"Заң" республиканская ежедневная газета
Құқық ілімінің білгірі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, қылмыстық құқық пен криминология саласының маманы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арықбай Ағыбаев жетпістің желкенін жоғары көтерген шағында да шәкірттері үшін алып тұлға. Бұл – ғалым ізденісіне, ұлағатты ұстаз еңбегіне берілген баға. Қабдоловша айтсақ, «өз уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын» адамгершілік пен парасат, кемеңгерге тән қасиеттердің иесі Арықбай Нүсіпәліұлы 1941 жылдың 15 маусымында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Талап селолық кеңесі, Қастек ауылында дүниеге келді. Болашақ ғалымның балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тап келді. Бастауыш мектепті төрт жыл бойы алыс ауылға қатынап оқыды.Комсомолдық жолдамамен туған ауылында шопан болып еңбек еткен кездерінде де болашақ ғалым маңызды мақалаларымен баспасөз беттерінде бұқараның назарын аударып, «Нүсіпәлінің тілші баласы» деген атаққа ие болды. «Әке көрген оқ жонады», қанша дегенмен тегінде бітім айту қасиеті болып, арғы атасы Нарботаның би ретіндегі әділ шешімдерінің санаға сәуле түсіруі жас дарынды әділдікпен күрестің қиын жолына салып жіберді. Бұл «би бабаларыңның жолын жалғастыр, ізін өшірме» деген ана ақылы еді. Атақты ҚазҰУ-дің заң факультетіне атақты бидің жас ұрпағы үлкен қиындықпен қабылданды. 1967 жылы осы оқу орнының заң факультетін Лениндік стипендияның иесі бола жүріп, үздік тәмамдаған Арықбай Нүсіпәліұлы ғылыми кеңестің шешімімен Ғылым Академиясына жолдамамен жіберіледі. Қазақ КСР Ғылым Академиясының философия және құқық институтында ғылыми қызметкер бола жүріп, құқық қорғау жүйесі мен әділсоттылықты құқықтық тұрғыда дамыту бағытындағы көптеген маңызды ғылыми еңбектер жариялайды. Ғылымға деген құштарлық болашақ ғалымды КСРО Ғылым Академиясының мемлекет және құқық институтының аспирантурасына алып келді. 1970 жылдың қарашасынан 1973 жылдың наурызына дейінгі аралықта ғұлама ғалым, әйгілі ұстаз Петр Ромашкиннің жетекшілігімен осы Академияның диссертациялық кеңесінде «Билікке және қызмет бабына қиянат жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Заң ғылымының кандидаты Арықбай аға туған еліне қайта оралып, философия және құқық институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасып, құқықтық білімді дамыту майданына белсене кірісіп кетеді.
Отандық заңгерлердің қара шаңырағы, Ұлттық университеттің абыройын асқақтатуда Мұхтар Әуезов, Асқар Закарин, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Яхия Әубәкіровтердің қатарында Арықбай Ағыбаев есімінің қатар аталуы заңды құбылыс, михнатты еңбектің жемісі. Қылмыстық құқық және криминология кафедрасы меңгерушісі қызметтерін он жыл еш сөгіссіз, бек сеніммен атқаруының себебі – ғалымның тиянақтылығында, еңбекқорлығында жатыр. Құқықтық реформаның кезеңдік табыстары мен жүргізілу бағытына ұдайы теориялық шолу жасап отыратын Арықбай Нүсіпәліұлы – қылмыстық құқық ғылымының білгірі. Университетіміздің заң факультетінде өшпес ізі бар Тайыр Күлтелеев, Василий Маркелов, Кәлимолла Халиқов, Нәжімеддин Мұқитдинов, Әбдез Стамқұлов, Асабай Мамытов, Көбен Әбжанов, Сергей Булатов, Сағындық Байсалов, Еркін Жәкішев, Қалауша Бегалиев, Ғайрат Сапарғалиев сынды өмірден өткен әріптестерінің әр игі ісін студенттерге айтып отыруын ғалымның өткен күндерге, қимас жандарға деген сағынышы деп есептейміз.
Ол жаңа Қылмыстық кодексінің жобасын жасауға белсенді қатысты. Жалпы көлемі 670 баспа табақтан асатын 560-тан астам ғылыми еңбектердің авторы. А.Ағыбаев тәуелсіздік алған алғашқы жылдары тұңғыш рет мемлекеттік тілде «Сот құжаттарының үлгілері» (1995, 10 б.т.) деген еңбек жазды. Бұл еңбек Қазақстан Республикасындағы сот жүйесінде, сот құжаттарын заң талабына сәйкес әзірлеудің жүзеге асырылуына қосылған құнды қазына болып табылады. Ғылыми-педагогикалық қызметті атқарумен бірге ол 26 ізденушінің кандидаттық диссертациясына жетекші, 4 ғылым докторына ғылыми кеңесші болды. 1998 жылдан бері 7 халықаралық ғылыми-теориялық, 21 республикалық ғылыми-практикалық, ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, құқықтық реформаның өзекті тұстарын талқылады. Сот әділдігін қалыптастыру үшін 1995 жылдан бері А.Ағыбаев Жоғарғы Сот жанындағы Ғылыми Консультативтік кеңестің мүшесі ретінде талай игі бастамалардың басында тұрды. «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» қоғамдық ұйымының басқарма мүшесі, көптеген құқықтық журналдардың редколлегия мүшесі. Халықты құқықтық сауаттандыру мақсатында 1981-1990 жылдары Қазақ теледидарында «Адам, қоғам және заң» телехабарының қоғамдық негіздегі жүргізушісі болды. 1998-2001 жылдар аралығындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторлық диссертация қорғау жөніндегі Диссертациялық кеңесінің ғалым хатшысы, мүшесі ретінде қазақ ғылымының плеядасын жас ғалымдармен толықтыруға септігін тигізді. Тарих пен құқықты бөле қарамайтын ғалым заң саласындағы ғылыми еңбектерімен бірге әдебиет, тарих тақырыптарына да көптеген еңбектер жазды. Қарасай батыр, Сүйінбай, Жамбыл, Сұраншы, Сүттібай мен Нарбота би жөнінде жазған бірнеше тарихи очерктері үшін оған халықаралық Жамбыл Жабаев атындағы сыйлық, осы ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілді. Ғалым еңбегі Елбасы мен Үкімет тарапынан да ескеріліп, профессор А.Ағыбаевқа 2003 жылдың 8 желтоқсанындағы Президент Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. 2003 жылдан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, 2005 жылдан Қазақстан Республикасы Заң ғылымдары Академиясының академигі ретінде ғылыми ортада зор бедел мен бағаға ие болды. Әрине, бұл жетістікке ғалым аяулы жары Күләш пен балаларының, немерелерінің қолдауымен жеткені белгілі. Ойымыздың тоқетерін айтқанда, Мәскеу үшін жанын берген жауынгердің ұлы Арықбай Нүсіпәліұлы Нұрбүбі анамыздың ғана емес, күллі Алаштың да үмітін ақтады.
Орынбасар ТІЛЕПБЕРГЕНОВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дің аға оқытушысы,
заң ғылымдарының кандидаты