Ректорат мәжілісінде ҚазҰУ-ды дамытуға арналған іс-шаралар жоспары тыңдалды
4 шілде күнгі ректорат мәжілісінде іс-шаралар жоспарлары бойынша ҚазҰУ проректорлары баяндама жасады. Бірінші проректор Мұқамбетқали Бүркітбаев халықаралық агенттіктерде ҚазҰУ рейтінгісін жоғарылату мен басқару жүйесін жетілдіруге кеңінен тоқталды. ҚазҰУ-дың әлемдік білім кеңістігінде академиялық танымалдылығын жоғарылату, халықаралық білім мәселесіне арналған көрмелерге үнемі қатысу және басқару нәтижеге байланысты екендігін айтып, университет дамуындағы стратегиялық бағытты үшке бөліп қарастырып, жауапты тұлғалар мен орындалу мерзімін атап көрсетті.
Келесі баяндама оқу ісі жөніндегі проректор Гүлнәр Балақаеваның оқу-әдістемелік бағыт бойынша университет алдында тұрған жоспар бойынша ақпары болды. Республикалық «Дарын» орталығы арқылы және облыстық білім басқармаларымен біріге отырып, «Әл-Фараби» олимпиадасын өткізу, бакалавриатта ағылшын тілін меңгеруге, магистратура мен докторантурада пәндердің ағылшын тілінде жүргізілуін арттыру керекті айтылды.
Ал ғылым мен инновациялық тұрғыдан даму жоспарларымен және Ұжымдық пайдаланудағы зертхана жұмысының тиімділігі туралы ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Тілекқабыл Рамазанов таныстырды. Бір жылдың ішінде университеттiң ғылыми-инновациялық құрылымдық бөлiмшелерi бөлiгiндегi зерттеу университетiне сәйкес индикатор көрсеткiштерінiң өсуiн көздеп, жұмыс күшін сол салаға бағыттау, университетте тиімді инновациялық құрылым жасап, инновациялық жобалардың коммерциализациясы мен алып жүру керектігін айтты.
Келесі тыңдалған ақпар университеттің әлеуметтік даму саласындағы шаралары бойынша тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева баяндамасы болды. Әлеуметтік дамуда ең алдымен, тәрбие ісі, әлеуметтік көмек бағдарламалары, ұжымдық мәдениет пен университет брендін көтеруге тоқталды. Осы тұрғыда әлеуметтік дамудағы студенттермен клубтық жұмыстар ұйымдастыру, ол жерде ғылыми-зерттеу, мәдени-қоғамдық, спорттық жағынан жан-жақыт жетілдіре түсу жолдары келтірілді. Тәрбие жұмысында куратор-эдвайзерлер институты жұмысын жақсартуда Куратор-эдвайзерлер кеңесі, куратор-эдвайзерлер мектебі және бағалау жүйесінің рейтингісі қаралып отыр.
Сонымен қатар, филология факультеті әдебиеттану және әлем тілдері кафедрасының профессоры Зинаида Сабитова АҚШ Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетіне іс-сапармен барып қайтқан, сол сапар қорытындысымен ректорат мүшелеріне есеп берді. Онда университеттің білім беру жүйесімен танысып, «Русский язык в современном мире: традиции и инновации в преподавании русского языка как иностранного и в переводе» тақырыбымен ІІ халықаралық конференцияға қатысқан. Студенттерге лекция оқып, өзінің оқу-әдістемелік кітабының тұсаукесерін өткізіп қайтты. Ал, механика кафедрасының меңгерішісі Айдархан Қалтаев Пекин университетінің Инженерлік колледжіне (13-15 мамыр 2011 ж.), Франция Лорангии ұлттық политехникалық институтында (30 мамыр – 3 маусым 2011 ж.) және Польшадағы Краковский ғылым мен инновация институтына (4-12 маусым 2011 ж.) іс-сапармен барып қайтты. Бұл сапарында шетелдік студенттерге лекция, ғылыми конференцияларда баяндама оқыды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі