ҚР Жер қойнауы және оны пайдалану туралы заңнаманың қалыптасуы мен даму мәселелері қаралды

28 наурыз, 2011

25 наурызда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті экологиялық және аграрлық құқық кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманың жаңалықтары: қалыптасу және даму мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаларының дамуы мен жетілдірудің және олардың іс жүзінде қолданудың теориялық-тәжірибелік мәселелерін талқылауға арналды. Ғылыми басқосуға «Шеврон» корпорациясы Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы құқықтық кеңесшісі Жұмагелді Елубаев, «Эквитас» заң фирмасының құқықтық кеңесшісі, ҚР Жоғары Сотының отставкадағы судьясы В.М.Ким, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің су заңнамалары бойынша штаттан тыс кеңесшісі И.А.Петраков, Б.Бейсенова атындағы ІІД Академиясы азаматтық-құқықтық тәрбие кафедрасының доценті С.Д.Бекішова (Қарағанды), NJ Company директоры Н.Сабирова және ҚазҰУ-дың заңгер, экономист ғалымдары қатысты.

Конференция Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы және оларды ары қарай жетілдіру мәселелері, Жер қойнауын пайдалану саласында табиғи ресурстарды пайдалануды құқықтық реттеу мәселелері мен заманауи жағдайы, Қоршаған ортаға жер қойнауын пайдалану операцияларымен келтірілген залалдың орнын толтырудың құқықтық мәселелері, Жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялық қызметті құқықтық реттеу, Жер қойнауын және өзге табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төленетін экологиялық алымдар мен төлемдерді құқықтық реттеу мәселелері, Жер қойнауын пайдалану операцияларына қойылатын экологиялық құқықтық талаптар: жүзеге асыру тетігі және мәселелер және ТМД елдерінің жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану заңнамасына салыстырмалы талдау жасау және әлемдік интеграция жағдайында оларды сәйкестендіру мәселелері сияқты өзекті тақырыптарды қамтыды. Академик Сұлтан Сартаев конференцияны өоғам алдында түрған өзекті мәселелерді шешуге арналуымен құнды деп атап өтіп: «Конференция ғылыми тың ой тудырады. Ғалымдарымыз басқоса отырып сол ой шешімдерін береді», - дейді. Конференция соңында баяндама жинақтарынан құралған «Проблемы правового обеспечения экологической безопасности в Республике Казахстан» кітабы көпшілікке таратылды. Өз кезегінде Шеврон» корпорациясы Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы құқықтық кеңесшісі Жұмагелді Елубаев мұндай бастамалар үлгі болуға лайық екендігін айттса, Ғылыми басқосу қатысушылары конференциядан кейін Парламент мәжілісіне хат жолдайтындықтарын айтты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі