Дамудың басты бағыты – жүйелі білім

29 мамыр, 2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылыми кеңес отырысы онлайн форматта өтті. Жиында 2021-2025 жылдарға арналған университет дамуының негізгі стратегиялық бағыттары талқыланды. 

Стратегиялық даму орталығының директоры Гүлшарат Минажева білім ордасының басты стратегиялық мақсаты –отандық және халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жоғары білікті мамандарды даярлау екенін айтып өтті.

Ол үшін академиялық көшбасшылық және адами капиталдың сапасын арттыру; ғылыми-зияткерлік экожүйені жетілдіру; корпоративтік басқару және кадрлық әлеуетті дамыту; сандық трансформация және «Ақылды» технологияларды енгізу; экономикалық өсу және инфрақұрылым; жаһандық серіктестік пен тұрақты даму бағыттарын жетілдіру қолға алынбақ.

Гүлшарат Минажева өз сөзінде шетелдік жоғары оқу орындарымен жан-жақты ынтымақтастықты, ҚР-да білім беру хабын құруға жәрдемдесу, әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде білім ордасының халықаралық деңгейде танылуы мен жеделдетілген дамудың интеграциялық моделін және университеттің жаһандық күн тәртібін әзірлеу қажеттігіне басымдық берді.


Келесі кезекте қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Жарылқасын Жаппасов 2021-2022 оқу жылына сапалы контингентті қабылдау шаралары туралы хабарлады.

Биыл білім беру гранты бойынша бакалавриатқа түсу үшін 70-ден 110-ға дейінгі шекті бал белгіленді. Олимпиада жүлдегерлерін, халықаралық байқаулардың жеңімпаздарын қабылдау бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Одан бөлек жекелеген білім беру бағдарламалары бойынша бакалавриатқа Н.Назарбаев интелектуалдық мектебінің түлектерін, ал магитратура, докторатура бойынша өңірлік ЖОО түлектерін тарту көзделуде. Оқуға бакалавриат бойынша 2021 жылдың 1 мамырынан 30 маусым аралығында, магистратураға 1 маусым мен 15 шілде, докторантураға 3 шілдеден 3 тамыз аралығында өтініштер қабылданады. Сонымен қатар қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы шығармашылық емтихан өткізу, шетелдік талапкерлерді қабылдаудағы тәртіп, қабылдау комиссиясының жоспары және басқа да биылғы жылғы талапқа сәйкес өзгертілген бағыттарға жекелей шолу жасады.

Ғылымға басымдық беру қажеттігіне назар аударған ректор Жансейіт Түймебаев барлық ғылыми бөлімшелер, институттар, зертхана және орталықтардың қызметі мен олардың коммерциализациялау әлеуетінің тиімділігін бағалауды ұйымдастыру, әлемдік және отандық экономиканы дамытудың заманауи трендын ескере отырып, барлық білім беру бағдарламаларына анализ жасауды тапсырды. Білім ордасының басшысы одан бөлек, әлемдік жетекші университеттермен әріптестік орнату, студент алмасу, қос диплом бағдарламасын жетілдіру мен биылғы қабылдау комиссиясының жұмысына ерекше мән берді. 

Сонымен қатар онлайн кеңесте «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ оқытушы-профессорлар құрамын, ғылыми қызметкерлерін байқау негізінде қабылдау ережесін» ұсыну, студенттік құрылыс жасақтары турасы, білім ордасы филиалын өзге мемлекеттердің аймағында ашу және басқа да әртүрлі мәселелер кеңінен талқыға түсті.

Жиын соңында ректор Жансейіт Түймебаев барша ұжым атынан ҚазҰУ-дың ғылыми инновациялық қызмет жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Тілекқабыл Рамазановты 60 жасқа толған мерейтойымен арнайы құттықтады.  

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі