Ғылыми инфрақұрылымды дамытудың жаңа талаптары

25 қараша, 2021

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кезекті Ғылыми кеңесінде университет дамуының маңызды сұрақтары талқыланды. Күн тәртібіне ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту мен ғылымды цифрландыру, бизнес үдерістерін оңтайландыру мен цифрлық реинжиниринг және қазіргі заманғы жағдайларда қашықтан оқытуды іске асыру үшін оқытушы-профессорлар құрамының цифрлық құзыреттерін дамыту сұрақтары шықты.

Білім ордасының Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ғалымдар назарын ғылыми-инновациялық қызметті жандандыруға аударды. Жаңа препараттар жасап, оны қаржыландырумен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары мен зертханалардың жұмысын мысалға келтірді. Ғалымдарды ел экономикасын ынталандыратын және қоғам мен университетке үлкен пайда әкелетін жаңа ғылыми әзірлемелер мен өнімдерді жасауға барлық білім мен күш-жігерді жұмылдыруға шақырды. 


Жиында университеттегі ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және ғылымды цифрландыру туралы ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор м.а. Тілекқабыл Рамазанов баяндама жасады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы бар Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны. Оның құрамына жаратылыстану-ғылыми бағыттағы сегіз ғылыми-зерттеу институты мен инженерлік профилдік зертхана, әлеуметтік-гуманитарлық бейіндегі 21 ҒЗИ мен ұлттық орталық, жаратылыстану-ғылыми бейіндегі сегіз ҒЗИ мен ҰО (құрылымдық бөлімшелер), 10 Ғылым ордасының ҒЗИ және кәсіпорындардағы 97 кафедра филиалы кіреді. Тілекқабыл Сәбитұлы ғылыми-инновациялық қызмет менеджментінің жаңа құрылымы, мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ жүргізіліп жатқан жұмыстар және нәтижелер туралы айтып берді.

Баяндамада цифрландыру бойынша оқу орнының механика-математика, Экономика және бизнес жоғары мектебі, физика-техникалық, химия және химиялық технология, ақпараттық технологиялар факультеттерінде 25 ғылыми-зерттеу және инновациялық жоба табысты іске қосылғаны атап өтілді. COMSATS ақпараттық бюллетені үшін тоқсан сайын университеттің қызметі мен ғылыми жетістіктері туралы есеп дайындалады. Әлеуетті серіктестерді табу мақсатында Қазақстанның шетелдегі елшіліктерімен жұмыс жүргізілуде. Ғалымдар мен оқытушыларға халықаралық ғылыми жобалар мен тағылымдамаларды қаржыландыруды іздестіруге көмектесуге арналған SciVal Funding (Funding Institutional) платформасы жұмыс істейді. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың ғылыми журналдарымен жоспарлы жаңарту және енгізілген Google Analytics қызметтері жайлы мәлімет берілді.    

Ал университеттің бизнес үдерістерін оңтайландыру және цифрлық реинжиниринг туралы ІТ-инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз ету департаментінің директоры Нұралы Құдайбергенұлы айтты. Ол бизнес үдерістердің реинжинирингі университеттің басқару функциясы екенін алға тартып, мақсаты ҚазҰУ қызметінің маңызды көрсеткіштерін оңтайландыру екенін атап өтті. Қазіргі уақытта ол университет басқарудың ақпараттық жүйелері және бизнес үдерісін құруға бағытталып отыр. ҚазҰУ-дың Univer 2 корпоративтік жүйесі бар. Ол оқу процесін басқару, оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу, қаржы-экономикалық, әлеуметтік-тәрбиелік, әкімшілік-басқару қызметі және электрондық-білім беру ресурстары сияқты көптеген бизнес үдерістерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жүйеге 20-дан астам автоматтандырылған жұмыс орны, оқу үдерісін бақылау және талдау жүйесінің электрондық-оқу құжат айналымы, «бір терезе» қағидаты бойынша электрондық өтініш беру, студенттер тіркеу және т.б. қосылған.

Сонымен қатар кеңесте оқытушы-профессорлар қауымы өзге да өзекті мәселелерді қарастырып, өз пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ ҚазҰУ студенттеріне демеулік шәкіртақылар, оқытушыларға түрлі марапаттар табысталып, Journal of problem in computer science and information technologies журналын құру, ғылыми атақ беру туралы ұсыныстар бірауыздан қабылданды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі