп кетуі де мүмкін.
- Сонда, шындығында солай болған ба?
- Жоқ, олай емес! Ұлы дала перзенттері адамзат қазынасына теңдесі жоқ материалдық және рухани мәдениеттің үлгілерін жасап қалдырды. Ешкімге ұқсамайтын еркін адамның дүние танымы мен философиясын қалыптастырды. Оның бәрін бүгінде бүкіл адамзат баласы өз игілігіне жаратып отыр. Әсіресе, соғыс өнеріне қатысты далалықтардың жинаған мол тәжірибесі мен дәстүрін, заңдарын дүние жүзіндегі барлық елдердің қарулы күштері қабылдап, өзінің әскери жарғыларына енгізді десек артық айтқандық емес. Ғалымдардың есептеуі бойынша, соңғы 3 мың жылдың тек 250-300 жылы ғана біршама бейбіт өтіпті. Соған қарағанда, әсери іс пен соғыс өнері қоғамның дамуына әсер ететін басты факторлардың бірі болып табылады.
Далалық әскери жүйе қола ғасыры кезінде - адамдар жылқыны қолға үйретіп, Еуразия кеңістігін игере бастаған кезеңнен бастап, от қару пайда болып, жаппай тарағанша үстемдік етті. Егер далалық әсери жүйені б.з.д. І мыңжылдықта қалыптаса бастады деп есептейтін болсақ, онда қазақтың қолбасшылық мектебінің алғашқы сатысы сақ заманынан басталатыны заңдылық. Оған тарих куә. Сақтар жарты әлемді жаулаған парсы патшалары Кир мен Дарийдің әскерін талқандап, ұлы қолбасшы Александр Македонскийдің әскерін тоқтатқан. Сол кезде сақ қолбасшыларының қандай ұрыс тәсілін қолданғанын және сақтардың жауынгерлігі туралы б.з.д. ІV ғасырда өмір сүрген «тарихтың атасы» атанған Геродот тәптіштеп тұрып өзінің «Тарих» деген еңбегінде жазып қалдырған. «Сақтар әлемдегі ең маңызды өнерді игерген, олар еліне келген жауды талқандамай қоймайды», - деп біздің бабаларымыздың әскери өнеріне үлкен баға берген. Сонымен қатар Геродот сақтардың жауынгерлік мектебінен көрші елдердің патшалары да өткені туралы айтады. Ол Мидия патшасы Киаксар өз балаларына ат мініп, садақ таруды үйрету үшін арнайы сақ жауынгерлерін жалдаған деп көрсеткен.
-Сақтардың жауынгерлік-қолбасшылық мектебінің көрші елдерге ықпалы антикалық аңыздардан да көрінеді. Мысалы, грек аңыздарында дене бітімі белуарынан жоғары адам, ал төменгі бөлігі ат болып келетін «кентавр» деген бейне бар. Кентавр - ежелгі эллиндер өмірінде алғашқы рет салт атты адамды көрген әсерден туған бейне емес пе?
- Иә. Ежелгі бұл аңыздарда Геракл сияқты батырлар да, Тесей сияқты патшалар да Хирон атты кентаврдың әскери мектебінен өтіп, тәлім-тәрбие алуы далалық әскери мектептің қаншалықты озық және қаншалықты ықпалды болғанын айқындайды. Қазақ қолбасшылық мектептің қалыптасуының келесі сатысы б.з.д. ІV-ІІІ-ғасырда сарматтар мен ғұндардың әскери өнерімен, далалық әскери жүйенің дамуымен тығыз байланысты болды.
Сарматтар бүкіл әскери іс пен соғыс өнеріне әсер еткен үлкен жаңалық әкелді. Олар Парфия (б.з.д. шамамен 250 жылдары пайда болған ежелгі мемлекет-ред.) және Ұлы Рим империясының тұрақты әскерімен соғыста жинаған тәжірибенің негізінде әскери іс пен ұрыс жүргізу өнерін жетілдіріп, жау шебін жарып өтетін ауыр қаруланған атты әскерді - «катафрактариді» пайдаланды. Бұл жаппай салт атты жауынгердің қолданған қаруына үлкен өзгерістер енгізіп, әскер басқару мен ұрыс жүргізудің түбегейлі жаңа қағидаларын қалыптастырды. Ал Орталық Азияда пайда болған Ғұн мемлекеті бірнеше ғасыр бойы қытай империясының экспансиясын тежеп қана қоймай, қытай императоры У-дидің әскерін ойсырата жеңіп, Хань империясына қырық жыл бойы алым-салық төлетті. Бұл да тікелей ғұндардың жетілген әскери жүйесінің нәтижесі. Әсіресе, Мөде шаньюй (Ғұндардың жоғарғы билеушісін қытай авторлары шаньюй деп атайды-ред.) тұсында ғұндарда әскер басқарудың ондық жүйесі қалыптасты және қолбасының бұйрығын сөзсіз орындау сияқты қатаң әскери тәртіп енгізілді. Сонымен қатар ғұндардың тұсында Орталық Азия көшпелілерінің ең жақсы көретін қаруы - садақ жетіле түсті. Қатаң тәртіпке бағынған, темір қарумен және алыс қашықтықтан қолданатын күрделі садақпен қаруланған ғұндар қытай әскеріне дес бермей, ашық ұрыста үнемі жеңіп, басым түсіп отырды. Сол себептен де қытай императоры У-ди өз әскерін ғұн әскерінің үлгісімен қайта жасақтап әсери реформа жүргізді.
Б.з. І-ІV ғасырында ғұндардың батысқа қоныс аударуы нәтижесінде сарматтар мен ғұндар қалыптастырған екі әскери жүйе бір арнаға тоғысты. Осының нәтижесінде бүкіл Европада Еділ бастаған ғұн әскеріне төтеп беретін бір де бір күш табылмады. Кейінгі ғасырларда да ғұн мен сарматтардың әскери жүйелерінің тәжірибесін Ұлы даланың ұлы қолбасшылары ұзақ уақыт қолданды.
- Ғалымдар қолбасшылық өнердің одан кейінгі даму кезеңін түркі-моңғол дәуірімен байланыстырады. Өкінішке қарай, бұл мәселеде олардың арасында ауызбіршілік жоқ сияқты көрінеді. Бұған Сіздің көзқарасыңыз қандай?
- Түркілер ғұндардың ұрпағы ретінде өздеріне дейін жиналған соғыс өнерінің бай тәжірибесін дамытып қана қоймай, жаңа соғыс доктринасын жасап шығарды. Соның нәтижесінде Түркілер Еуразияның Ұлы даласында өмір сүрген барлық тайпаларды біріктірген ең күшті қағанат құрып, Еуразияның этникалық, саяси-экономикалық жағдайына тікелей әсер етті. Түркі қағанаты көп уақытқа дейін шығысында Қытайды тәуелді етіп, батысында Иран мен Византияны өзіне мүдделі қылды. Бұл да түркілердің әскери ісі мен соғыс өнерінің, қолбасшылық мектебінің озық үлгісінің дәлелі болып табылады. Ұлы дала көшпелілерінің соғыс өнерін жетік меңгергені сондай, олардың қолбасшылық мектебі тағы да халықаралық деңгейге шықты. Әсіресе, Х-ХІІ ғасырларда қыпшақтан шыққан қолбасшылар барлық көрші елдерде әскери қызмет атқарып, соғыс өнерін қаншалықты жетік игергенін көрсетті. Қытай императоры, Грузия патшалары, Рим папасы, орыс княздері, Хорезм шахтары түгел қыпшақтардан тұратын ұлан ұстаса, Мысыр елінде Мәмлүк сұлтаны Бейбарыс қарапайым сарбаздан биліктің шырқау шыңына дейін жетті. Жалпы сол кездегі түркілердің әскери ісі мен соғыс өнері, қолбасшылық дарынына байланысты мәліметтерді түркі жазбаларынан, араб-парсы деректерінен көптеп табуға болады.
Ұлы дала қолбасшылары алдына жан салмайтын, соғыс өнерінің нағыз маманы екені Шыңғысхан дәуірінде көрінді. Шыңғысхан әскери іске қатысты өзіне дейін жиналған тәжірибені жетілдіріп оның негізгі қағидаларын «Ұлы Жасақ» заңдар жинағына енгізді. Егер бұған дейін соғысқа қатысты іс-әрекеттің бәрі әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің негізінде реттелсе, енді ол сол дәстүрлердің негізінде жасалған заңдық, құқықтық нормаларға құрылатын болды. Ұжымдық жауапкершілік, антқа адал болу, опасыздық жасамау, бұйрықты сөзсіз орындау, әскери борышты орындауға сақадай сай болу, жорық үстінде жан-жаққа барлаушылар мен шолғыншыларды аттандыру сияқты тағы басқа ұстанымдардың Шыңғысхан заңдар жинағында орын алуы қолбасшылық мектептің дамуына ғана емес, сонымен қатар бүкіл дүниежүзі қарулы күштерінің құрылымы мен жарғыларына, соғыс жүргізу тәсіліне үлкен әсерін тигізді.
- Қазақ хандығы дәуірі кезіндегі жаугершілік заман тарих сахнасына көзсіз батырлар мен даңқты қолбасшылардың үлкен бір шоғырын әкелді. Оны көшпенділер арасындағы әскери-қолбасшылық өнердің дамуындағы шарықтау кезеңі деуге бола ма? Ол кейінгі кезеңдерде біртіндеп ұмытыла бастағандай көрінеді. Бұл пікірге не айтасыз?
