«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

25 августа, 2011

Ата заңымыз еліміздің тұтастығы мен амандығын және ұлтаралық татулығын сақтауымен құнды - С.Әлімбекова

АЛМАТЫ. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қай мемлекетте болсын Конституция басты құжат болып табылады. Оның беделі, мазмұны, атқаратын міндеті де ерекше. Бұл жайында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті баспасөз қызметінің жетекші маманы Саягүл Әлімбекова ҚазАқпарат агенттігінің тілшісімен тілдесу барысында айтты.

«Өз тәуелсіздігін жариялап, егеменді ел атанған Қазақстан 1995 жылы 30 тамызда өз Ата заңын қабылдап, сол заңның аясында елдігін нығайтып келеді. Ата заңда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, оның ең қымбат қазынасы- адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Биыл 16 жылдығы тойланғалы отырған Ата заңымыз - мемлекетіміз бен қоғам тұрақтылығының, болашаққа деген сенім мен халқымыздың ауқатты тұрмысының, лайықты өмірінің кепілі. «Мемлекеттің құрылымын негіздеу, негізгі ережелерін анықтау» осы ұғымның бәрі ықшамдалып, басты құжат ретінде Конституцияда көрініс тапқан. Мемлекеттің құрылымы мен бірге адам және оның құқы туралы толықтай қамтылған бөлімдер Ата заңның құндылығын арттырып тұрғандай. Конституцияны бүкіл заңдардың төресі деп атаудың себебі де осында жатса керек. Ата Заңымыздың құндылығы да осы», -дейді ол.

Ата заңымыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы - адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Осы тұста С.Әлімбекова бұл - үлкен бір негіз әрі басты құндылық екендігін айтады. «Ата заңымыз еліміздегі барлық заңдардың әділ биі. Егемендіктің қайнар бастауы ол - Ата Заңымыз. Ата заңымыз елімізді өтпелі кезеңнің дағдарыстарынан сақтап, еліміздің тұтастығы мен амандығын, ұлтаралық татулығын қамтамасыз етуімен құнды», -деп атап өтті ол.

Сонымен қатар ол Ата заңымыздың 30-бабында: «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті. Азаматтың мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар. Жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңмен белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілейді. Кез келген оқу орнының қызметі осы стандарттарға сай келуі керек», - деп көрсетілген бөлімдер қазақстандық жастардың шын мәнінде құқықтарының жүзеге асып, Ата заңның жүзеге асуынан хабар беріп келе жатқандығын тілге тиек етті. «Оқуға ниет білдірген талантты студенттердің мемлекеттік байқаудан оза шауып, әділетті түрде оқу грантарын жеңіп алуы осы баптардың атқарылуын айғақтап тұр. Қоғамдағы, елдегі жаңашылдықтар мен оң өзгерістер Ата заңдағы 98 баптың өз міндетін толық атқарып келе жатқандығын байқатады», -дейді С.Әлімбекова.

Шетелдік тәжірибеге тоқталсақ, Конституция алғаш рет Англияда 1679 және 1688 жылдары құқықтар жөніндегі билль деген атпен қабылданған. Жазбаша конституция ең алғаш 1787 жылы АҚШ-та, одан кейін 1791 жылы Франция мен Польшада өмірге келген. Ал, Ұлыбританияда ешқандай конституция жоқ. Бірақ оның орнына төрт мыңға жуық заң бар. Өмірдің әртүрлі саласын реттейтін осы заңдардың топтамасын олар Конституция ретінде қарастырады. Сондай-ақ араб, мұсылман елдері Конституцияның орнына шариғат заңдарына бағынады. Шариғат әр елдің жағдайына қарай бейімделеді.