"ҚазАқпарат" Ұлттық ақпарат агенттігі

31 мамыр, 2011

ҚазҰУ корейлік әріптестерімен бірлесіп, көпфункциональды электронды тақта шығару инновациялық жобасын жүзеге асырмақ

АЛМАТЫ. 30 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - ҚазҰУ шетелдік әріптестерімен бірлесіп көпфункциональды электронды тақта шығару инновациялық жобасын жүзеге асыратын болады.

Жақында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Оңтүстік Кореяның «BLUE COP SECURITY & SYSTEM» компаниясы екі жақты көпфункциональды электронды тақта шығару келісімшартына қол қойды. Көпфункциональды электронды тақта өз кезегінде оқу үдерісі материалдарының сапасын арттырып, 30%-ға дейін үлкейтіп көрсетіп, уақыт үнемділігін қамтамасыз етеді.

Жоғары технологиялық өнім ғылым-білім саласында жоғары сұранысқа ие. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келген сапары барысында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жоғары технологияның көпфункциональды мүмкіндігімен танысып, жобаға оң бағасын берген болатын. Сонымен қатар, жобаны бірігіп жүзеге асыру барысында «Jipyung+2 International CO., Ltd» компаниясымен келісімшартқа қол қойылған.

Кездесу барысында сонымен қатар PhD докторларын даярлау және университетті заманауи ғылыми-зерттеу техникаларымен жабдықтау үшін Германияның «PHYWE» компаниясымен әріптестік келісімге де қол қойылған еді. ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов: "Жоғары сұранысқа ие, жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыру бізді қуантады. Мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін ҚазҰУ-да әлеует және ғылыми-өндірістік кадрлар да жетерлік. Бұл жұмыстарға студенттер де жұмылдырылады", - деп атап өткен болатын.

Ағымдағы жылы ҚазҰУ-да "Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына - 20 инновация" ұранымен университет ғалымдарының, оқытушылар мен студенттердің 20 инновациялық жобасы жүзеге аспақ. Жобаларды дайындап, қолданысқа енгізу үшін университетте ғылыми-зерттеу жұмыстар нәтижесін және тәжірибелік-құрастырма жұмыстарын коммерцияландыру мен технологиялық трансферттеу орталығы құрылған.

Инновациялық жобалар нано- және биотехнология, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, медицина, ақпараттық технологиялар және қауіпсіздік сияқты бағыттарда жүргізілмек. Сонымен қатар, қызмет көрсету саласында инновациялық жобалар жасалып, жоғары білікті маман-кадрлар дайындауда жаңа ғылым-білім бағдарламасы жасалатын болады.