- Хандық дәуір өтіп, қазақ халқының басынан бақ кетсе де өздеріне кезеңген отқарудың қаһарынан бұқпаған қазақ қолбасшылары заманауи қарумен қаруланған жауға қарсы жаңа соғыс тәсілдерін тауып, айбынын асырып отырды. Мысалы Ш. Уәлиханов қазақтың батырларын тек ұрыс ісін білетін адам ғана емес, сонымен бірге жаудың мінез-құлқын жіті танитын психолог ретінде де көрсетеді. Бірде, атақты қорама мылтықпен қаруланған қалмақ мергені үңгірдің аузында бекініп алып бірнеше қазақ батырын жер қаптырады. Қалмаққа қарсы шығуға енді ешкімнің жүрегі дауаламай тұрған кезде Елшібек деген батыр жорға атын ойнақтатып, асықпай майда желіп шығып, мергенге жақындай түседі. Қалмақ мергенінің оғына ұшатын болды-ау деп тұрғанда Елшібек қалмақ мергеніне ұмтыла шабады. Қалмақ пілтені басқанда мылтығы бірден атылмай, екінші рет басқанша Елшібек оны шауып өлтіреді. Артынан серіктері одан неге асықпай шаптың деп сұрағанда ол: "Қалмақ атыма қызығып, оны жаралап алмау үшін мені жақындата түскісі келді. Ал менің ойым, оған жеткенше пілтесін көбірек күл шалып, мылтығы бірден атылмаса екен дедім", - деп жауап беріпті.
Қазақтың әскери-қолбасшылық мектебінің деңгейі халық тарапынан сол заманда-ақ өз бағасын алып отырды. Қазақтар небір ұрыс жүргізудің тактикалық тәсілдерге соны ұтымды қолданған батырлардың атымен атайтын болған. Мысалы, Абылай Бұқар жыраудан өз батырларының жағдайын сұрағанда: "Жанатай Талқы арқылы өтеді, Бөгенбай Құлжандап өтеді, ал Хан-Баба қайтып келеді", депті. Мұндағы «Құлжандап өту» ерлік пен айла көрсетіп, мықты ұрыс жүргізіп, жау қолынан сытылып шығады дегенді білдіреді екен. Бұл ұрыс әдісі ертеректе батыл жауынгер, әрі керемет тактик болған Құлжанның атымен аталып кетіпті.
Байқайсыз ба, Мәскеу түбіндегі шайқаста Баукең де сөйткен жоқ па! Баукеңнің сонда ұрыс беріп қоршаудан шыққан тәсілі барлық әскери оқулықтарға кірді. Мен оны дәстүрі үзілмей келген қолбасшылық мектептің айқын үлгісі деп санаймын. Ұлы даланың қолбасшылық мектебі мен әскери рухы жоғалып кетпей Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде барлық қазақ сарбаздарының бойынан табылғандығы Бауыржан Момышұлы еңбектерінің басты арқауы.
Қорыта келгенде, дүниежүзінің бүгінгі барлық қарулы күштері ондық жүйе бойынша бөлініп өз жарғыларында далалықтар жасап берген ортақ қағидалар мен заңдарға сүйенеді, жорық кезінде жан-жаққа шолғыншы мен барлаушыны жібереді, керек десеңіз шабуылға «уралап» шығады. Мұның бәрі Ұлы дала төсінде өмір сүріп, қазақ халқының негізін қалаған, қолбасшылық мектепті қалыптастырып кеткен жауынгер сақ, ғұн, түркі тайпаларының жетістігі.
Бүгінгі күні қазақтардың әскери тарихын зерттеу өте өзекті мәселе болып табылады. Ұлы шайқастар өткен жерлерді анықтап, ол жерлерде көзсіз ерлікпен аты шыққан қазақ батырларына ескерткіш қою уақыт күттірмейтін мәселе. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағын біз солардың үлгі-өнегесімен тірбиелеуіміз қерек. Алда әлі қандай заман туатыны бір Құдай біледі. Ал Отан үшін отқа түсіп, жан беруге дайын азаматтар әрқашан қажет. Сондықтан да мен ғылым, оқу-ағарту мәселесімен айналысып жүрген барлық тиісті құзырлы мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге қазақ халқының әскери тарихын жеке мәселе ретінде зерттеу, ол жайында арнайы оқулықтар жазуға көңіл бөлу жөнінде және қазақ халқының ерлікке толы даңқты тарихын насихаттау мақсатында оны мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына қосу туралы ұсыныс айтқым келеді.
-Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!