“Айқын” Республикалық қоғамдық саяси газет
Ізденістердің алғы шебінде
Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет басшысының қойған талаптарын жүзеге асыруда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жемісті жұмыс істеп келеді.
ҚазҰУ – отандық кадрлардың басты ұстаханасы. Біздің университеттің басты мақсаты – Қазақстанның зияткерлер элитасын, көпшілік құрметтейтін тұлғалар дайындау, заман талабына лайық білім беру және жаңаша дағды қалыптастыру. Алға қойған мұндай межеге оқу мен ғылымдағы ізденістер арқылы қол жеткізуге болатыны түсінікті.
Қазіргі таңда университетте «Ғылым әлемі» атты халықаралық жас ғалымдар мен студенттердің конгресі өмірге келді. Бұған дейін оның орнында студенттік ғылыми конференциялар жұмыс істеп келген болатын. Конгресс аясында түрлі бағыттар, студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің түр-түрлері біріктірілген. Жүзден астам секциялар жұмыс істейді, факультетерде «дөңгелек үстелдер» және танымал ғалымдармен, саясаткерлермен кездесулер, олимпиадалар, байқаулар, диспуттар мен сайыстар, интеллект-шоу ойындары ұйымдастырылады, газеттер, жас баспагерлердің тырнақалды кітаптары, бюллетеньдер шығарылады.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартылған студенттердің жыл сайын өсіп отырғандығы көңіл қуантады. Бұл тек классикалық студенттік ғылыми конференцияларды ғана емес, пәндік олимпиадаларды, үздік ғылыми жұмыстарға арналған конкурстарды өткізу, баяндамалар тезистерінің жинақтарын шығару, студенттердің гранттары мен шәкіртақы бағдарламаларына қатысу нәтижесінде мүмкін болып отыр.
Университетте тағы бір игі дәстүр қалыптасқан. Бұл – университет күндері, баспалар мен телеарналардың, холдингтер мен газеттердің ҚазҰУ-дағы күндері, университеттің танымал түлектерімен кездесулер. Мәселен, Халық Қаһарманы, Ресей Батыры – Талғат Мұсабаев, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов, М.О.Әуезов қорының президенті Мұрат Әуезов, Қазақстанның Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі және басқа да белгілі тұлғалармен болған жүздесулер студенттер қауымына үлкен ой салды, бүкпесіз, ашық айтылған әңгімелердің тағлымдық, ғибраттық мәні зор болды дер едік.
Оқу орнының ұжымы өмірден озған, уақытында өнегелі еңбек еткен ғалымдарды, қайраткер азаматтарды еске алып, олардың есімдерін ел жадында мәңгілік қалдыру ниетінде игілікті істер атқаруда. Солардың қатарында қоғам және мемлекет қайраткері, ғылым мен білімнің ұйымдастырушысы академик Өмірбек Жолдасбековтің туғанына 80 жыл толуына орай бірінші халықаралық Жолдасбеков симпозиумы өткенін, сонымен қатар осы жиын аясында ҚазҰУ қалашығындағы Студенттер сарайы жанынан академикке арналып ескерткіш ашылғанын айта кеткен жөн. Ұлттық баспасөзіміздің тарихы бойынша тұңғыш кандидаттық және докторлық диссертациялар жазған, Қазақстан ұлттық журналистикасы ғылымы мен білімінің негізін салушы Хайыржан Бекхожиннің 100 жылдық мерейтойына арналған кітаптың тұсаукесері де университет көлемінде айтулы шара ретінде өтті. Журналистика факультетінде ұйымдастырылатын «Барманқұлов оқулары» дәстүрге айналған. Биыл осы шара шеңберінде «Ақпараттық қоғам жағдайындағы электронды БАҚ: ұлттық және жаһандық мәселелері, таяу болашағы» атты басқосу өткізілді. Бұл жиын Қазақстандағы телевизия мен радио журналистиканың негізін салушы, белгілі ғалым, педагог Марат Барманқұловтың журналистик қызметін насихаттауға арналды. Бір атап өтерлігі: осы шаралардың барлығына да университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың өзі қатысты.
Бүгінгі таңда университтеттерге жүктеліп отырған міндет - әлемдік нарық жағдайда бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Ол үшін мәдениетті, білікті тұлғаны, шығармашылық тұрғыда ойлайтын, өзін-өзі жетілдіруге және өзін-өзі дамытуға қабылетті, азаматтық жауапкершілікті меңгерген және құқықтық саналы маманды қалыптастыру. Осындайда Мемлекет басшысының: «Оның жанары жаңа білім көздерін ашуға ұмтылып, жанып тұруы қажет. Оның ақыл-ойы ең күрделі мәселелерді шешуге дағдылануы қажет. Ол дені сау, мықты әрі сымбатты болуы қажет» дегені ойға оралады. Сөз жоқ, біздің университетімізде оқитын әрбір жас осы келбетке сай болатындығына еш күманданбаймыз.
Бүгінгі студенттің ертеңгі тағдыры да, яғни оқу орнын бітіргеннен кейінгі жағдайы да ойландырмай қоймайды. Бұл ретте университеттің мансап секторының алғашқы қадамдары қүптарлық. Аталған сектор түлектердің жұмысқа орналасуына, олардың кәсіби өсуі мен жоғары қызметтерге қол жеткізуіне қолғабыс жасап келеді. Осында студенттер бос қызмет орындары туралы, сондай-ақ тәжірбие алмасу және тәжірбиеден өту бағдарламаларына қатысуға мүмкіндіктер жөнінде ақпараттар ала алады. Кадр жәрмеңкесін өткізудің дәстүрге айналып келе жатқанын айта кеткен жөн. ҚазҰУ-мен екеуара келісімшартқа отырған компаниялар студенттердің өндірістік тәжірбиелерін ұйымдастырып, болашақта жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз ететіндіктеріне сенім білдіруде.
ҚазҰУ – бүгінгі қоғамда жоғары сапалы элиталық білім беру орталығы ретінде талассыз мойындалған. Еліміздің интеллектуалдық элитасы осында шоғырланған. Біздегі студенттік қауымдастық – жиырма мыңға жуық студенттен тұратын әлеуетті қоғам. Олардың үштен екісі – мемлекеттік гранттық білім алу жүйесімен оқитын еліміздің ең үздік мектептері мен гимназия түлектері және «Алтын белгі» айрықша белгісінің иегерлері мен үздік аттестат иелері, сондай-ақ беделді байқаулар мен олимпиадалар жеңімпаздары, аймақтық және республикалық жастар ұйымдарының көшбасшылары. Қорыта айтқанда, біздің университетміз әрдайым ғылыми және рухани ізденістердің алғы шебінде болып, отандық ғылым мен білім берудің озық дәстүрлерін сақтап және дамытып, ізгілік пен оқу-ағарту идеяларына қызмет ете беретін болады.
Алмагүл ҚҰРМАНБАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің оқытушысы, доцент,
Алматы