Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған апталық қорытындыланды. Аптаның соңғы күні университет студенттері Сүйінбай Аронұлы және Жамбыл Жабаевтың кесенесі мен мұражайына арнайы барды.
Алдымен бір топ білім алушы жастар Жамбылдың пірі болған Сүйінбай Аронұлының кесенесіне құран оқыды. Кейін Сүйінбайдың әдеби-мемориалдық музейіне бет бұрды. Сүйінбай Аронұлы − әйгілі ақын, айтыс өнерінің майталманы. Атақты ақын Сүйінбайдың ғибратты өмірінен сыр шертетін музейде ол пайдаланған жәдігерлер сақтаулы.
Орталық меңгерушісі Мұрат Қобдалиевтің айтуынша, музейге келушілер саны жыл сайын артуда. «Сүйінбай әдеби-мемориалдық музейінің іргетасы 1991 жылы қаланып, 1996 жылы 24 тамызда ашылған болатын. Орталықта 950-ден аса жәдігер бар. Он үш қызметкер жұмыс істейді. Жыл сайын мұражайға 2000-нан аса адам келеді», – дейді музей меңгерушісі.
Бұдан соң университет студенттері мен оқытушылары қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау Жамбыл Жабаевтың кесенесіне құран оқыды. Сондай-ақ кесене жанындағы Жамбылға үкімет сыйға тартқан 12 бөлмелі үймен танысты. Қазіргі таңда бұл үй әдеби-мемориалдық музейге айналып отыр. Ақын тұрған үйге ешқандай өзгеріс енгізілмеген. Үйдің қабырғаларынан бастап, ішіндегі бұйымдарына дейін сол бұрынғы қалпында. Мұндағы қызметкерлердің ерекше күтімінің арқасында Жамбылдың көзі тірісінде қолданған заттарының көбі сол күйінде сақталған.
Жалпы, мұражайдағы көрініс тек ақынның тұрмыс-тіршілігін ғана емес, Жамбыл өмір сүрген дәуірдің бет-бейнесін көз алдыңа елестетеді. Мұндағы әрбір экспонаттың ақын өміріне тікелей қатысы бар. «Орталықта Жамбыл Жабаевқа келген хаттар, қолжазбалар, ақын домбырасы, сыйлықтары, көлігі – барлығы 3290 экспонат қойылған», – дейді Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық музейінің директоры Салтанат Жамбылова.
«Осылайша жүз жасаған абыз ақынның жырға толы өміріне шолу жасап, ақын басқан ізбен жүргендей болдық», – дейді студенттер. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Жамбыл апталығы өте жоғары деңгейде өтті. Оның бір дәлелі, міне, бүгін аталарымыздың музейіне арнайы келіп тағзым еттік. Қатты қуанып тұрмыз. Керемет әсер алдық», – дейді 3-курс студенті Жеңісбек Ұларбек.
Бұдан бөлек, Жамбыл Жабаев кесенесінің жанында қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз – Нұрғиса Тілендиевтің де мазары бар. Композитордың қайтыс болар алдындағы соңғы тілегі ұлы ақынның қасынан орын табу болған екен. Сапар барысында бір топ студенттер мен оқытушылар Нұрғиса Тілендиевтің де мазарына барып, құран бағыштады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі