«Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетіне бір ғасыр толды
22 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен тұңғыш ұлттық мерзімді басылымдар «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінің жарыққа шығуының 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Алғашқы қазақ басылымдарының ұлттық журналистика тарихындағы салмағын, маңыздылығын, үлесін жан-жақты қарастырған басқосуға университет ұжымымен қатар отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ғалымдар, әдебиетшілер, тарихшылар және зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты.
Зерттеуші-ғалымдар қос басылымды жалпыұлттық демократиялық баспасөз көшбасшылары деп атады. Бұл басылымдар ХХ ғасыр басындағы ұлт өмірінің, қазақ қоғамының айнасы болды. Ұлттық журналистиканың дамуы осы басылымдардан бастау алады дейді конференция қатысушылары.
Басылым беттерінде көтерілген мәселелер бүгінде де күн тәртібінен түспей, сол кездегі тақырыптар бүгін де маңыздылығын жоймағандығын тілге тиек еткен ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов: «Айқапта» жарияланған М.Дулатұлының «Оян, қазақ!» мақаласы халықтың көзін ашқан, бұқаралық ойға сәуле сепкен туынды. «Айқап» журналы қазақ халқының көзінің қарашығы атанса, «Қазақстан» газеті ел жанарының ағы бола білгені ақиқат. Қазақ баспасөзінің демократиялық құндылықтарын ұстану жолында халқының құлағы һәм көзі бола білген «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газеті бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарындағы дәстүрлер жалғастығына үлгі болары сөзсіз», - деп атап өтсе, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев: «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газеті қазақ тағдыры мен тарихында қалдырған ізінің маңызын аңғару үшін екі мәселені терең түсінуіміз қажет. Олар – ұлтшылдық пен ағартушылық. Осы екі мәселені жетік түсінбей қазақ тарихын тану қиын. Осы ретте қазақ зиялыларымыздың бұл басылымдарды жарыққа шығаруы – ағартушылық жұмыстардың жеңілдеп, елдің санасын оятып, ұлтазаттық идеологияның қалыптасуына үлкен үлес қосқанын ерекше атап өтеміз. Бұл қос басылым аз ғұмырда халықты, ұлт-азаттық көтеріліске тұрғыза білді десек, артық айтқандық емес», - деп түйіндеді.
«Айқап» патшалық дәуір қалдықтарынан құтылуды айтса, «Қазақстан» ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жаңа белестерге жетеледі. Баспасөз, көсемсөз және ел тарихында ойып орын алған басылымдардың бір ғасырлығы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тұспа-тұс келуі – ғылыми жиын қатысушыларын пайымдауынша, қазақ елінің рухани өміріндегі, бұқаралық ақпарат құралдарының тарихындағы елеулі оқиға.
«Тұңғыш ұлттық мерзімді басылымдарымыздың 100 жылдық мерейтойы тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына сәйкес келді. Демек, «Айқаптың» тойы, «Қазақстанның» тойы оның шығарушылары мен оқырмандарының арман-тілектері мен мақсат-мүдделерінің іске асу тойы деп түсінгеніміз абзал. Кезінде ұлттың рухани ұйытқысы және ақпараттық-танымдық міндет атқарған басылымдар бүгінде тарихымызда баға жетпес тарих көздеріне айналып отыр. Себебі оларда сол кездегі қоғам өмірі, ұлт тарихы жан-жақты көрініс тапқан. Қара түнек патшалық кезеңде үміт сәулесіндей болып бірінен соң бірі жарық көрген «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газеті өз кезеңінде ұлттық сананың оянуына өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан да олар еш ұмтылуға тиісті емес», - дейді ҚазҰУ-дың тарих факультеті деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушісі Қамбар Атабаев.
Қазақ баспасөзі ізашарларының үлес-салмағын бағалаған конференция одан кейін журналистика, филология, және тарих факультеттерінде қазақ баспасөзі мәселелерін көтерген дөңгелек үстелмен жалғасты.
«Айқап» қоғамдық-саяси және әдеби журналы тұңғыш рет қазақ тілінде 1911 жылы Троицкі қаласында басылып шықты. Басылым редакторы ұлтымыздың көрнекті де, талантты көсемсөзшісі Мұхамеджан Сералин. Журнал бетінде С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Жолдыбаев, С.Көбеев, Б.Қаратаев сияқты танымал қоғам қайраткерлері мен жазушылардың шығармалары жарияланды.
«Қазақстан» газеті қазақ және орыс тілдерінде 1911-1913 жылдар аралығында Орда қаласында шығып тұрды. Басылым редакторы қызметін Елеусін Бұйраұлы атқарды. Газет қазақ қоғамының ілгері басуына ерекше ықпал етіп, жалпы демократиялық және ағартушылық бағытқа жол ашты. Үш жыл ішінде оның 18 саны ғана жарық көрді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі