Жас ғалымдар мәселелері талқыланды

19 сәуір, 2011

18 сәуірде кезекті ректорат мәжілісі 15 сәуірде дүниеден озған география ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰУ-дың география факультетінің деканы, ғылыми жұмыс жөніндегі проректор қызметтерін атқарған, геоэкологияның негізін қалаушы Анатолий Васильевич Чигаркинді еске алу минутынан басталды.

Халықаралық деңгейдегі магистрлер мен PhD докторларын дайындау туралы Бірінші проректор МұхамбетқалиБүркітбаевтың хабарламасы талқыланды. Әр жылғы есептік көрсеткіштер салыстырмалы түрде қаралған. Соңғы 2010-2011 жж. шетелде іс-тәжірибеден өтуге 59 докторант пен 97 магистрант барған. Сондай-ақ, екіжақты диплом бағдарламасына жаңа мамандықтар енгізуге факультеттер тарапынан ұсыныстар келіп жатқандығы туралы хабардар етті.

«әл-Фараби» магистрлері мен PhD докторларының қауымдастығын құру жөнінде философия және саясаттану факультетінің 2-курс магистранты Д.Сүндетбаев қауымдастықты басқару құрылымы, жоспарда тұрған атқарылатын жұмыстар барысымен (кеңес, атқарушы директор мен комитет жұмысы) таныстырды. Осы орайда ҚазҰУ жанындағы Британдық түлектер клубының ақпараттық-ресурстық орталығын құру жөнінде Қазақстанның британдық түлектер клубының төрағасы А. Умиржанов та өз жобасымен ректорат мәжілісіне ұсынды.

Сапа менеджменті және ақпараттық-аналитикалық зерттеулер бөлімінің бастығы Гүлшат Минажева университеттің сапа менеджмент жүйесінің жаңа деңгейге өтуі туралы баяндама жасап, Жапондық Кайдзен стратегиясы туралы толық ақпарат берді. Бұл бағдарлама Жапонияда университет ұжымын үнемі жоғарғы көресткіштерге қол жеткізу үшін озық, жаңа идея ұсынуға жасалған. Аталған бағдарлама бойынша барлығы 70 жоба келіп түсіп, олар мазмұнына қарай іріктелген.

Ректорат мәжілісінде Экономикалық және өндірістік мәселелер жөніндегі проректор Евгений Анның Оңтүстік Кореяға барған іс-сапары мен заң факультетінің деканы Дәулет Байдельдиновтің Қытай Халық Республикасындағы «Синьцзян» университетіне барған сапарының қорытындылары қаралды. Іс-сапар барысында «Синьцзян» университеті мен ҚазҰУ арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім-шарт жасалды. Осы келісім-шарт аясында «Синьцзян» университетінде ҚазҰУ-дың 10 магистранты мен 2 оқытушысы 6 айдан бір жылға дейінгі уақыт мерзімінде ғылыми іс-тәжірибеден өтуге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, экономикалық және әлеуметтік география кафедрасының профессоры Шәріпжан Нәдіров Германиядағы Лейбниц-институтында іс-сапарда болып қайтты. Институт өз журналында біздің оқытушы-профессорларымыздың мақалаларын жариялауға, Лейбниц-институтының аймақтық география департаментінің директоры, профессор Иоахим Бурдак ҚазҰУ-дың PhD докторанты А.Боранғалиеваға ғылыми жетекшілік етуге келісімін берді. География факультетінің оқытушы-профессорлары 6 ай мен 1 жыл көлемінде іс-тәжірибеден өтуге мүмкіндіктері бар.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі